Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!
Құрметті Комиссия мүшелері!
Конституцияның жаңа мәтініне ұсынылып отырған түзетулер, жаңа нормалар, басқа да өзгерістер тек қана осы ғимараттың қабырғасында, Комиссия өз жұмысын бастаған уақыт ішінде ғана пайда болған жоқ.
Бұл – жарты жылдан астам уақыт бойы ел азаматтарынан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен, түрлі ұйымдардан келіп түскен ұсыныстар мен бастамалардың жемісі.
Яғни, бұл – осы күнге дейін жүргізілген түрлі ұзақ талқылаулардың нәтижесі.
Жұртшылық e-Otinish және eGov платформаларында ашылған арнайы бөлімге Парламенттік реформа туралы ғана емес, жалпы Конституцияның құрылымы мен мазмұнына қатысты да ұсыныстарын жолдаған болатын. Соның нәтижесінде 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Ол жөнінде бірнеше рет айтылды.
Конституциялық комиссия мүшелері сол ұсыныстар мен бастамаларды саралап, салмақтап, Конституцияның жаңа мәтініне лайықтап ұсынуда.
Мемлекет басшысы өзінің сөйлеген сөздерінде Конституцияның жаңа редакциясына қатысты ой-пайымын, пікірін ашық айтып жүр.
Яғни, жұртшылық пен сарапшылар қоғамдастығының, Президенттің ұсыныстары мен бастамалары қазір біз әзірлеп жатқан Конституцияның жаңа мәтініне негіз болды, соның өзегін құрап отыр.
Конституциялық комиссия бірінші күннен өз жұмысын белсенді, қарқынды бастағанын көпшілік байқап отыр. Отырыстар мен жұмыс топтарында қызу талқылау жүріп жатыр.
Әрбір отырыс әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирден көрсетілуде. Бұл Комиссия жұмысының ашықтығын айғақтайды.
Құрметті әріптестер!
Жаңа ғана Бақыт Маратұлы Комиссия талқылауынан кейін Конституция мәтінінің жаңа нұсқасына енгізу үшін ұсынылған жаңа нормалар мен басқа жаңашылдықтарға шолу жасап өтті.
Енді, мен өзгеріске ұшыраған жекелеген баптардың мән-мағынасына тоқталғым келеді.
Кеше Конституциялық комиссия мүшесі Жеңіс Қасымбек Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары туралы қатысты ұсыныс айтқан болатын. Бұл – маңызды норма.
Сіздердің қолдарыңыздағы нұсқаның І бөлімі 3-бабында бұл бап енді былай деп жазылған:
«Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары: егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбек, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау».
Байқап отырғандарыңыздай, баптың ауқымы мен аясы айтарлықтай кеңейді.
Яғни, бұл норма жаңа Преамбуламен үндесіп тұр. Сондықтан, оны Конституцияның жаңа редакциясындағы Преамбуламен қатар тұрған маңызды норма деп айтуға болады.
Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау. Мемлекет басшысы айтқандай, «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат». Біз енді Егемендік пен Тәуелсіздікті ең жоғары құндылық ретінде ғана емес, күнделікті қолданатын қағида ретінде бекітеміз.
Адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау. Біз әзірлеп жатқан Конституцияның жаңа мәтінінде бұл қағидат маңызды орын алады. Адам құқықтары мен бостандықтары жаңа редакциядағы Конститутцияның алтын арқауына айналып отыр.
Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету. Заң мен тәртіп үстемдік етпейінше, қоғам дамымайды, сана өзгермейді. Бұл – әділетті қоғамның басты шарты.
Жалпыұлттық бірлікті бекемдеу. Әдеттегідей тұрақты дамудың кепілі болып қала береді. Ортақ мақсаттар үшін тұтас ел болып жұмылу – мемлекеттілігіміздің мызғымас қағидаты.
Халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты өлшемі.
Жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру. Отаншылдық – іс әрекетімен ел мүддесі үшін жұмыс істеу, ал жасампаздық – оны нақты істермен бекіту, сындарлы диалогпен дәлелдеу.
Қоғамдық диалогты дамыту. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы сенім тірегі. Соңғы жылдары жүргізілген реформалар, өткізілген референдумдар – дамыған қоғамдық диалогтың жарқын мысалы.
Еңбек, прогресс, білім құндылықтарын бекіту. Аталған құндылықтар мен қағидаттар кейінгі жылдары мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Еңбек адамдарына, білім саласының өкілдеріне мемлекеттік деңгейде көрсетіліп жатқан құрмет пен қолдау – соның айғағы.
Жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру. Бірнеше жылдан бері жемісті жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» жобасы халықтың табиғатқа, айналаға деген сана-сезімін өзгертуде. Осы істі әрі қарай ілгерілету маңызды.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау. Төл мәдениетті қолдау. Бұл құндылықтар алғаш рет Конституциялық деңгейде бекітіліп отыр.
Осылайша, Конституцияның І бөлімі 3-бабында келтірілген негізгі қағидаттардың барлығы мемлекетіміз ұстанып отырған саясаттың бағдарын, көпшіліктің талап-сұранысының негізін құрайды.
Тағы бір мәселеге тоқталып өтейін.
«Қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесі» деген ұғым төңірегінде әртүрлі пікірлер, талқылаулар болуда. Конституциялық комиссияның мүшелері Қарлығаш Жаманқұлова, Әділ Балтабаев және тағы да басқалар тарапынан осы жөнінде мәселе көтерілген еді. Бұл ұсыныстар қабылданып, аталған ұғым Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық пактісіне сәйкес өзгертілді. Сондықтан, жаңа мәтінде Комиссия мүшелерінің ұсыныстары толық қамтылды деп айта аламыз.
Назарларыңызға рақмет!