National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттiк кеңесші Ерлан Қариннің Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жетінші отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!

Құрметті Конституциялық комиссия мүшелері!

 

Жарты жылға жуық уақыт ішінде азаматтар мен сарапшылардың, түрлі ұйымдардың ұсыныстары мен бастамалары негізінде әзірленген, Конституциялық комиссияның ашық та тиімді жұмысы нәтижесінде жазылған жаңа Конституция жобасы өткен аптада жарияланды.

Қоғамда Конституция жобасына деген қызығушылық бары бірден байқалады. Азаматтардың көбі, әсіресе, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері, бірқатар саяси ұйымдардың өкілдері, кәсіби мамандар, ел тұрғындары 1995 жылы қабылданған Ата Заңмен салыстырғанда, жаңа Конституцияның ұтымды тұстары, артықшылықтары көп екенін айтуда.

Олар жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық берілгенін; білім мен ғылымның, мәдениет пен инновацияның орталық идея ретінде айқындалғанын; Егемендік пен Тәуелсіздік құндылықтары Негізгі заңда алғаш рет бекітілгенін; жалпы құжатта көптеген мәселе қамтылғанын алға тартуда.

Сонымен қатар, басқа да түрлі ұсыныстар, сын-пікірлер, ескертпелер айтылып жатыр. Ашық талқылау болғандықтан, бұлай болуы – орынды. Жаңа мәтін сол үшін жұртшылық назарына ұсынылып, жарияланды.

Мұндай аса маңызды елдік мәселелерді эмоциямен емес, ақылмен саралап, салмақтап талқылаған абзал.

Осы орайда, Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде қоғамда талқыланып жатқан тақырыптарға қатысты өз ойымды білдіруді жөн санап отырмын.

 

Қадірлі әріптестер!

 

БІРІНШІДЕН, Еліміздің аумақтық тұтастығына ешқашан қол сұғылмайды және ол ешқашан өзгермейді.

Кейбір азаматтардың «Ата заңда елдің әкімшілік-аумақтық тұтастығы өзгереді» деп пікір білдіруі – жалған ақпарат, таза манипуляция. Керісінше, жаңа Конституцияда мұндай әрекеттерге қазір де, болашақта да берік тосқауыл қойылған.

Атап айтқанда, жаңа преамбулада «мемлекеттің шекарасы мен аумақтық тұтастығына қол сұғылмайтыны» анық жазылған.

Сол секілді, 2-баптың 6-тармағында «Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы өзгермейді» деп нақты көрсетілген.

Бұл – Қазақстанның аумақтық тұтастығы болашақта мәселе ретінде талқыланбайды деген сөз. Тіпті, референдумға да шығарылмайды дегенді білдіреді. Мұны ел азаматтары білуге тиіс. Түрлі арандатушыларға ермеу қажет.

ЕКІНШІДЕН, Егемендік пен Тәуелсіздікті сақтау, нығайту, қорғау – жаңа Конституцияның мызғымас қағидаты.

Жаңа Конституцияда Тәуелсіздік, Егемендік, Мемлекеттілік, Аумақтық тұтастық секілді ұғымдар мемлекеттің басты құндылығы, негізгі басымдығы ретінде айқындалып, орныққан.

Оны жаңа преамбуладан анық аңғаруға болады. Сондай-ақ, кейбір нормаларда дәйекті түрде белгіленген.

Мәселен, қолданыстағы 1995 жылы қабылданған Конституцияда «Тәуелсіздік» сөзі 2 жерде ғана кездеседі екен. Біріншісінде – елдің тәуелсіздігіне қатысты айтылған (44-бап), екіншісінде – соттардың тәуелсіздігіне байланысты қолданылған (79-бап).

Ал Конституциялық комиссия ұсынған жаңа Конституция жобасында «Тәуелсіздік» сөзі 5 жерде жазылған. Соның ішінде 4 рет ел тәуелсіздігі тұрғысынан қолданылады.

Атап айтқанда, 2-баптың 6-тармағында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі өзгермейді», деп нақты тұжырым жасалған.

Сонымен қатар, 3-баптың 1-тармағындағы Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары ең алдымен «Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау» деп басталады.

23-баптың 6-тармағында: «Қазақстан Республикасының Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды насихаттауға жол берілмейтіні» бөлек норма ретінде айқындалған.

46-баптың 17-тармағында: Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына тікелей қатер төнсе, Президент тиісті шешімдер қабылдауға құқығы бар екені айтылған.

Сол сияқты, «Егемендік» сөзі де 1995 жылы қабылданған Конституцияда екі рет қолданылған. Біріншісі – преамбулада, екіншісі – 44-бапта.

Ал Конституциялық комиссия әзірлеген жаңа Конституцияда «Егемендік» сөзі 6 рет кездеседі.

Атап айтқанда, 2-баптың 2-тармағында: «Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды», деген бұлтартпас норма бар.

Осы баптың 6-тармағында «Қазақстан Республикасының Егемендігі өзгермейді» деп дәл көрсетілген.

Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары «Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғаудан» басталады. Бұл – 3-баптың 1-тармағы.

Ал 4-баптың 1-тармағы келесідей формада айғақталған: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі – Қазақстан халқы». Егемендіктің иесі халық екені Конституцияда тұңғыш рет айқындалып отыр.

Қазақстан Республикасының Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды насихаттауға жол берілмейтінін жоғарыда айттым. Бұл жөнінде Конституция жобасының 23-бабы 6-тармағында нақты жазылған.

Сонымен қатар, 46-баптың 11-тармағындағы нормаға алғаш рет «елдің Егемендігін қамтамасыз ету» деген талап енгізілді.

Байқаған болсаңыздар, егіз ұғым саналатын Егемендік пен Тәуелсіздік Конституция жобасында ерекше құндылық ретінде айқындалып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы түрлі құжаттармен жұмыс істегенде, өзінің сөйлейтін сөздерінде Егемендік және Тәуелсіздік ұғымдарын әрдайым бас әріппен жазады. Ата Заңның жаңа мәтінінде де осы ұстанымды қолдануды дұрыс көрдік. Президенттің ойынша, біздің де пікірімізше, бұл сөздер – қасиетті, қастерлі ұғымдар.

ҮШІНШІДЕН, Тұңғыш рет жаңа Конституцияда мыңжылдық тарихымыз басты құндылық ретінде жазылып, жарияланды.

Ал қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияда тарих туралы бір ауыз сөз жоқ.

Жаңа Конституцияның жаңа преамбуласындағы: «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген сөйлем тарихымыз үздіксіз сабақтастыққа ие екенін, Қазақстан көшпелілер өркениетінің ошағы екенін айғақтайды.

Осылайша, тарихымыз Конституцияда тұңғыш рет декларация емес, мемлекеттік құндылық ретінде бекітіліп отыр.

Ал Преамбуладағы «Ұлы Дала», «мыңжылдық тарих» деген ұғымдар Қазақстанның тарихи субъект екендігін паш етеді. Әрі бұлар – мемлекеттік бірегейлікті айқындайтын ұғымдар.

ТӨРТІНШІДЕН, Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген.

Атап айтқанда, 9-баптың 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тікелей белгіленген, анық көрсетілген.

Яғни, бізде мемлекеттік тіл – біреу. Ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ.

Тіліміз биік тұғырда, өз орнында. Мемлекетіміз барда сол тұғырдан ешқашан төмен түспейді. Ол үшін осы мемлекетті сақтауымыз керек, қорғауымыз қажет. Елдің бірлігін ойлауымыз керек.

БЕСІНШІДЕН, Ұлттық мүдде халықаралық шарттардан қашанда биік тұрады.

Нақтырақ айтсақ, 75-бабтың 1-тармағында: «Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не ратификацияланбайды және олар қолданысқа енгізілмейді», деп жазылған.

Бұл – өте маңызды норма. Халықаралық деңгейде кездесетін кең таралған практика.

Яғни, ұлттық мүддемізге, мемлекеттік саясатымызға қайшы келетін халықаралық шарттар мойындалмайды. Себебі, Қазақстан үшін мемлекеттік мүдде бәрінен жоғары.

АЛТЫНШЫДАН, Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары, сөз бостандығы бірінші орында тұрады.

Конституция жобасының басты артықшылықтарының бірі – адам құқықтары мен бостандықтарына бағдарлануы.

Яғни, жаңа Конституцияның негізгі өзегі – адамға бағдарланған мемлекет.

Мәселен, 3-баптың 1-тармағындағы Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарында «адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауға» ерекше басымдық берілген.

14-баптың 1-тармағында «Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіні» нақты жазылған.

23-баптың 5-тармағында «Цензураға тыйым салынады» деп анық бекітілген.

Сол секілді, осы баптың 1-тармағында «Сөз еркіндігіне кепілдік беріледі» деп айқындалған.

Яғни, жаңа Конституцияда сөз бостандығы да, адам құқықтары да шектелмеген. Керісінше, бұл нормалар бұрынғыдан да барынша кеңейтілген.

 

Құрметті Конституциялық комиссия мүшелері!

 

Жаңа Конституция жобасы – жарты жылдан астам уақыт бойы ел азаматтарынан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен, түрлі ұйымдардан келіп түскен ұсыныстар мен бастамалардың нәтижесі, осы күнге дейін жүргізілген түрлі ұзақ талқылаулардың жемісі.

Жаңа Конституция жобасы мен 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Ата Заңда айырмашылық өте көп.

Қолданыстағы Ата Заң посткеңестік, транзиттік стиль мен рухта жазылса, жаңа Конституция – заманауи әрі ұлттық мүддені көздейді.

Қазіргі Конституцияда мемлекеттің мүддесіне басымдық берілсе, жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары бірінші орынға шықты.

1995 жылы қабылданған Ата Заңда бірегейлік мүлдем қамтылмаған, ал жаңа Конституцияда ұлттық және тарихи бірегейлік нақты мәлімделген.

Қолданыстағы Ата Заңда билік бір орталыққа шоғырланса, жаңа Конституцияда тең баланс орнатылған.

Екі Конституцияның айырмашылығын осылай салыстыра беруге болады, әрине.

Бұған дейінгі отырыста айтқанымдай, 1995 жылы қабылданған Конституция Кеңестік кезеңнен енді ғана босап, Тәуелсіздігімізді енді ғана алып, егемендігімізді енді ғана қалыптастырып, шет мемлекеттермен енді ғана қарым-қатынас орнатып жатқан елең-алаң шақта жазылып, қабылданды. Осыдан отыз жыл бұрынғы Ата Заңды әзірлеген сарапшылық кеңестің құрамында 12-ақ адам болған. Оның үшеуі – түрлі елдерден келген сарапшы.

Ал қазіргі Конституцияны әрбір өңірден жиналған, әр саланың кәсіби мамандарынан түзілген, 130 адамнан тұратын Комиссия әзірлеп жатыр. Ең бастысы, тікелей эфирде, ашық форматта, қоғамның ұсыныс-тілегін ескере отырып, өз мүддеміз тұрғысынан жазуда.

1995 жылы қабылданған Ата Заңды жазғандай, жаңа Конституцияны әзірлеу үшін сырттан ешкім шақырылған жоқ. Яғни, бұл – тұңғыш рет өз азаматтарымыз әзірлеген Конституция жобасы. Сондықтан, оны халықтық Конституция деп атауға болады.

Демек, жаңа Конституция – мемлекеттілігі орныққан, халықаралық кеңістіктегі беделі қалыптасқан, өзінің тарихи тамырын айқындаған, адами капиталға, білім мен ғылымға, инновацияға басымдық беретін, болашағына зор сеніммен қарайтын Қазақстанның Конституциясы деуге толық негіз бар.

Жаңа Конституция заманауи саяси жүйені құруға, тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, ұлттық мүддеміз бен бірегейлікті сақтауға бағытталған.

Сондықтан, біз алдағы уақытта Конституцияның жаңа мәтінін емес, болашақта өмір сүргіміз келетін мемлекеттің моделін таңдайтын боламыз.

Назарларыңызға рақмет.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару

Заңдар

2026 жылғы 09 ақпан

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзоу Цзяиді қабылдады

2026 жылғы 09 ақпан

Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзоу Цзяиді қабылдады

Жарлық

2026 жылғы 02 ақпан

Ә.А. Ерғалиев туралы