National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттiк кеңесші Ерлан Қариннің Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті Конституциялық комиссия мүшелері!

 

Сіздерді Конституциялық комиссия жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрылуын тарихи оқиға деуге болады. Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басқалы отыр. 

Міне, осындай шешуші сәтте бізге аса маңызды миссия жүктелді. Бұл – үлкен жауапкершілік.

Бүгін осы залға түрлі саланың кәсіби мамандары, тәжірибесі мол, елге белгілі азаматтар жиналған. Бәріміздің мақсат-міндетіміз – ортақ.  

Сондықтан осы айрықша міндетті абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін. 

 

Қадірлі әріптестер!

 

Бүгін жұмысын бастағалы отырған Конституциялық комиссия – осыған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы.

Сондықтан алдымен осы Жұмыс тобының жалпы қызметі мен оның аясында атқарылған шаралар туралы баяндап беруге рұқсат етіңіздер. 

Өздеріңіз жақсы білетіндей, өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама көтерді.

Мұны ел азаматтарының көпшілігі қолдады. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қазан айында жүргізген зерттеуіне сүйенсек, респонденттердің 70 пайызға жуығы осы идеяға қолдау білдірген.

Бір айдан кейін 8 қазанда Президент Өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Парламенттегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері, белгілі заңгер-ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері, Ұлттық Құрылтай мүшелері енді.

14 қазан күні Жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Оған Президент арнайы қатысты. Сол отырыста Жұмыс тобының мүшелері ауқымды өзгерістер Конституцияның бірнеше бөлімін қамтитынына назар аударды. 

Мұндай ауқымды түзетулер кезінде азаматтардың пікірі ескерілуге тиіс. Сол себепті 14 қазанда жұртшылықтың ұсыныс-пікірін жинақтау үшін e-Otinish және  eGov порталдарында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Парламентаризм институты келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жүйелеумен айналысты.

Сонымен қатар бұл іске Заңнама және құқықтық ақпарат институты, Стратегиялық зерттеулер институты тартылды. Аталған құрылымдар парламентаризмге қатысты халықаралық тәжрибені бір ай бойы мұқият зерделеді.

Осылайша, Жұмыс тобының мүшелеріне барлық ақпарат пен талдау нәтижелері ұсынылып отырды.

Қазан айынан бері парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар түгел  жинақталды. Соның ішінде Жұмыс тобының мүшелеріне алдағы реформаға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін әзірлеуге бір ай уақыт берілді.

Жұмыс тобымен қатар, «Amanat», «Ауыл», «Respublica», «Ақ жол», «Қазақстан халық партиясы», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» өздерінің ой-пікірін әзірлеп, жолдады.

Сондай-ақ «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «Toqtamys» адвокаттар қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын жолдады. 

Жалпы, конституциялық реформаға қатысты 7 саяси партия, 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жіберді. Ал е-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан 600-ден астам ұсыныс түсті.

20 қарашада Мемлекет басшысы Парламенттік реформа жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. Президент азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен түсетін ұсыныстардың барлығын жан-жақты зерделеуді тапсырды. 

2 желтоқсанда Жұмыс тобының екінші отырысы ұйымдастырылды. Жиында жаңа Парламенттің құрамына қатысты мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, бір палаталы Парламенттің өкілеттік мерзімі, депутаттар саны, квоталар және сайлау тәртібі талқыланды.   

29 желтоқсанда Жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Онда болашақ Парламенттегі заң шығару үдерісінің негізгі бағыттары талқыланды.

6 қаңтарда Мемлекет басшысы Парламенттік реформа туралы арнайы жұмыс кеңесін өткізді. Жұмыс тобына конституциялық реформаға қатысты негізгі ұстанымдарды әзірлеуді тапсырды.  

9 қаңтарда Жұмыс тобының кезекті төртінші отырысы ұйымдастырылды. Жиында болашақ Парламенттің басқа билік институттарымен өзара іс-қимылына және бір палаталы Парламенттің атауына қатысты ұсыныстар талқыланды. 

12 қаңтарда Мемлекет басшысы Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізді. Президент конституциялық реформаға қатысты түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыхалықтық референдумда қабылдайды деп нақты айтты.

15 қаңтарда Жұмыс тобының бесінші отырысы ұйымдастырылды. Жиында жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етудегі құзыреті талқыланды. 

19 қаңтарда, яғни, осы аптаның басында Жұмыс тобының алтыншы, қорытынды отырысы өтті. Оған Мемлекет басшысы өзі қатысты. Жұмыс тобының мүшелері Мемлекет басшысына атқарылған жұмыстар туралы баяндап, ортақ ұстанымдарды таныстырды. Президент бұл ұстанымдарға қолдау білдіріп, көп ұзамай қосымша өз ойларын да ортаға салатынын айтты.   

Осылайша, Жұмыс тобы жарты жыл бойы белсенді жұмыс істеп, Парламенттік реформаға қатысты мәселелерді 6 отырыста жан-жақты талқылады.

Осы орайда, Парламенттік реформа туралы Жұмыс тобының барлық мүшесіне белсенді қызметі үшін ризашылығымызды білдіреміз.

 

Құрметті әріптестер!

 

Осы аптада, яғни, 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы саяси бағыт-бағдарын айқындап берді. Жұмыс тобы әзірлеген жалпы тәсілдердің негізгілерін халық назарына ұсынды. Ұсыныстар Парламенттік реформа аясынан шығып, Негізгі заңның басқа да бөлімдерін қамтитынын атап өтті. Мемлекет басшысы конституциялық реформаға қатысты өз ұстанымдары мен ұсыныстарын ортаға салды. 

Өздеріңіз білетіндей, Президент жаңа Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды. Бұл бастаманың мән-маңызы ерекше. Мемлекет басшысы «Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек», деп нақты атап өтті. 

Шын мәнінде, жаңа кезеңде жаңа өкілеттікке және ерекше атауға ие болған Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады.    

Енді, Жұмыс тобы конституциялық реформаға қатысты ұсынған жаңашылдықтарды тарқатып айтып берейін. 

Бірінші – Құрылтайдағы депутат саны туралы.

Бұл мәселе Жұмыс тобы мүшелері арасында біраз пікірталас туғызды. Біздің түпкі мақсатымыз – кәсіби әрі тиімді Парламент құру. Осыны ескере келе, Жұмыс тобы Құрылтайда
145 депутат болуы керек деген тоқтамға келді.

Екінші – Құрылтайға депутат болудан үміткерлерге қойылатын талаптар туралы.

Осы мәселеге қатысты да түрлі пікір айтылды. Бұлай болуы заңды да. Кейбіреулер қазіргі талаптарды сол күйі қалдырайық, ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деген пікір айтты. Енді біреулер талаптарды барынша қатаңдату қажет деп санайды.

Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан  азаматтарымыз Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт. Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет.

Жұмыс тобы қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптар Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді. Ал Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін.

Үшінші – Құрылтай депутаттарын сайлау жүйесі туралы.

Жұмыс тобы толығымен пропорционалды тәсілге көшуді бірауыздан қолдады. Бұл – Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі Жолдауында көтерген бастама. Сол кезде Президент: «Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен таралған парламенттік рәсім» деген болатын.

Пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың кадрлық саясатын дамытып, институционалдық рөлін арттыра түседі. Саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін де күшейтеді.

Төртінші – Құрылтай депутаттарының өкілеттілік мерзімі туралы.

Мемлекет басшысы бұған қатысты ұстанымын Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен отырысында айтты. Ол «Жаңа Парламентте депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр», деп нақты атап өтті.

Жұмыс тобы да осы пайымға тоқтады. Бұл мерзім болашақ Құрылтай құрамын жаңартып отыру тұрғысынан тиімді, яғни сайлау науқандарының жиілігі жағынан алғанда қолайлы болмақ.

Бесінші – бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі туралы.

Бұл мәселе де Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде, Құрылтай жұмысына заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізу ұсынылды.  Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, заң шығару үдерісінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Парламентте екінші палатаның болмауы бұған кедергі келтірмеуге тиіс. Сондықтан Парламент болмаған кезде  заң шығару функциясы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы – Президентке жүктеледі. Жұмыс тобы осындай ұсыныс енгізді.

Алтыншы – Парламенттегі квоталар.

Бұл туралы Президент Ұлттық құрылтай отырысында егжей-тегжейлі баяндады. Мемлекет басшысы айтқандай, «президенттік квота» деген болмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрылтай отырысында «Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс», деді. Мұндай қадам болашақ Құрылтайдың құрамын жасақтағанда бәріне бірдей мүмкіндік берілуін қамтамасыз етеді.

Ал әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады. Себебі бұл – Парламенттік емес, партиялық тізімдегі квота. Мұның барлығы конституциялық заңдар деңгейінде шешілетін мәселелер.

Жетінші – Президент институтының қызметіне қатысты Құрылтайдағы дауыс кворумы туралы.

Бұл да Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Жұмыс тобы қазіргі Конституцияның 47-бабында қамтылған барлық рәсімді болашақ Құрылтай моделінде қалдыруға болады деген байламға келді. Бұл – тепе-теңдік тежемелік механизмдерін сақтауға мүмкіндік беретін қадам. Сондықтан қазіргі конституциялық рәсімдер мен дауыс берудің ара қатынасын Құрылтай моделіне бейімдей отырып сақтап қалу ұсынылды.

Сегізінші – Негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі Құрылтайдың құзыреті туралы.

Жұмыс тобының бұған қатысты ұсыныстарын Мемлекет басшысы Қызылордадағы Құрылтайда айтып өтті.

Бір палаталы Парламент үлгісіне көшуге байланысты заң шығарушы органның рөлін күшейту кезінде тежемелік тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ету өте маңызды.

Қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылды. 

Бұған қоса Президенттің ұсынысы бойынша Жоғары соттың барлық судьясын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылды. Сонда Құрылтай конституциялық органдарды қалыптастыратын беделді институтқа айналады. Бұл – билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам.

Осылайша, Жұмыс тобы Сенаттың ерекше қарауына кіретін өкілеттіктерді қайта қарады. Ал Мәжілістің өкілеттіктерін Құрылтайға беру ұсынылды. Мұндай тәсіл «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасымен толық үндеседі.

Ұсынылған бастамаларға сәйкес, Президент Конституциялық соттың, Жоғары соттың, Жоғары Сот кеңесінің, Ұлттық Банктің төрағаларын, Бас прокурорды, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшыларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайтын болады.

 

Қадірлі Комиссия мүшелері!

 

Өздеріңіз көріп отырғандай, Жұмыс тобы Парламенттік реформаның негізгі тұстарын нақты айқындап шықты. 

Барлық ұсыныстар мен бастамалар бойынша мазмұнды пікірталастар болды. Жұмыс тобы ұсынған тәсілдерге қатысты Конституцияға енгізілетін түзетулер топтамасы әзірленді.

Жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік платформалар арқылы өткен жылдың қазан айынан бері ел азаматтары мен сарапшылардан Парламенттік реформаға қатысты 600-ден астам ұсыныс келіп түсті. Оларды біз бірнеше санатқа бөліп жинақтадық.

Бірақ парламенттік реформадан бөлек, Конституциялық реформаға қатысты да 1600-ден астам ұсыныс жинақталды.

Байқағандарыңыздай, Парламентке қатысты ұсыныстармен салыстырғанда Конституцияға қатысты ұсыныстар саны 3 есе көп болды. Оларды бөлек жинақтап, зерттедік.

Енді осы материалдарды ресми түрде Комиссия хатшылығына тапсыруға рұқсат етіңіздер.

Назарларыңызға рахмет!


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару

Заңдар

2026 жылғы 09 ақпан

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзоу Цзяиді қабылдады

2026 жылғы 09 ақпан

Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзоу Цзяиді қабылдады

Жарлық

2026 жылғы 02 ақпан

Ә.А. Ерғалиев туралы