Құрметті жиынға қатысушылар!
«Тіл – ұлттың жаны» деген сөз бекер айтылмаса керек. Ана тіліміз қай кезде де айбынымыз саналған. Оны сақтау – бәріміз үшін қастерлі міндет. Бұл ретте тіл жанашырларына ерекше жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз. Сіздер осы жауапкершілікті сезініп, аянбай еңбек етіп жүрсіздер.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы еліміз тәуелсіздігін алардан екі жыл бұрын, қазақ тілі мәселесі өте өзекті болып тұрған шақта, сонау 1989 жылы құрылды. Содан бері 36 жыл бойы ұлт мүддесі үшін үздіксіз жұмыс істеп келеді. Ұйымның бастауында тұрған Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы сияқты тұлғалардың жолын кейінгі буын лайықты жалғастырды. Ұйым тізгінін Берік Әбдіғалиұлы бірнеше жыл ұстады. Қазір Рауан Кенжеханұлы ілкімді істерге ұйытқы болуда. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы – салмақты, абырой-беделі жоғары ұйым. Сіздер түрлі дау-дамайдан биік болып, әрдайым ауызбіршілік танытып, табысты жұмыс істеп жүрсіздер. Қазақ тілі деген қасиетті ұғымның атауын иеленіп отырған ұйымға мүше болу, оның жұмысына атсалысу – зор мәртебе. Қашанда осы абырой биігінде болыңыздар!
Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы ана тілімізді дамытуға, оның қолдану аясын кеңейтуге айрықша мән береді. Президент жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында тіл мәселесіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ тілінің бәсекеге қабілеті тіл екенін және оны үйренуге деген қызығушылықтың уақыт өткен сайын артып келе жатқанын қадап айтты. Жақсы нәтижеге жету үшін білім ошақтарында тіл үйрету жүйесін жетілдіру мәселесіне тоқталды. Ана тіліміздің тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне цифрлық технологияларды меңгеру үрдісіне тікелей байланысты деді. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы QAZAQ TILI Endowment Қорына да алғашқы болып жарна аударды. Мұның бәрі – Президенттің ана тілімізге деген шынайы қамқорлығының көрінісі. Жалпы, тілімізді сақтау, оны ғылымның және озық технологияның тіліне айналдыру – мемлекет саясатындағы басым бағыттың бірі.
Осы ретте ауқымды шаруалар атқарылып жатыр. Солардың бірқатарына тоқталып өтейін:
2023 жылы тіл саясатын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды.Стратегиялық құжатта тіл саясатын жүргізуге қатысты түрлі шаралар қарастырылған. Бұған қоса Үкімет жанынан Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Былтыр оның алғашқы жиыны өтіп, комиссия мүшелері заңдарды мемлекеттік тілде әзірлеуді, тіл мәдениетін одан әрі арттыруды және тіл капиталын дамытуды көздейтін тіл саясатын жүргізу мәселелерін қарастырды. Өткен жылдан бастап Республикалық терминология комиссиясының жұмысы қайта жаңғырды.Бұл құрылым қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математика бағыттары бойынша жұмыс істеп жатыр.
Былтыр Комиссияның 6 отырысы өтіп, түрлі салаға қатысты 1700-ге жуық термин бекітілді. Алғаш рет Республикалық орфография комиссиясы құрылды. Комиссия құрамына еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінің лингвист-ғалымдары кірді. Мемлекеттік тілді дамыту, оны цифрлық технологиялар арқылы жетілдіру үшін маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Бұл жұмыс қазақ тілін үйрену үдерісін жеңілдету, тілдік деректерді жинақтау және цифрландыру, тіл ресурстарын автоматты түрде өңдеу және басқа да бағыттар бойынша жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық тіл моделін әзірлеу, жасанды интеллектіні дамыту, сондай-ақ қазақ тілінің орфографиялық және грамматикалық ережелерін тексеретін платформаларды іске қосу сияқты жобалар қолға алынды. Оның бәрі кейін кеңінен таныстырылатын болады.
Енді тіл үйрету мәселесіне тоқталсақ.
Мемлекеттік тілді меңгеруге арналған әдістемелік платформалар қолжетімді бола түсті. Бейне, аудио сабақтар, оқу құралдары, тест тапсырмалары және сөздіктер «Tilalemi.kz», «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Qazaq sozi» сайттарына салынды.
Қазір елімізде 115 тіл оқыту орталығы жұмыс жасайды. Былтыр 46 мыңға жуық адам осы орталықтарда қазақ тілі курсын оқыды. Тіл саясатын реттейтін заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мысалы, азаматтыққа қабылдау немесе азаматтықты қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді, Конституция негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу көлемін бекіту туралы арнайы бұйрық әзірленді. Сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осы заңның аясында «Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесі жасалатын болады. Бұл шаралардың бәрі ана тіліміздің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Бұдан бөлек, қоғам белсенділері де ана тілімізді дәріптеуге үлес қосып жүр.
Құрметті тіл жанашырлары!
Қазақ тіл – ұлттық бірегейлігіміз бен еңселі егемендігіміздің мызғымас тірегі. Әрдайым солай болып қала береді. Ал енді тілімізге қатысты бірқатар ойымды ортаға салғым келеді.
Бірінші. Тілдің болашағына қатысты пессимизмнен арылу қажет.
Әрине, егемендігімізді енді алған кезде тіл мәселесі күрделі еді. Сол уақытта тілді сақтап қалу жөнінде түрлі пікірталас болғаны анық. Бірақ одан бері заман оңалды. Қазіргі жағдайды ол кезбен салыстыруға болмайды. Барды бар деуіміз керек.
Ана тіліміздің қолдану аясы күн санап кеңейіп келеді. Бүгінде дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның екі жарым мыңға жуығына жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тіліне қатысты мұндай қатер жоқ деп сеніммен айтуға болады. Себебі, ана тіліміз осы 7 мың тілдің ішінде тұғыры мығым 80 тілдің қатарында тұр. Қазақ тілі былтыр әлемде кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады.Бұл – небәрі 20 миллион халқы бар мемлекет үшін зор көрсеткіш. Мемлекеттік тілде сөйлеу жастар арасында сәнге айналды. Оны үйренуге ынта білдіргендердің қарасы көбейіп келеді. Фильмдер, подкасттар түсірілуде. Интернет жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ана тілімізде алты-жеті сағатқа жалғасатын музыкалық фестивальдар ұйымдастырылуда. Түрлі платформаларда тыңдалатын әндердің рейтингін қарасақ, Қазақстанда көбінесе қазақ әндері бірінші орында тұрады. Басқа елдерде мұндай жағдай сирек. Оған қоса қазір жаңа театрлар, ал оның ішінде қазақ театрлары ашылып жатыр. Қашан барсаң да қазақ театрлары көрерменге толы. Осының бәрі – нарықта қазақ тіліне, қазақ тіліндегі өнімдерге деген сұраныстың бар емес, жоғары екенін көрсетеді. Ал сұраныс артқан сайын сапа да жақсарады.
Бір қуантары – мұндай игі істердің басы-қасында жастар жүр. Сондықтан, пессимизмге бой алдырудың, тіліміз құрып бара жатыр деп дабыл қағудың еш жөні жоқ. Жақында белгілі басылымдардың біріне қазақ тілі туралы мақала көзіме түсіп қалды. Онда «Қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілікті тудыратын билік» деген пікірлерді көзім шалды. Бұл – өте жаңсақ пайым. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан қаншама жұмысты, игі бастамаларды жоққа шығаруға болмайды. Бәрін билікке ысыра салу – ең оңай жол. Әдетте мемлекет түрлі саланың негізін қалыптастырады, жалпы бағытын айқындайды. Әрі қарай істің өрбуі билікке не болмаса жекелеген институттарға ғана байланысты емес. Мемлекеттік тілдің тұғырын нығайту – бүкіл қоғамға ортақ міндет, ортақ жұмыс. Оған мемлекет, қоғам, бизнес, әрбір азамат, қысқасы бәрі атсалысуға тиіс. Атсалысып жатыр да.
Осыған орай, тағы бір мысал келтірейін. Кезінде Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин жиі хат алмасып, елдік мәселелерді, халқымыздың өткені мен бүгінін талқылап тұрған. Сондай бір хатында Мәлік атамыз ел арасында көп айтылып жүрген «біз өткенде нашар едік, мүсәпір халық едік» деген ойдың орнына «біз батыр елміз», «еңсеміз биік халықпыз» деген сөздерді көбірек айтып, пессимистік көңіл-күйден арылу қажеттігіне баса мән береді. Сол сияқты қазір де өзімізді өзіміз кемсітіп, езіле бермей, еңсе көтеретін, жұртты жігерлендіретін, жасампаздыққа үндейтін сөздер көбірек айтылуы керек деп ойлаймын. Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Біз бәсекеге қабілетті ұлт боламыз десек, осындай өнегелі сөздерді, жақсы қасиеттерді ұрпақтың бойына сіңіруіміз қажет.
Екінші. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру – маңызды міндеттің бірі.
Бұл бағытта да нақты қадамдар жасалуда. Жаңа айтып өткенімдей, креативті индустрия саласында ана тіліміздегі жобалар көп. Десе де, бұл бағытта кемшін тұстар жоқ емес.
Соның бірі – ғылымдағы мемлекеттік тіл мәселесі.Президентіміз жыл басында берген сұхбатында осы мәселені де айтып өткені тегін емес.
Тілді сақтау – оны жаңа заманға бейімдеу деген сөз. Бұл тұрғыда бірлесіп атқаратын шаруа көп. Озық технологиялар, жасанды интеллект секілді салалар қазақ тілінде сөйлеуі қажет. Әсіресе, инженерлік-техникалық, жаратылыстану ғылымдарын қазақша сөйлету маңызды. Бұл – ғылыми қауымдастықтың алдында тұрған міндеттің бірі. Сіздер де оған белсене атсалысасыздар деп сенемін. Осы бағытта игі бастамалар бар. Мысалы, жуырда Қазақстан қоғамдық даму институтының директоры Нұрбек Матжани бауырымыздың бастамасымен «Академиялық «мәтін жазу» шеберханасы» атты кітап жарыққа шықты.Бұл – тілі жатық әрі түсінікті жазылған кітап. Ғылымға жаңадан келіп жатқан жас ғалымдарға көмекші құрал болары сөзсіз.
Үшінші. Аударма саласын реттеу керек.
Қазір қоғамда қазақ тілі аударма тіліне айналып кетті деген пікір бар. Әрине, түрлі терминдерді, шет тілде шыққан үздік еңбектерді аудару қажет. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларын шет тілдерге аудару мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл – ана тілімізді, төл мәдениетімізді насихаттаудың бір құралы.
Қазақ тілі тек аударатын емес, аударылатын тілге де айналуы керек. Осы ретте, Википедияға қатысты ойымды айта кеткім келеді. Бұл да – тілімізді насихаттайтын тиімді құралдың бірі. Кезінде Рауан Кенжеханұлы осы бағытта ауқымды жұмыс жасаған болатын. Бүгінде қазақ тілі Википедияда жарияланған материалдар саны бойынша алғашқы 50 тілдің қатарында тұр. Бұл шаруаны жандандырған жөн. Осы мәселені назарға алсаңыздар деймін.
Төртінші. Тіл тазалығына баса мән беру қажет.
Бұл да өзекті тақырып. Қазір кей адамдардың қай тілде сөйлеп тұрғанын түсіне алмай қалып жатамыз. Соңғы жылдары тағы бір үрдіс пайда болды. Жарты сөз арабша, жартысы қазақша болып барады. Мен бұл пікірді дін өкілдерімен кездескенде де айттым. Қазір де айтып өтсем артық болмайды деп ойлаймын. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы журналистермен кездескенде «ифтар», «сухур» сияқты араб сөздерінің жиі қолданылып жүргеніне қатысты пікірін білдіріп, жастарды қазақтың «ауызашар», «сәресі» секілді сөздерді қолдануға шақырды. Өте орынды пікір. Бұған қоса «иншаллах», «субханаллах», «әлхамдулиллах» деген сияқты сөздер де тілді шұбарлап жатыр. Әрине, ниет дұрыс. Бірақ, олардың қанымызға сіңген қазақша баламасы бар ғой.
Бесінші. Мемлекеттік тілдегі сапалы контенттің көлемін арттыру қажет.
Қазақ тіліндегі контентке сұраныс жоғары екенін нарықтың өзі дәлелдеп отыр. Осы сұранысқа лайық ұсыныс болуы керек. Қазір тұтынушылардың талғамы өте жоғары екенін білесіздер. Сондықтан, қазақ тіліндегі контенттің санына ғана емес, сапасына да мән берген жөн.
Бұл бағытта жақсы бастамалар бар. Бір ғана баспа ісін мысал ретінде атап өтуге болады. Қазір Marwin, Меломан секілді кітап дүкендерінің желісінде қазақ тіліндегі кітаптардың саны көбейіп келе жатқанын көріп жүрміз. Бұрын елеусіздеу бұрышта тұратын қазақ кітаптары қазір ойып тұрып ортадан орын алды. Сапалы өнім беретін баспагерлеріміздің де саны артып келеді. Елімізге барлық бағыттағы контенттің мазмұны мен сапасын арттыратын жанашыр жандардың көп болғаны маңызды.
Алтыншы. Қазақ тілінің халықты біріктіретін рөлін арттыра түсуіміз қажет.
Басты мақсат – қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру. Президентіміз де мұны үнемі айтып жүр. Бұл – жалаң сөз емес, биліктің тіл саясатына қатысты нақты ұстанымы.
Бірақ, тілді дамыту мәселесінде мәжбүрлеу, күштеу тәсіліне емес, ақыл-парасатқа арқа сүйеуіміз керек. Осы мәселеде конфронтациялық риторикаға жол беруге болмайды. Тілді тілге қарсы қою – қателік. Мұндай риторика, керісінше, қазақ тіліне деген қызығушылықты төмендетеді. Кейде қазақ тілді аудиторияға жағу үшін, жағымды көріну үшін тіл мәселесін көтергендей болып, ал шын мәнісінде ұпай жинап, халықтың көңіліңмен ойнап, алдайтындар да бар. Ұлтын шын сүйетіндер мен жақсы көрінгісі келетіндердің аражігін ажырататын уақыт келді. Оны да айту керек. Бірақ, ана тіліміз – өте киелі ұғым, дүние. Онымен олай жеке бір мақсаттар үшін пайдаланып, ойнауға, арандатушылардың құралына айналдырып, қолдануына жол бермеуіміз қажет. Елін, халқын сүйетін нағыз отаншыл азаматтар қашанда салмақты, терең қарайды деп сенемін.
Жалпы, әсіре ұлтшылдық ешкімге ешқашан береке әкелмеген. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Жуырда Төлен Әбдік ағамыз да бір сұхбатында осы әсіре ұлтшылдықтан сақтану қажеттігін ерекше атап өтті. Аға буынның ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін дер кезінде айтып, осылай жөн сілтеп отырғаны – құптарлық іс. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілін бірлік пен ынтымақтың тілі ретінде дәріптеуіміз керек. Сонда оның тартымдылығы да артатыны сөзсіз.
Ардақты ағайын!
Қазақ барда қазақ тілі болады. Ал, қазақ тілі барда қазақ та мәңгі жасайды. Ана тіліміз – қатынас құралы ғана емес, халқымыздың дүниетанымы мен ұлттық кодымыз сақталған қастерлі қазынамыз.Біз қазақ тілін жаңа деңгейге көтеру үшін жүйелі жұмысты үздіксіз жалғастырамыз. Әйтпесе бүгін осы залда осыншама азаматтар жиналмас еді. Бүгінгі құрылтай – соның бір көрінісі. Басқосуда ұтымды ұсыныстар айтылып, жаңа бастамалар көтеріледі деп сенемін.
Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Назарларыңызға рақмет!