Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!
Құрметті әріптестер!
Әр елдің Конституциясы тек заң нормаларының жиынтығы ғана емес. Конституция – қоғам дамуының негізгі құндылықтарын, қағидаттары мен бағдарларын бекітетін басты құжат.
Сондықтан мен Конституцияның жаңа мәтінінің идеялық өлшемі мен мазмұнына арнайы тоқталғым келіп тұр.
Құрметті Комиссия мүшелері!
Жобаны таныстыру барысында мәтіннің 84 пайызы өзгеріске ұшырады делінді.
Яғни, мүлдем жаңа баптар мен жаңа бөлімдер әзірленді. Негізгі заңның құрылымы айтарлықтай өзгерді. Ол рас.
Дегенмен, Конституцияның жаңашылдығы – тағы да қайталап айтамын, түзетулердің көптігінде ғана емес, ең алдымен оның жаңа тұжырымдамалық мазмұнында. Баптар мен бөлімдер тек редакциялық өзгерістерге ғана ұшыраған жоқ. Біз бүгін талқылап отырған Конституция мәтіні жаңаша, жаңа мазмұнда, жаңа мағынада қайта жазылды.
Соның айқын мысалы ретінде Преамбуланы айтуға болады.
Бұл – бұрынғы мәтіннің жаңартылған нұсқасы емес. Комиссия талқылауындағы нұсқа – Президенттің жуырда жариялаған тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленген, мағынасы мен ішкі рухы жағынан мүлде жаңа преамбула.
Жаңа Преамбулада:
Біріншіден, адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды;
Екіншіден, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім мемлекеттілігіміздің негізі ретінде айқындалды;
Үшіншіден, соңғы жылдары қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналған Әділеттілік, Заң және Тәртіп, табиғатты аялау сияқты құндылықтар алғаш рет бекітілуде;
Төртіншіден, алғаш рет Конституцияның кіріспесінде мемлекеттілігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары айқын көрсетілді.
Яғни, Преамбуланың кейбір сөйлемдері ғана ауысып, үтір-нүктесі ғана өзгерген жоқ.
Жаңа преамбулада өткен тарихи тамырымыз құндылық ретінде айқындалып, бүгінгі уақыттың негізгі қағидаттары нақты белгіленіп, болашаққа бағдар болатын ұстанымдар бекітіліп отыр.
Құрметті әріптестер!
Енді жаңа Конституцияның мазмұндық ерекшеліктерінің кейбіріне назар аударғым келіп тұр.
БІРІНШІ. Жаңа Конституцияның орталық идеясы ретінде білім мен ғылымның, мәдениет пен инновацияның айқындалуы.
Конституция жаңа мәтінінің «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп аталатын 1-ші бөлімі 1-ші бабының 3-ші тармағында «Қазақстан Республикасы адам капиталының, білімнің, ғылымның, инновацияның дамуын мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды», деп жазылған.
Бұл – мемлекеттік саясаттағы түбегейлі маңызды бетбұрыс. Яғни, мемлекеттің болашағы – қазба байлықтарда емес, адами капиталда, білім мен ғылымда, азаматтардың жетістігінде дегенді білдіреді.
Осылайша, Жаңа Конституция «Мемлекет не үшін керек, кім үшін керек?» деген сұраққа жауап береді деп ойлаймын.
ЕКІНШІ. Конституция жаңа мәтінінің жаңа заманның талаптарына сай жазылуы.
Біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Азаматтар мен мемлекеттің қарым-қатынасы цифрлық кеңістікте жүзеге асуда. Конституцияда алғаш рет азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау нормасы бекітілді.
Яғни, жеке деректерді қорғау – бүгінде адам құқықтарын қорғаудың жаңа өлшемі ретінде айқындалуда. Бұл Конституцияның болашаққа бағытталғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция келешекте басқа елдер үшін үлгі де, бағдар да болады деп ойлаймын.
ҮШІНШІ. Жаңа Конституцияның тағы бір басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы.
Адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада, 1-ші бөлімнің 1-ші бабында ғана емес, Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталатын негізгі екінші бөлімінде бөлек топтастырылып, айқындалған.
Және де адам құқықтары мен бостандықтары жаңа құқықтық тетіктермен әрі кепілдіктермен қамтамасыз етілген.
Мысалы, Конституцияның жаңа мәтінінде адвокатура және адвокаттық қызмет туралы арнайы баптың алғаш рет бекітілуі де осыған дәлел болады. Бұл – адвокаттар қауымдастығының көптен бергі көтеріп жүрген мәселесі әрі негізді сұранысы. Енді ол конституциялық деңгейде орнықты.
ТӨРТІНШІ. Жаңа Конституцияда қоғамдағы жаңа құндылықтар айқындалды. Осы күндері кейбір азаматтар «Неліктен Ата Заңды өзгертіп жатыр, қандай қажеттілік бар?» деп сұрақ қояды.
Себебі, мемлекет өзгерді, қоғам өзгеріп жатыр. Әсіресе, соңғы жылдары қоғамдық менталитет, қоғамдық сана түбегейлі өзгеріске ұшырады. Соған сәйкес, жаңа қоғамдық сұраныстар қалыптасуда. Жаңа Конституция осы талаптар мен сұраныстарға жауап береді.
Мысалы, соның бірі – дін мен мемлекет аражігін нақты белгілеу. Енді жаңа мәтінде мемлекеттің зайырлық сипаты нақты бекітілген. Жаңа редакциядағы Конституцияның 5-ші бабында «Дін мемлекеттен бөлек» деп анық жазылған.
Өз кезегінде, 30-бапқа «Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы ұйымдар мен мекемелерде білім және тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие», деген жаңа норма қосылып отыр.
Мұның барлығы – мазмұн жағынан да, мағына жағынан да өте маңызды шешім.
Тағы бір қоғамдағы талаптың бірі – жат мәдени модельдер мен мінез-құлық нормаларын күштеп енгізу әрекеттеріне деген алаңдаушылық. Сондықтан Конституцияда некенің ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқылы одағы екендігі алғаш рет бекітілуде.
Мұндай шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға бағытталған. Екінші жағынан, бұл әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтеді.
Әйелдердің құқығын қорғау – соңғы жылдардағы қоғамдағы үлкен талап-сұраныстардың бірі. Жаңа Конституция осыған да жауап береді. Және де дәстүрлі құндылықтарды қорғау адам құқықтарына қарсы емес, керісінше олармен үйлесімді ұштасып отыр.
БЕСІНШІ. Осы сәтті пайдаланып, Конституция жобасына қатысты екі ұсыныс енгізуді жөн санап отырмын.
Ең алдымен, қазіргі қолданыстағы Конституциядағы «Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деген норманы нақтылап, жаңа редакцияда: «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі – президенттік республика» деп жазуды ұсынамын.
Екінші – қолданыстағы Конституцияның 3-бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», деп көрсетілген. Бұл – мызғымас қағидат. Бірақ енді осыған «егемендік иесі» сөз тіркесін қосу қажет деген менің де, басқа әріптестердің де ұсынысы бар. Сонда бұл бап былай өзгертілсе: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы».
Бұл конституциялық құрылыстың ішкі логикалық тұтастығын қамтамасыз етеді.
Құрметті Комиссия мүшелері!
Сарапшылар мен заңгерлер біраз уақыттан бері ескірген терминологиялық аппаратқа қатысты мәселе көтеріп жүр. Себебі, қолданыстағы Конституция 1995 жылы кеңестік кезеңнен енді шыққан кездегі жағдайда, сол дәуірдің терминологиялық аппаратымен, сол кездің лексикасымен, сол уақыттың риторикасымен жазылды.
Айталық, кезінде қолданылған «мемлекеттік қауіпсіздік», «телеграф», «тектік-топтық араздық» және тағы да басқа терминдер – бүгінде ашық анахронизм. Өйткені, Қазақстан қазір мүлде басқа жағдайда өмір сүріп жатыр.
Қазіргі қолданыстағы Конституция Кеңестік кезеңнен енді ғана босап, Тәуелсіздігімізді енді ғана алып, егемендігімізді енді ғана қалыптастырып, шет мемлекеттермен енді ғана қарым-қатынас орнатып жатқан елең-алаң шақта қабылданды.
Яғни, ешкім де қолданыстағы Конституцияның мемлекеттілікті қалыптастырудағы, тарихи дамуымыздағы маңызды рөлін, тигізген оң әсері мен ықпалын жоққа шығарғалы отырған жоқ. Керісінше қазіргі Конституция осы уақыт аралығында еліміздің дамуына үлкен серпін берді. Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерге негіз болды. Мұны ертең ешкім бұрмалас үшін әдейі айтып отырмын.
Дегенмен, біз талқылап отырған жаңа Конституция мәтіні – өзінің тарихи тамырын айқындаған, мемлекеттілігі орныққан, халықаралық кеңістіктегі беделі қалыптасқан, адами капиталға, білім мен ғылымға, инновацияға басымдық беретін, болашағына зор сеніммен қарайтын Қазақстанның Конституциясы болуы керек деп ойлаймын.
Бір сөзбен айтқанда, бұл болашаққа бет бұрған, ауқымды жоспары, өзіндік жаңа амбициясы бар елдің Конституциясы болуы керек.
Назарларыңызға рахмет.