Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!
Құрметті Конституциялық комиссия мүшелері!
Әр отырыста Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде сіздермен бірге ортаға шығып, реформаға қатысты сөз сөйлеп жүрмін. Себебі, бірлесіп бастаған жұмысты соңына дейін жеткізіп, Конституцияның жаңашылдықтарын жан-жақты түсіндіруіміз қажет.
Сіздермен қатар маған да азаматтардан реформаға қатысты түрлі хаттар, пікірлер келіп түсіп жатады. Негізінен жаңа Конституцияның қажеттілігін, маңыздылығын көпшілік дұрыс қабылдауда. Ол, әрине, қуантады. Сондықтан оң пікір білдіріп, қолдау көрсеткен барша азаматқа Конституциялық комиссия атынан алғыс айтамын.
Әрине, басқадай пікір айтушылар да бар.
Мысалы, арасында «Жаңа Конституцияны әуре болып қабылдаудың қандай қажеті бар еді?» немесе «Ескі Ата Заң қала берсін!» деген пікірлер де кездесіп қалады.
Әр отырыста қоғаммен кері байланыс орнатып, туындап отырған сұрақтарға әрдайым жауап беріп келемін. Осындай ұстанымды қалыптастырғаннан кейін, бүгін де бірқатар пікірге жауап берейін деп шештім.
Құрметті әріптестер!
Алдымен 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституциядан бір үзінді оқып берейін.
Мысалы, қазіргі Ата Заңның 13-бабы 1-тармағында былай деп жазылған:
«Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы».
Осыдан не түсінуге болады? Оқыған адам да, тыңдаған адам да ештеңе түсінбейді. Бірнеше рет қайталап оқысаңыз да, түсініксіз.
Мен қазіргі ескі Конституциядан бір ғана мысал келтіріп отырмын.
Ал мұндай түсініксіз сөйлемдерді, ұғынықсыз сөздерді көптеген баптар мен тармақтардан кездестіруге болады.
Асыра айтқандық емес, бірақ 1995 жылы қабылданған қолданыстағы ескі Конституция мен жаңа Ата Заңның арасындағы мазмұндық, ұстанымдық, мағыналық, жаңашылдық, тілдік, редакциялық тұрғыдағы айырмашылық біршама.
Жаңа Конституцияны, ондағы жаңа мәтінді жас та, үлкен де түсініп, қабылдай алатын болады. Ең бастысы – осы.
Құрметті Комиссия мүшелері!
Ал бұл – біреулер ойлағандай бір-екі апта емес, бірнеше айдағы жұмыстың нәтижесі.
Былтыр қазан айында e-Otinish платформасы арқылы Нәрікбаев университетінің оқытушысы Марат Ахмадиден осындай ұсыныс келіп түсті.
Ол конституциялық реформа аясында Ата Заңның мемлекеттік тілдегі мәтініне кешенді түзетулер енгізуді ұсынды. 15 беттен тұратын талдауын жолдапты. Онда нақты мысалдар келтіріп, түзету жобаларын ұсынған.
Оны Ақордаға арнайы шақырып, пікір алмастық.
Яғни, ол 1995 жылы қабылданған Ата Заң мәтініндегі:
- тілдік және құқықтық-терминологиялық қателіктерге;
- мағыналық және ұғымдық дәлсіздіктерге;
- стилистикалық-грамматикалық сәйкессіздіктерге;
- құқықтық-лингвистикалық қайшылықтарға назар аудартты.
Содан соң Нәрікбаев университетінің басшысы Талғат Мақсұтұлымен жолығып, университет базасында Конституция мәтінін редакциялайтын Жұмыс тобы құрылды. Осылайша, қараша айының басында тиісті жұмыс басталып кетті.
Жұмыс тобына Нәрікбаев университетінің Марат Ахмади, Нұржан Ешниязов, Алмас Жұмағали, Абай Абылайұлы секілді құқықтанушы ғалымдары мен білікті оқытушылары енді.
Желтоқсан айының басында Жұмыс тобына басқа да белгілі ғалымдар мен тіл мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент пен Үкіметтің білікті қызметкерлері қосылып, топтың ауқымы кеңейді.
Атап айтқанда, Жұмыс тобының құрамына Президенттің кеңесшісі, белгілі ғалым-журналист Бауыржан Жұмаханұлы Омаров, Ербол Әбдірәсілов, Ербол Тілешев, Талғат Нәрікбаев, Нұрлан Оқаұлы, Мұрат Қайырбек, Мадина Оспаналы секілді азаматтар қосылды. Осы жұмыстың артында қаншама адамның жұмысы тұрғанын көрсету үшін бұл азаматтардың аты-жөнін әдейі атап отырмын. Бұл – аталған іске атсалысып жатқан азаматтардың бір тобы ғана.
Яғни, көпшіліктің талқысына ұсынылған жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы бойынша жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізілді.
Осы жұмыстың нәтижесінде, жаңа Конституцияның мәтіні 1995 жылы қабылданған Ата Заңмен салыстырғанда сапалық, мазмұндық тұрғыдан жақсарды, ұғынықты, түсінікті, оқылымды бола түсті. Мұны әлеуметтік желідегі көптеген азаматтар мойындап отыр.
Тағы да қайталап айтамын, бұл – бір-екі аптада емес, жарты жылға жуық уақытта азаматтардан, сарапшылардан келіп түскен ұсыныстардың негізінде жасалған жұмыстың бір қыры, бір шеті ғана.
Құрметті әріптестер!
Жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы – аударма емес.
Қолдарыңыздағы қазіргі жоба о бастан мемлекеттік тілдің мүддесі тұрғысынан жазылуда. Екі ұшты мәселелер туындаған жағдайда да әуелі қазақ тіліндегі нұсқа назарға алынып отыр.
Яғни, ел тарихында тұңғыш рет Конституциямыз басынан аяғына дейін құқықтанушылар мен тіл мамандарының бірлесіп жұмыс істеуімен мемлекеттік тілде әзірленіп жатыр. Бұл – қазақ тілінің заң тіліне айналғанын, аясы кеңейіп, өркендегенін көрсетеді.
Мемлекеттік тілдегі нұсқаны әзірлеу барысында келсідей ұстанымдар қолданылды.
БІРІНШІ. 1995 жылы қабылданған Конституцияда кездесетін өрескел қателер, әртүрлі құқықтық шешімдерге жетелейтін терминдер мен тіркестер анықталды.
Мысалы, қазіргі Конституцияда «Мемлекеттік Гимн» деп жазылған. Мұны көпшілік «Мемлекеттік Әнұран» деп қолданады. Комиссия мүшелері Конституция жобасына «Мемлекеттік Әнұран» деп енгізуді ұсынды. «Әнұран» – тілімізге әбден енген сөз әрі мағынаны толық береді.
Сол секілді, «әскерилендірілген құрамалар құруға» сөзі «әскерилендірілген жасақтар құруға» деп өзгертілді. «Құрама» сөзі қазір мүлде басқа мағынада қолданылады. «Жасақ» сөзі норманың мәнін толық ашып тұр.
Қолданыстағы Конституцияда «Сайлау тағайындайды» деген сөз бірнеше жерде кездеседі. Сайлау тағайындалмайды, дұрысы – «сайлау өткізу туралы шешім қабылданады». Бұл жағдай да ескерілді.
1995 жылы қабылданған Ата Заңда «азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асырады» деген сөйлем бар. Калька аударма екені бірден байқалып тұр. Сондықтан, оны «кешірім беру туралы шешім қабылдайды» деп өзгерту ұсынылды.
«Түбегейлі принциптер» деген тіркес «Негіз құраушы қағидаттар» деп алынды.
Мұндай мысалдар өте көп. Бәрін айтып шығу мүмкін емес.
ЕКІНШІ. Ескірген, мағынасы өзгерген немесе табиғаты дұрыс ашылмаған сөздер қайта қаралды.
Бұған дейінгі отырыстарда жекелеген баптар туралы айтқанда осы мәселеге аз-кем тоқталған едім.
Қазіргі Ата Заңда кезінде қолданылған, қазір ұмыт бола бастаған «мемлекеттік қауіпсіздік», «телеграф», «тектік-топтық араздық» секілді терминдер бар. Бүгінде бұлардың бәрі – анық анахронизм. Мысалы, бүгінгі жас буын телеграфтың не екенін білмейді.
Сондай-ақ, «мемлекеттік қауіпсіздік» деген сөз тіркесі Кеңес дәуірінде кеңінен қолданылды. Қазір мұндай термин жоқ. Оны «ұлттық қауіпсіздік» деп атап жүрміз.
1995 жылы қабылданған Негізгі заңда «тосқауылдарға тұруға» деген сөз тіркесі кездеседі. Мұны көбі түсінбей жатады. Сондықтан, «пикет өткізуге» деп нақтыланды. Өйткені, «тосқауыл» сөзі мән-мағынасы жағынан мүлдем келмейді. Қисын тұрғысынан да басқа сөз.
«Хақылы», «хақысы жоқ» деген сөздер қазір мұндай формада айтылмайды. Сол себепті, «құқылы, құқығы бар», «құқылы емес, құқығы жоқ» деп жазылды.
Сонымен қатар, қазақ тілінде қате қолданылып жүрген «болып табылады» деген сөз тіркесі барлық жерден алынып тасталды.
Өткен аптада жарияланған жаңа мәтінді жетілдіру жұмыстары жалғасады. Жаңа Конституцияның мемлекеттік тілдегі мәтіні негізінде Ата Заңның орыс тіліндегі нұсқасын сәйкестендіретін боламыз.
Жалпы, сарапшылар мен заңгерлер біраз уақыттан бері ескірген терминологиялық аппаратқа қатысты мәселені көтеріп жүр. Себебі, қолданыстағы Конституция кеңестік кезеңнен енді шыққан кездегі терминологиялық аппаратпен, сол дәуірдің лексикасымен, сол уақыттың риторикасымен жазылған. Бұл туралы бірнеше рет айтып өттім.
Құрметті Комиссия мүшелері!
Бірнеше ай бойы жүргізілген үздіксіз жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік тілдегі Конституция мәтінінің оқылымы едәуір жеңілдеді. Бұл мемлекеттік тілде құқықтық терминология толық қалыптасқанын да білдіреді.
Осы орайда, Конституциялық комиссия құрылған кезде «Оның құрамында тіл мамандары мен журналистер не істеп жүр?» деген сын да айтылды. Олар Ата Заң мәтінінің сапалы әрі түсінікті жазылуына зор үлес қосуда. Демек, кейбіреулерді мазалаған сұрақтың жауабы да белгілі болды ғой деп ойлаймын.
Осы күндері Сәкен Сейфуллиннің «Кеңсе тілі қазақша болмай іс оңбайды» деген сөзін арасында әлеуметтік желіде келтіргенді көріп жүрміз.
Дұрыс. Бірақ, қазақ тілі кеңсе тіліне айналуы үшін ең алдымен заңдарымыз, әсіресе Ата Заңымыз мемлекеттік тілде дұрыс, түсінікті, ұғынықты жазылуға тиіс.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тіл мәселесін ту етіп ұрандатудан емес, ең алдымен осындай көзге көріне бермейтін, күнделікті, тыңғылықты шаруаны талап ететін маңызды, күрделі жұмыстан басталады.
Жаңа Конституцияның «Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталатын І бөлімінің 3-бабындағы «жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру» деген негізгі қағидат та осыған сәйкес келеді. Яғни, мұндай елдік істерге ақылмен, сындарлы көзқараспен, нақты жұмыспен, жасампаздықпен кірісу маңызды.
Назарларыңызға рақмет.