National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады

2023 жылғы 24 шілде

Президентке елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің есебі берілді.

Мемлекет басшысына ведомствоның жұмысында сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жоюға баса назар аударылғаны баяндалды.

Асхат Жұмағалидың айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сырттан талдау жүргізу кезінде жерді бөлу және Алматының  қала құрылысын дамыту ісін жоспарлау барысында жиі қайталанатын заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

Сонымен қатар кездесуде Мемлекет басшысына білім беру саласындағы бюджеттік өтінімдерді әзірлеу тетіктерінің жетілдірілмегеніне, қызметкерлерді бір орталықтан есепке алудың болмауына және қаржы жымқыруға әкеп соқтырған бухгалтерлік жүйелердің қазынашылықтағы деректер базасымен біріктірілуіне байланысты тәуекелдер анықталғаны жөнінде ақпарат берілді.

Президент бұл саладағы сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу маңызды екенін және процестерді цифрландыру қажеттігін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 6 айда 130 нысанға талдау және мониторинг жүргізілгені, жемқорлықты жоюға қатысты 1000-нан астам ұсыныс енгізілгені туралы мәлімет берілді.

Кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою үшін «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыру ісі жалғасады. Бұл бастама қолға алынған сәттен бері 21 мың бизнес субъектісіне көмек көрсетілді, 400-ден астам түйткілді кейс шешімін тапты.

Бұдан бөлек, Асхат Жұмағали Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірқатар заң бұзушылықтың, соның ішінде олигополия өкілдері жасаған заңсыз әрекеттердің жолын кесу, сондай-ақ келтірілген шығындарды өтеу және активтерді қайтару шаралары туралы баяндады.

Жыл басынан бері елімізде 1000-ға жуық сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелді, 700-ден астам адам әшкереленді, оның 98-і түрлі деңгейдегі басшылар.

Сотқа дейінгі аяқталған тергеу амалдарының нәтижесі бойынша 232,6 миллиард теңге өтелді.

Жалпы, 1,5 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 860 миллиард теңге көлемінде мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстарды жалғастыруды, әсіресе әлеуметтік маңызы бар салаларға баса мән беруді тапсырды. Сондай-ақ алдын алу шараларының аса маңызды екенін айтты.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің