National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Республика күніне орай жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсырды

2022 жылғы 22 қазан

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларды еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнімен құттықтап, 1990 жылы 25 қазанда Мемлекеттік егемендігіміз туралы декларация қабылданғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл – Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан тарихи құжат.

Президент ел шежіресіндегі аса маңызды осы күнге ұлттық мереке мәртебесі берілгенін айтып, биылдан бастап бұл мейрамды жоғары деңгейде атап өтетінімізді жеткізді.

– Әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер Республика күніне орай алғаш рет тапсырылмақ. Бұл өте орынды деп санаймын. Біз – ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған батырлар еліміз. Ерлеріміз жер шетіне жау тимесін деп әрқашан бес қаруын сай ұстаған. Ел басына күн туса, ту түбінен табылған. Сіздер сол бабалар жолын лайықты жалғастырып келесіздер. Егемендіктің бүкіл қадір-қасиеті – жердің тұтастығында және елдің тыныштығында. Осы асыл құндылықтарды өздеріңіз қас қақпай күзетіп тұрсыздар. Айбынды армиямыз және басқа да қауіпсіздік құрылымдары – мемлекетіміздің берік қалқаны, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі заманның қаншалықты күрделі екеніне тоқталып, ел қауіпсіздігін сақтау аса маңызды міндет екеніне назар аударды.

– Біз арқаны кеңге салмай, барлық салада темірдей тәртіпті сақтауымыз керек. Елге қатер төнсе, кез-келген сәтте тойтарыс беруге дайын болуымыз қажет. Туған жердің шебін күзетіп, тұтастықты сақтау – әр азаматтың міндеті. Мұны жете түсінуге тиіспіз. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті борыш, жоғары жауапкершілік. Сіздер осы жауапкершілікті терең сезініп, елдігіміздің тұғырын нығайтуға зор үлес қосып жүрсіздер. Отанымызды қорғау үшін күндіз-түні қызмет етіп келесіздер. Жас сарбаздар, ең алдымен, сіздерге қарап бой түзейді, үлгі-өнеге тұтады. Сондықтан, генерал деген айбынды атқа дақ түсірмей, офицердің ар-намысын биік ұстау аса маңызды, – деді Президент.

Қазақстанның Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы әскерилер мен арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін марапаттау олардың Отан қорғау жолындағы мінсіз қызметіне берілген жоғары баға деп атап өтті.

– Біз азаматтарымыздың бейбіт өмірі мен тыныштығын қорғап жүрген әрбіріңізді құрмет тұтамыз. Өршіп келе жатқан геостратегиялық шиеленіс жағдайында күштік құрылымдардың маңызы бірнеше есе артады. Армия, құқық қорғау және арнаулы органдар – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығының сенімді тірегі, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, оларды заманауи қару-жарақпен және техникамен жарақтандыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ қасиетті тәуелсіздігімізді, елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін қорғаныс әлеуетімізді дәйекті түрде нығайтып, бүкіл күштік құрылымдардың қызметін жетілдіре беретінін айтты.

– Ұлттық мүддеміз бен қоғамдағы тұрақтылықты қорғайтын барлық азаматты әлеуметтік тұрғыда кешенді қолдау қашан да мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Күштік құрылымдардың тиімділігі, ең алдымен, басшылықтың, яғни, генералдардың кәсібилігіне негізделген. Адамдардың өмірі мен тағдыры, қоғамдық тәртіп, елдің игілігі мен тұрақты дамуы сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге байланысты, – деді Президент.

Салтанатты рәсімнен кейін Мемлекет басшысы жаңа атақ-шен алғандардың баршасын құттықтап, ер-азамат үшін халқына қалтқысыз қызмет етуден асқан бақыт жоқ екенін атап өтті.

– Қастерлі Отанымызды, қасиетті тәуелсіздігімізді қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Республика күні құтты болсын! Көк байрағымыз әрқашан биікте желбіресін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің