Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!
Құрметті Конституциялық комиссия мүшелері!
Бүгін жаңа Конституция мәтінінің жарияланып, жұртшылық назарына ұсынылғанына тура бір апта болды. Осы аралықта қоғамда қызу талқылау жүрді. Жалпы көпшілік жаңа Ата Заңды дұрыс қабылдауда.
Ел азаматтары е-Otinish және e-Gov платформаларындағы «Конституциялық реформа» арнайы бөлімі арқылы жаңа Конституцияға қатысты ұсыныстарын жолдап жатыр. Бір апта ішінде 4 мыңнан аса ұсыныс келіп түсті.
Жаңа Ата Заңның мәтіні жарияланғаннан кейінгі бастапқы үш күнде күніге 1 мыңнан астам өтініш жолданса, одан кейінгі күндері өтініштер саны 500-ге дейін төмендеді. Ал кеше 100-ден аса ұсыныс келіп түсті. Бұл не дегенді білдіреді? Яғни, азаматтар жаңа Конституцияға қатысты өз ұстанымдары мен көзқарастарын негізінен толық қалыптастырды.
Әлеуметтік желілер арқылы да пікір білдіріп жатқан адамдар бар. Мәселен, алды күні Инстаграмдағы парақшама – Конституциялық кеңестің кезекті отырысы жөніндегі жазбамның астына Теміржан есімді бір азамат пікір қалдырыпты.
Мағынасы шамамен мынадай: «Жаңадан велосипед ойлап тапқанша, дамыған елдердің тексерілген, уақыттың сынынан өткен, жұмыс істеп тұрған Конституцияларын неге жай ғана көшіріп алмайсыздар?!».
Және осы пікірді бір емес, бірнеше рет әртүрлі жерде қайталапты – посттың астына да қалдырыпты, жекеме де жазыпты. Соған қарағанда, назар аудартайын деген секілді.
Басында қатты мән бермедім.
Кейін ойлап отырсам, мұндай сұрақ қойылса, демек, қоғамда кейбір азаматтар да осылай ойлайтын болып тұр ғой.
Сондықтан осы пікірді негізге ала отырып, тағы да Сіздердің алдарыңызда Конституциялық реформаға қатысты өз пікіріммен бөлісемін.
Құрметті әріптестер!
Біріншіден, Конституция әр елдің өз болмысына сай қалыптасады.
Ал мемлекеттердің тарихы, мәдениеті, тілі, саяси жүйесі, бүгіні мен болашағы бір-біріне мүлдем ұқсамайды.
Сондықтан, Германияда, Францияда, Жапонияда немесе АҚШ-та жұмыс істейін нормалар Қазақстанға мүлдем келмейді.
Аталған елдердің өздері де Конституцияны бір-бірінен көшіріп отырған жоқ қой. Мәдениеті, экономикасы, саяси жүйесі ұқсас мемлекеттердің өзі Конституцияны бір-бірінен көшірмейді. Ендеше мәдениеті, салты, қоғамы бөлек Қазақстан неге көшіруі керек?!
Оның үстіне басқа елдерде біздің мәдениетке, біздің құндылықтарға сай келмек түгілі, мүлдем жат, қайшы нормалар бар. Біз оларды қабылдай алмаймыз.
Керісінше, жаңа Ата Заңда төл мәдениетке, төл құндылықтарға қайшы келетін дүниелерге тосқауыл қойып отырмыз.
Сол үшін де зайырлық, некеге қатысты жаңа нормалар жаңа Конституцияда қамтылды.
Өзге елдерден алатын дүние бар. Алмайтын да дүние бар.
Яғни, Ата Заң дегеніміз – жай ғана мәтін емес. Бұл – сол қоғамның қалыптасқан ішкі дүниетанымы, моральдық нормалар жиынтығы.
Екіншіден, бірдей мәтін бірдей нәтиже бермейді.
Кейбір елдердің конституциялық құрылымы, саяси институттар арасындағы өзара әрекеттері ұқсас, әрине.
Бірақ, бұл жағы ұқсас болғанымен, ел ретінде дамулары әртүрлі.
Яғни, нормалардың, мәтіннің бір-біріне ұқсастығы дәл осындай нәтиже бермейді. Әрбір елдің құқықтық жүйесі, дүниетанымдық құндылықтары, мәдениеті, экономикасы, саяси жүйесі бір-біріне өзара байланысты. Бөлек-бөлек әрекет етпейді.
Сондықтан, ең бастысы, мәселе мәтінде емес, мәселе – ондағы нормалардың қалай жүзеге асырылатындығында.
Үшіншіден, Біз өз тағдырымызды, өз болашағымызды өзіміз анықтаймыз.
«Кімбіз? Қайда барамыз?» деген сұрақтарға өзге біреу сырттан емес, өзіміз тікелей жауап береміз. Сол үшін де оны жаңа преамбулада жариялап отырмыз.
Бұған дейінгі отырыстардың бірінде 1995 жылы қабылданған Конституцияны 12 адамнан тұратын Сарапшылық кеңес әзірлегенін айтқан едім. Сондағы 12 адамның үшеуі – түрлі елдерден келген шетелдік сарапшы.
Әрине, олар әлемдік құқық нормаларын жақсы білген үлкен маман болған шығар. Бірақ, біздің елдің тарихын, мәдениетін, болмысын қаншалықты жетік білді, ол жөнінде кесіп айта алмаймыз.
Ал мұндай маңызды құжатты әзірлеген кезде тарих та, мәдениет те, болмыс та үлкен рөл атқарады.
Қазір еліміздің жаңа Конституциясын осыдан отыз жыл бұрынғыдай жабық кеңседегі 12 адам емес, әрбір өңірден жиналған, түрлі саланың өкілдерінен құралған, тікелей эфирде, ашық форматта жұмыс істейтін 130 адамнан тұратын ауқымды Комиссия жазып жатыр. Арамызда бірде-бір шетелдік азамат жоқ. Өз Ата Заңымызды, өз құқықтық жүйемізді өзіміз жасайтын қабілетіміз бар.
Яғни, жаңа Ата Заң Қазақстанның мемлекеттілігі, орнықтылығы тұрғысынан, өз мүддесі тұрғысынан әзірленуде.
Бұған дейін айтқанымдай, бұл ең алдымен қазақ тілінде – мемлекеттік тілде жазылып жатқан Конституция. Сол үшін де тағы да қайталап айтамын, бұл шын мәнінде – халықтық Конституция.
Себебі, бізге біреу сырттан келіп ақыл айтып жатқан жоқ. Бұл – өзіміз жиналып, өзіміз даулассақ та, айтыссақ та, өз тілімізде өзіміз жазып, мемлекеттік, елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан қабылдап жатқан Конституция.
Құрметті Комиссия мүшелері!
Сонымен, кейбір азаматтардың «Әлек болып, әуреге түскенше, өзге бір елдің Конституциясын көшіріп алмайсыздар ма?» деген сұрағына мен былай жауап берер едім:
Керісінше, жаңа мәтіндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де, бағдар да болатын жаңашылдықтар деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл асыра айтқандық емес. Нақты мысалдар келтірейін.
БІРІНШІ. Соңғы уақытта цифрландыру, цифрлық технология секілді мүлде жаңа бағыттар дамып, өркендеп жатыр.
Көптеген елдер қоғамдық өмірдегі осындай жаңашылдықтарды ескеріп, тиісті нормаларды конституциялық-құқықтық жүйеге енгізіп, қамтамасыз етуді ойластыруда.
Біздің ел алғашқылардың бірі болып цифрлық деректерді қорғау нормасын Негізгі заңға енгізіп отыр. Бұл туралы 21-бапта толық қамтылған.
Яғни, 21-баптың 1-тармағында – «Жеке өмірге қол сұқпау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі», деп жазылған.
Сол секілді, осы баптың 2-тармағында – «Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдарының, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады», деп бекітілген.
Яғни, цифрлық кеңістікте жеке деректерді қорғауды адам құқықтарын қорғаудың жаңа өлшемі ретінде тұңғыш рет Конституцияда белгілеп отырған елдердің біріміз. Бұл – жаңа Конституцияның болашаққа бағытталғандығының тағы бір дәлелі.
ЕКІНШІ. Тұңғыш рет Конституцияда ғылым мен инновация мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды.
Жаңа преамбуладағы «ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып» деген сөйлем – соның айғағы.
Сонымен қатар, жаңа Конституцияның «Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталатын І бөліміндегі 3-баптың
2-тармағында жазылғандай: «Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды». Бұл бөлек норма ретінде бекітілген.
Дәл осы баптың 1-тармағында жазылғандай, «еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту» де алғаш рет Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарының қатарында жарияланды.
Сол секілді, 23-баптың 2-тармағында: «Зияткерлік меншік заңмен қорғалады», деп нақты жазылған.
ҮШІНШІ. Біздің аймақтың құқықтық жүйесіндегі үлкен жаңашылдық – әйгілі Миранда ережесінің конституциялық деңгейде бекітілуі.
Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтық тұрғыдан қорғалуын арттырып, құқық қорғау органдарының қызметіне жаңа талаптар қояды.
Ереженің Конституцияға енгізілуі Қазақстанның қылмыстық саясатының жазалаушы модельден керісінше құқықты қорғаушы, яғни гуманистік модельге түбегейлі бет бұрғанын көрсетеді.
Аталған өзгеріс халықаралық адам құқықтары стандарттарына толық сай келеді.
Жаңа норма азаматтың мемлекетпен қарым-қатынасындағы теңсіздікті азайтып, әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге құқықтық кепіл болады.
ТӨРТІНШІ. Жаңа Ата Заңда алғаш рет адвокатура және адвокаттық қызмет туралы арнайы бап бекітілді.
Бұл – елімізде адам құқықтары мен бостандықтары жаңа құқықтық тетіктермен, жаңа кепілдіктермен қамтамасыз етілгенін көрсетеді.
Бұған қатысты нормалар 86-бапта толық жазылып отыр.
БЕСІНШІ. Жаңа саяси институттардың енгізілуі – тек Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, жалпы айналамыздағы үлкен кеңістік үшін де саяси жаңашылдық болып саналады.
Атап айтқанда, бір палаталы парламент, вице-президент институты, «Халық кеңесі» жоғары консультативтік органы, Конституциялық соттың енгізілуі – көптеген елдердің саяси жүйесімен салыстырғанда, үлкен саяси инновациялық қадам.
Осының нәтижесінде халықтың мүддесін орталық билік деңгейінде жеткізу, қолдау тетіктері күшейтіледі.
Президент ұсынған конституциялық өзгерістерді тек қана жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асыру бастамасы да – біздің аймақ үшін маңызды шешімдердің бірі.
АЛТЫНШЫ. Көптеген лауазымды тұлғалардың қызметіне қатысты бір реттік мерзім белгілеу де – Ата Заң жобасындағы маңызды жаңашылдықтың бірі.
Президенттен басқа, Бас прокурор, Жоғары сот төрағасы, Конституциялық Сот төрағасы бір мерзімге сайланатын болады.
Мұндай жаңашылдық басқарушы элитаның жиі ауысып тұруына, қызметке басқа тұлғалардың келуіне жол ашады.
Қайталап айтайын, бірнеше лауазымды тұлғаларға қатысты бір реттік мерзімді белгілеу – көптеген Конституцияларда кездеспейтін, басқаларға да үлгі болатын норма.
Бұл кезінде 2022 жылғы референдумда енгізілген Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші болуына, квазимемлекеттік секторда басшы лауазымын атқаруға тыйым салынады деген нормамен де үйлесіп тұр.
Бұл да – көптеген елдерде жоқ маңызды нормалардың бірі.
Жаңа Конституцияда бұл нормалардың барлағы нақты бекітілген.
ЖЕТІНШІ. Өмірдегі көптеген қоғамдық қатынастардағы стандарттар Жаңа Конституцияда көрініс тапты.
Атап айтқанда, әйелдердің құқығын қорғау, балалардың құқығын қорғау, қоршаған ортаны – табиғатты аялау, волонтерлік, ата-аналарға жауапкершілік секілді қоғамдық дамуда пайда болып отырған жаңа талаптар, құндылықтар, стандарттар жаңа Ата Заңда қамтылды.
Бұл да жаңа Конституцияның қоғамның қазіргі жағдайына, даму деңгейіне сәйкес екенін көрсетеді.
Құрметті әріптестер!
Жоғарыда мен атап өткен жаңашылдықтардың бәрі – прогрессивті нормалар.
Жаңа Ата Заңдағы бірқатар саяси және институционалдық жаңашылдықтар аймақтағы және әлемдік конституциялық тәжірибеде сирек кездеседі.
Яғни, Қазақстан жаңа Конституция арқылы қазіргі заман талаптарына жауап беретін, халықаралық тәжірибеде назар аударарлық конституциялық модель қалыптастыратын болады.
Түйіндеп айтқанда, басқа елдердің Конституциясын көшіру, қайталау – біздің жолымыз емес. Керісінше, келешекте Қазақстан жаңа Конституция арқылы өзге елдерге өзіндік үлгі, бағдар болмақ.
Назарларыңызға рақмет.