Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!
Құрметті Конституциялық комиссия мүшелері!
Жарты жыл бойы қоғамдық талқылаулардың негізінде дайындалған жаңа Конституция мәтіні екі апта бұрын ақпарат құралдары мен интернет ресурстарында жарияланды.
Жоба жұртшылық назарына ұсынылған күннен бастап, қоғамда жан-жақты қызу талқылау жүрді.
Осы аралықта азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті.
Бұл – жаңа редакция бойынша жан-жақты талқылау өткенін, қоғам тарапынан үлкен қызығушылық болғанын және азаматтардың барынша белсенділік көрсеткенін айғақтайды.
Жаңа Конституция жобасы жарияланғаннан кейін келіп түскен ұсыныстардың негізінде тағы да қосымша нормалар, басқа да редакциялық-стилистикалық өзгерістер енгізілді.
Қойылған сұрақтарға, айтылған сын-пікірлерге Комиссия мүшелері тарапынан бірден жауап я түсініктеме беріліп отырды.
Сөйтіп, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізінде қоғаммен кері байланыс орнатылып, азаматтардың ұсыныс-пікірлері мүмкіндігінше ескерілді.
Яғни, келіп түскен барлық жүйелі ұсыныстар Конституция мәтінінде көрініс тапты.
Сондықтан, әр өңірден, түрлі саладан жиналған 130 адамнан тұратын Комиссия жұмысының ашықтығы негізінде, сонымен қатар, мыңдаған азаматтың мазмұнды ұсыныс-пікірлерін ескере отырып әзірленген жаңа Конституция жобасын енді халықтық Конституция деп айтуымызға толық негіз бар.
Осылайша, біз мемлекет пен қоғам тұтастығының, бірлігінің жаңа үлгісін көрсеттік.
Болашақта жаңа Конституция азаматтардың қолдауымен референдумда қабылданып жатса, бұл тек құқықтық құжат қана емес, жалпы ұлттық идея мен құндылықтар тұрғысынан қоғамдық бірліктің өзіндік іргетасына айналады деп сенім білдіргім келеді.
Құрметті әріптестер!
Бұған дейін де айттым, тағы да қайталап айтайын, жаңа Конституция о бастан тұңғыш рет қазақ тілінде – мемлекеттік тілде әзірленді.
Яғни, мемлекеттік, елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылды.
Терминологиялық-редакциялық жұмыстарды заңгерлер мен лингвист мамандар бірлесіп жүргізді.
Екі ұшты мәселелер туындаған жағдайда Ата Заң жобасының мемлекеттік тілдегі мәтіні негізге алынды.
Конституция нормаларының мәні нақтыланып, әртүрлі шешімдерге негіз болатын кемшіліктер жойылды.
Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды әрі күрделі жұмыстардың бір бөлігі ғана.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде жаңа Ата Заңның мәтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай, құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналды.
Мүмкіндікті пайдаланып, осы іске атсалысқан азаматтардың аты-жөнін тағы да атап, ризашылығымды білдіргім келеді.
Атап айтқанда, Сенаттың Редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі Қарашаш Исмаилова, Мәжілістің Редакциялау және сараптама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Болат Омар, Конституциялық сот Аппараты басшысының орынбасары Ерлан Сапаров, Конституциялық соттың Өтініштерді алдын ала зерделеу және құқықтық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Гүлмира Шынтаева, Президент Әкімшілігі Жалпы бөлім меңгерушісінің орынбасары, филология ғылымдарының докторы Ербол Әбдірәсілов, Президент Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің сектор меңгерушісі Назкен Жамаладин, Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Гүлфариза Мұқан, Әділет министрлігінің бас сарапшысы Мадина Оспаналы сияқты әріптестеріміз негізгі жұмыстарымен қатар, алғашқы күндерден бастап жаңа Конституцияны тілдік, мәтіндік, мазмұндық тұрғыдан жетілдіру ісімен айналысты.
Осы жұмыстың басы-қасында жүрген Президент Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің басшысы Айдар Төлетайұлы Жарылғановтың да еңбегін ерекше атап өткім келеді.
Күнделікті жұмыстың жауапкершілігі осындай қарапайым, қатардағы қызметкерлерге түсіп жататыны рас. Біздегі мемлекеттік аппараттың тірегі – өз ісіне адал, кәсіби деңгейі жоғары осындай азаматтар.
Сондықтан, редакциялық жұмысқа атсалысқан азаматтардың есімдерін әдейі атап отырмын.
Конституциялық комиссия атынан тағы да оларға алғыс айтамын.
Құрметті Комиссия мүшелері!
Сіздермен бірге үш аптаға жуық уақыт ішінде бірлесе жұмыс істедік. Осы ғимараттың ішінде өзара қызу талқылаулар, мазмұнды пікірталастар болды.
Бізге үлкен жұмыстың, елдік істің ортасында жүруге мүмкіндік берген Мемлекет басшысына Конституциялық комиссия мүшелері атынан ризашылық білдіруге рұқсат етіңіздер.
Себебі, кез келген отаншыл азамат үшін елге қызмет ету – міндет, ал тарихи маңызы бар істердің ортасынан табылу – ол абырой.
Еліміздің жаңа да үлкен қадамы оң болсын!
Назарларыңызға рақмет!