National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің Астана қаласында өткен Тарихшылардың ұлттық конгресінің форумында сөйлеген сөзі

Қадірлі қауым!

Құрметті жиынға қатысушылар!

 

Баршаңызды Тарихшылардың ұлттық конгресінің ашылуымен тағы да құттықтаймын!

Бұл – өзіндік дәстүрі бар, елдің рухани өмірінде айрықша орын алатын маңызды жиын.

Ең алдымен, іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Бүгін ортамызда еліміздің беделді тарихшы ғалымдары отыр.

Өздеріңізбен жүздескеніме қуаныштымын.

Қазір ғана негізгі баяндамашыларды тыңдадық.

Тарих ғылымын дамытуға қатысты салмақты ойлар ортаға салынды. Саладағы негізгі проблемалар сөз болды.

Кейінгі жылдардағы бірегей жетістіктер туралы айтылды. 

Мәмбет Қойгелдиев ағамыздың жаңа ғылыми категорияларды енгізу жөніндегі ұсынысын ғалымдар жылы қабылдады деп ойлаймын.

Ханкелді Әбжанов ағамыз ғылымдағы плагиатқа тосқауыл қою туралы дұрыс айтты.

Мұны аға буынның қамқорлығы, салаға жанашырлығы деп қабылдаймыз.

Радик Темірғалиевтің баяндамасы да мазмұнды болды. Ғалымдарымыздың халықаралық деңгейде мойындалуы, мемлекет пен ғылым арасындағы үйлесімді жұмыс туралы пікірлер орынды.

Тарих мәселесімен айналысатын бес институт бірігіп, ұлттық тарихымыздың біртұтас академиялық жүйесін қалыптастырып отыр.

Бұл институттарға басшылық ететін Зиябек Қабылдинов, Ақан Оңғарұлы, Дүкен Мәсімханұлы, Нұрбек Пұсырманов, Жақсылық Сәбитовтер де тұшымды ой-пікірімен бөлісті.

Барша баяндамашыға алғыс айтамын. 

Шын мәнінде, тарих – ең қастерлі қазынамыздың бірі.

Өз халқыңның жылнамасын жазу – қаншалықты үлкен мәртебе болса, соншалықты зор жауапкершілік.

Сіздер осы жауапкершілікті терең сезініп, зор қажыр-қайратпен жұмыс істеп жүрсіздер.

Ұлтқа, ұлт мүддесіне қызмет ету дегеніміз – осы.

Қазір еліміздегі тарих ғылымында жаңғыру кезеңі жүріп жатыр.

Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы айрықша әсер еткені сөзсіз.

Бұл туралы баяндамашылар да айрықша атап өтті.

Мақала басқа да салалармен қатар, тарих ғылымының дамуына тың серпін берді.

Өздеріңіз жақсы білесіздер Президентіміз осы еңбегінде «Әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс» деп нақты ұстанымын жеткізді.

Тарихымызды жүйелеп, қайта жазу қажеттігі туралы мәселе көтерді.

Осыдан соң халқымыздың төл шежіресімен жүйелі түрде айналыса бастадық.

Міне, бүгін мақала жарық көргеннен төрт жыл өткен соң, төрт көз түгел жиналып отырмыз.

Орайлы сәтті пайдаланып, атқарылған шараларды бір қорытындылап алған жөн деп санаймын.

Осы жылдарда қыруар жұмыс жасалды.   

Соның бір жемісі – «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдық еңбек.

Академиялық басылымның әр томына арнаулы ғылыми институт жетекшілік етті.  (Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты; Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты, Жошы Ұлысын зерттеу институты, Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты; Мемлекет тарихы институты).

Бірегей еңбекке елімізден 250 тарихшы қатысты. Сондай-ақ, жүздеген ғалым көптомдықтың қосалқы авторы болды.   

Басылымға 40-тан астам археологиялық зерттеу жұмыстары, тарихқа, археологияға және этнографияға қатысты 300-ге жуық еңбек енді. 

Халықаралық форумдардың, ғылыми конференциялардың, дөңгелек үстелдер мен әдістемелік семинарлардың аясында арнайы секциялар өтті.

Онда ғылыми зерттеулердің нәтижесі тексерілді, сондай-ақ шетелдік ғалымдар, сарапшылар және мамандар өз ұсыныстарын берді.

Жеті томдық – бұған дейінгі төл тарихымызды жазуға бағытталған ірі жобалардың, іргелі еңбектердің жалғасы.

Сондықтан, бұл жұмыстарды бөліп-жармаймыз. Біртұтас еңбек ретінде қараймыз. Бұл – ортақ жұмыстың жемісі.

Тарих ғылымы үнемі дамып отырады. Жаңа деректер, тың тәсілдер пайда болады.

Бұл академиялық басылымды ұрпақ алдындағы бір парызымыздың орындалуы деуге болады.

Ұлттық жобаның негізгі жаңалықтары мынадай:  

Біріншіден. Жеті томдықта еліміздің көне дәуірлерден бүгінге дейінгі тарихын толық жүйелеп, жан-жақты саралауға ерекше мән берілді.

Басылымның алғашқы томында Ұлы даладағы айрықша өркениет пен дүниетанымның қалыптасуы, Сақ-Үйсін, Ғұн дәуірі, оның түркі кезеңімен байланысы туралы баяндалады.  

Екінші томда Түркі қағанатының қалыптасуы мен даму кезеңі қамтылған. Алып империяның ұлы дала өркениетіне тигізген әсері баяндалған. Сондай-ақ, осы томда Қазақстанның қазіргі аумағында болған 14 түркі мемлекеті туралы жан-жақты жазылған. Мұның өзі мемлекеттілігіміздің тарихы тереңнен тамыр тартатынын айғақтайды.

Үшінші томда «Алтын орда» кезеңі, Ұлық ұлыстың саяси және тарихи дәстүрлері, оның халықаралық аренадағы ықпалы жөнінде жазылған. Бұған қоса Жошы ұлысының Қазақ хандығының жолашары ретіндегі рөлі, өркениеттер арасындағы сабақтастық сипатталған.

Ал,  төртінші және бесінші томдарда «Алтын Орда» ыдырағаннан кейінгі Еуразия кеңістігіндегі ахуал, алып империяның заңды мұрагері Қазақ хандығының құрылуы және даму жолы баяндалған.

Алтыншы томда «Алашорда», «Түркістан» үкіметтерінің тарихы, ұлт зиялыларының азаттық жолындағы күресі сипатталған. Сондай-ақ, Қазақ Автономиясының құрылуы, 19-20 ғасырлардағы мемлекетшілдік рухтың көрінісі жөнінде жазылған.

Ал, басылымның жетінші томында Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы баяндалады.

Жалпы, жаңа академиялық еңбек мыңжылдықтармен өлшенетін тарихымызды біртұтас шежіре етіп жеткізіп отыр.

Екіншіден. Алғаш рет «Алтын орда» – «Ұлық ұлыс» туралы жеке том жазылды.

Бұл ұлттық тарих іліміндегі ең айтулы жаңалықтың бірі болмақ.

Осыдан біршама уақыт бұрын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Жошы ұлысы» институты құрылғанын білесіздер. Бұл томды жазуды осы институт толықтай өз мойынына алды. Осы еңбекке Түркі Академиясы да үлес қосты.

Мұның бәрі – мемлекет пен тарихшылар қауымдастығы арасындағы үйлесімді жұмыстың жарқын көрінісі. 

Үшіншіден. Жеті томдық арқылы ғылыми айналымға бұрын-соңды бізге беймәлім болған тың деректер енгізілмек.

Осы ретте Ватикан, Қытай мұрағаттарынан жаңа деректер шыққанын, сондай-ақ, Құтлық қағанның бітіктасы табылғанын айрықша атап өткеніміз жөн.

Төртіншіден. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деп атап өткенін білесіздер.

Жеті томдықты жазу барысында тарихшыларымыз осы қағиданы берік ұстанып келеді. Түрлі кезеңде шежіреміздің бұрмаланғаны жасырын емес. Жаңа еңбек тарихи әділдікті қалыпқа келтіреді.   

Бесіншіден. Басылым жарыққа үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) шығатын болады. Бұл қадам төл шежіремізді әлемге танытуға зор септігін тигізері сөзсіз.

Бұл еңбек, шын мәнінде, ұлттық жоба болайын деп тұр.

Ол қатардағы зерттеу жұмысы емес. 

Жеті томдықта халқымыздың ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі шежіресі толық жүйеленеді.

Әрине, академиялық басылымның елге берері тарихты зерттеумен шектелмеуі керек.

Іргелі еңбек ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына зор ықпал етуге тиіс.

Оның желісімен түрлі қойылымдар қойылып, тарихи фильмдер түсірілуі мүмкін, әдеби туындылар да жазылар.

Мұндағы деректер мектептердегі, жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларына енгізіледі.

Ертең бұл жоба сәтті жүзеге асырылып жатса, еліміздегі идеологияның, ұлттық сана-сезімнің өзегіне айналады.

***

Тарихқа талас көп.

Әрине, бұл ауқымды жұмысты жасап жатқанда көптеген пікірталас болды.  Сын да айтылды.

Жаңа да бір баяндамадан осы мазмұндағы ойларды байқадық.

Жеті томдық жарық көрген соң да түрлі пікірлер айтылатыны анық.

Мұндай дискуссиялар керек. Жалпы, сын-пікір бір орында тұралап қалмай, ілгері даму үшін өте маңызды.

Бірақ, әр сөзден, әр пікірден қорқа беретін болсақ, жұмыс өнбейді.

Десе де, осы академиялық еңбекті жазғанда ұлттық тарих ғылымы өзінің әлеуеті зор екенін анық көрсетті.

Тарихшыларымыз ортақ мүдде жолында ынтымақтаса алатынын аңғартты.

Кәсіби біліктілігі жоғары екенін дәлелдеді.

Мен, ауқымды жұмысқа атсалысып, төл тарихымызды түгендеуге өлшеусіз үлес қосқан барлық тарихшы ғалымдарға рахмет айтқым келеді.

Тарих саласындағы тағы бір елеулі жетістік ретінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін атап өтуге болады.

Оның мүшелері қазір ортамызда отыр.

Комиссия 2020 жылы Президенттің тікелей тапсырмасымен құрылды. Оның жұмысы 2023 жылғы желтоқсанда аяқталды.

Үш жыл ішінде комиссия өзіне жүктелген іздестіру-зерттеу жұмыстарына қатысты миссиясын толық орындап шықты.

Бұл іске мемлекеттік органдар мен мекемелер де атсалысты.

Әрине, барлық еңбектің бел ортасында тарихшы ғалымдарымыз жүрді.

Осы ретте аймақтардағы тарихшылардың еселі еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн.

Комиссия құрамына жалпы саны 700-ге жуық ғалым, зерттеуші және сарапшы енді.

Оның 260-тан астамы – жергілікті мамандар.

Жалпы комиссия мүшелері еліміздің әр өңіріндегі  60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивтерді зерттеді.

Ауқымды жұмыс аясында 2,6 миллионға жуық құжат пен материалдан құпиялық белгісі алынып тасталды.

Саяси репрессияға ұшыраған 311 мыңнан астам азамат ақталды.

Президент архивінің жанынан ашылған ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығына  арнайы архивтерден 688 мыңға жуық іс және репрессияға ұшыраған 48 мыңға жуық адамның есеп карточкасы тапсырылды.

Мұрағаттарда жатқан миллиондаған құжат зерттелді.

Қаншама тарихи артефактілер тарихи қорымызды толықтырды.

Мысалы, осы жұмыстардың аясында қазақтың құлагер ақыны Жүсіпбек Аймауытовтың өлеңі табылды.

Бұл – бұрын еш жерде жарияланбаған туынды.

Мұны Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Түркістандағы отырысында арнайы атап өтті.  

Сондай-ақ Семейдегі архивтерден Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қолы қойылған хаттар табылды.

Мемлекеттік комиссия зерттеген материалдардың негізінде 72 томдық жинақ дайындалды.

Оны жинақтау барысында мыңнан астам адам сұхбат берді. Соның арқасында саяси репрессиядан зардап шеккен 2722 адам жөнінде ақпарат алынды.

Жалпы, комиссия жұмысына Мемлекет басшысы үлкен қолдау білдірді.

Тағы да қайталап айтамын.

Осыншалық деңгейдегі ауқымды жұмыс алғаш рет жасалып отыр. Ешқандай елде мұндай көлемдегі зерттеу-іздестіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Ғалымдарымыз зор еңбек сіңірді.

Бұл жинақ арқылы тарих алдындағы бір парызымызды орындадық деуге болады.

Қазір табылған материалдарды жүйелеу, қалыпқа келтіру жұмысы жүріп жатыр.

Жалпы, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу – бабалар алдындағы да, ұрпақ алдындағы да қастерлі борышымыз.

Қажырлы еңбегі үшін комиссия құрамында болған барша ғалымдар мен мамандарға тағы да зор алғыс айтамыз.

Тағы бір теңдессіз еңбек – таяуда ғана жарық көрген Алаш тарихының 12 томдығы.

Бұл жинақ Алаштану ғылымын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.

Жинақты дайындау барысында партиялық-мемлекеттік құрылымдар мен арнаулы мемлекеттік архивтерде бұрын арнайы сақтауда болған құжаттардың үлкен кешені алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Барлығы 3 мыңнан астам құжат және фотосурет жарияланды.

Жинақтың әр томы 2 мың данадан шықты.

Оның бәрі еліміздегі кітапханаларға, білім ордаларына таратылып жатыр.

Көптомдықты дайындауға 30-дан астам тарихшы, архивші және археограф қатысты.

Жобаға Мәмбет Қойгелдиев бастаған белгілі ғалымдарымыз жетекшілік етті.

Орайлы сәтті пайдаланып, осы істің басы-қасында болған азаматтарға тағы да ризашылық білдіргім келеді.   

Жинақтың жарық көруі халқымыздың тарихындағы ақтаңдақтарды ашып, оның көлеңкелі тұстарын айқындауға мол мүмкіндік берері сөзсіз.

Осы Конгресстің аясында 12 томдықтың презентациясы өтеді. Сол кезде жинақпен кеңірек таныса аласыздар.  

* * *

Жалпы, мемлекет тарих ғылымын дамытуға, тарихшы мамандарды, ғалымдарды қолдауға ерекше мән беріп отыр.

Қазір ғана Мәдениет және ақпарат вице-министрі Дархан Ахмет-Заки бұл туралы толық баяндап берді.

Барды бар деп айта білу керек.

Тарих ғылымын осыншалық деңгейде қолдайтын елдер аз.

Әрине, салада мәселелер жоқ емес.

Бірақ оны біртіндеп шешіп жатырмыз.

Жүйелі жұмыс жалғаса береді.

Енді, еліміздегі архив саласының жай-күйіне қысқаша ғана тоқталсам.

Биыл «Мұрағат – 2025» бағдарламасы аяқталады.

Оның аясында Ресей, Қытай, Түркия сияқты елдердің архивтерінен алынған материалдарды қоса есептегенде миллионнан астам құжат жүйеге келтіріліп, цифрлы форматқа көшірілді. 

Жалпы, біз архив ісінде мол табысқа қол жеткіздік.

Ғалымдарымыз Ватикан мұрағатындағы құжаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

Соның арқасында тарихымызға қатысты тың деректер ғылыми айналымға енді.

Мұндай келісімді былтыр Қытай елімен де жасастық.

Еліміздегі көптеген архивтің құжаттары зерттелді.

Бірақ, әлі қаралмаған мұрағаттар бар. Оларды тыңғылықты зерделеу керек.

Бұған қоса, тарихи артефактілеріміз біртіндеп елге қайтарылып жатыр. 

Алдымызда атқарылуға тиіс шаруа көп. Бірлесіп жұмыс істей береміз деп сенемін.

 

Қадірлі қауым!

 

Мен бүгінгі басқосуда тарихқа қатысты бірқатар ойымды да ортаға салғым келеді. 

1) Тарих, ең алдымен, ғылымға негізделіп жазылуға тиіс. Қандай да бір мифті жоққа шығарамыз, онымен күресеміз деп, екінші бір мифологияға жол бермеуіміз керек.

Ашығын айтсақ, кейбір адамдар жекелеген оқиғаларды, үрдістерді, тұлғаларды тым әсірелеп беруге құмар. Соның кесірінен түрлі дау-дамай туындайды. Болмаған оқиғаны болды деп, ойдан шығарып, расталмаған нәрсені ақиқат деп жатады. Ұлттық мүддені емес, ата-бабасын дәріптеуді бірінші орынға қойып жатады. Тарихи романдарға сеніп, шындық сол екен деп қабылдайды. Бірақ, тарих көркем туынды емес. Осындай келеңсіз жайттарға сіз бен біз болып, бірге тосқауыл қоюымыз керек

2) Тарих объективті көзқараспен жазылуға тиіс. Бірақ, бір кезеңді екінші бір кезеңге қарсы қоймау керек. Бір тұлғаның рөлін арттыру үшін екінші бір тұлғаны сынау дұрыс емес. Тіпті, әртүрлі заманның қайраткерлерін салыстырып, сынап-мінеп жатады. Өздеріңіз білесіздер, әр заманның өз ерекшелігі бар. Әртүрлі ахуал, әртүрлі жағдайлар әсер етеді. Мұны сіздер жақсы түсінесіздер. Әр кезеңнің тұлғаларын бір-біріне қарсы қойып, салыстырғанның кесірінен ел арасында түрлі қарама-қайшылық туындайды. Қоғамның береке-бірлігі бұзылады.

3) Әр кезеңде тарихты зерттеушілердің алдында белгілі бір міндеттер тұрады. Өз күн тәртібі болады. Мысалы, 90-шы жылдардың басында тарихтағы ақтаңдақтарды ашу басты мәселенің бірі еді. Бұрын белгісіз болған, тыйым салынған тақырыптарды зерттеуге мүмкіндік туды. Әрине, ол дұрыс болды.

Қазіргі зерттеушілердің күн тәртібінде әртүрлі мәселелер бар. Мемлекет ғалымдардың зерттеу ісіне араласпайды. Тек ғылымның өркендеуіне жағдай жасайды. Дегенмен, қай мәселеде болсын, бір дискурспен, бір концепциямен шектелмеген жөн. Әдіс-тәсілдерге, ғылыми ұстанымдарға сүйеніп, зерттеу тақырыбына қашанда ауқымды қарау керек.

Қазақстан – көшпенділердің ежелгі мемлекеттік құрылымдарының бесігі және бір кездегі қуатты елдер мен империялардың мұрагері ғана емес, сонымен қатар тұтас көшпенділер өркениетінің ошағы мен орталығы.

Сондықтан ұлттық тарих ғылымының міндеті –халқымыздың тарихына өркениеттік парадигма тұрғысынан ауқымдырақ және кеңірек қарау, оны осы ұстаным бойынша дәріптеу.

4) Кәсіби тарихшылардың беделін көтеріп, оларды барынша насихаттауымыз керек. Осы орайда кәсіби стандарттарды қалыптастырып, оны қатаң ұстану маңызды.

Соңғы кезде қоғамның тарихқа деген қызығушылығы артып келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ оны әуесқойлар да пайдаланып жүр. Кенеттен тарихқа қызығып, подкаст түсіріп, әлеуметтік желіге шығып, тарихты өз ойынша түсіндіретіндер көбейіп кетті. Жұрт соларға құлақ асып, еліктей бастайды. Әрине, әуесқойлардың ел шежіресін насихаттау ісінде өз орны бар. Бірақ, тарихтың бұрмаланбауы маңызды.

Бұдан бөлек, қазір псевдотарихшылар пайда болды. Олар да әлеуметтік желі арқылы ақылға қонымсыз пікір таратып, елді адастыруда. Бұған жол беруге болмайды.

Сіздер кәсіби тарихшы әрі зиялы қауым ретінде қоғамға дұрыс бағдар беріп, жұрттың тарихи сауатын арттыра аласыздар.

Шын мәнінде, ғылыми әлеуетімізді, бірінші кезекте, елді дамытуға жұмылдыру қажет.

Тарихшылар қауымы мұны жете түсінеді деп сенеміз.

Әлихан Бөкейхановтың «Тарих – түзу жөнді үйретуші» деген сөзі бар.

Біз тарихтан тәлім алуымыз керек.

Десе де бұл өткенмен өмір сүру қажет дегенді білдірмейді.

Тарих мақтану үшін емес, сақтану үшін қажет.

Біз келешегімізді кемел етуді ойлағанымыз жөн.

Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын білесіздер.

Оның түпкі мақсаты – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу.

Сіздер ортақ іске өлшеусіз үлес қосып келесіздер.

Ұлт шежіресін түгендеп, ел мүддесін қорғап жүргендеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамыз.

Еңбектеріңіз жемісті болсын! 

Назарларыңызға рахмет!  


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару