Президентке ведомствоның биылғы үшінші тоқсанның басынан бері атқарған жұмыстарының негізгі нәтижесі мен бұған дейін берілген тапсырмаларының орындалу барысы және алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан аумағында лаңкестік әрекет жасауды жоспарлаған радикалды топтың құрықталғаны туралы баяндалды. Террористік қылмыстар бойынша 7 сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды және 3 экстремист сотталды.
Ермек Сағымбаевтың айтуынша, терроризмге қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру мақсатында ҰҚК Терроризмге қарсы орталығы 103 оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына криминогендік ахуалды жақсарту жұмыстарының нәтижелері туралы баяндалды. Атап айтқанда, қоғамға қауіп төндірген 5 қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілді. Заңсыз қару айналымына қатысы бар 2 арна жойылды. Ұлттық қауіпсіздік органдары полициямен бірлесіп, қару жасырылған 12 орынды анықтады. Жалпы саны 59 қару, 3 граната және 3 339 оқ-дәрі тәркіленді.
Есірткіге қарсы күрес барысында 7 зертхана, 8 халықаралық және аймақтық есірткі тасымалының жолы кесілді. 660 келіден астам есірткі және 17 тоннадан аса прекурсор тәркіленді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік шекараны қорғау және заңсыз көші-қонмен күрес саласында 4 257 құқық бұзушы ұсталды. Құны 3,8 миллиард теңгеден асатын валюта мен тауарлардың заңсыз тасымалдануына жол берілмеді. Сондай-ақ қару, оқ-дәрі және есірткі алып өтуге қатысты 120 әрекетке тосқауыл қойылды.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында еліміздің аса маңызды инфрақұрылым нысандарына жасалған 36 миллионнан астам кибершабуыл мен 866 DDoS-шабуыл тойтарылды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмыс бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.