Ардақты ағайын!
Алатаудың арғы жағынан келген қадірлі қонақтар!
Бүгін ерекше іс-шара өтіп жатыр. Еліміздің ең үлкен, ең сәулетті, аты да ерекше ғимаратында – Республика сарайында қазақ пен қырғыздың игі жақсылары жиналып отыр.
Бұл – көп шараның бірі емес. Бұл – бірлік пен ынтымақтың жиыны. Сондықтан осы залдан Сіздерді қатар көргеніме қуаныштымын. Екі елдің ынтымағы арта берсін!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір тілектес, бауырлас елдер. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес».
«Қазақ-қырғыз – бір туған» деп тегін айтылмаған. Дініміз бір, діліміз бір, тіліміз бір, салтымыз бір. Домбыраның қос ішегі секілді нағыз бауырлас, ағайынды халықпыз.
Әр қазақ шетелге шықса, көпшіліктің арасынан қашанда қырғыз бауырын іздейді. Менің әріптесім – Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Мұқанұлы Иманқұлов екеуіміз де сондаймыз. Шетелдегі үлкен халықаралық шараларда алдымен бір-бірімізді іздеп барып, амандасамыз. Бұл – нағыз ағайындыларға тән қасиет.
Шоқан Уәлихановтың Манас жырын хатқа түсіруі, Сүйінбай мен Қатағанның айтысы, Жамбыл мен Тоқтағұл есімдерінің қатар айтылуы, Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Әуезов арасындағы қамқорлық екі ел арасындағы рухани байланысты, шынайы достықты көрсетеді. Сол достық әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Расында, қазақ пен қырғыздың мәдени, рухани, әдеби байланысы тереңде жатыр. Осы алтын арқауды қазіргі кезеңге бейімдеп дамыта білуіміз қажет.
Шыңғыс Айтматов – қырғыздың ғана емес, қазақ халқының да мақтанышы. Ол – екі елге ортақ ұлы тұлға. Жазушының мол мұрасы халқымыздың жүрегінен орын алған.
Биыл Бішкек қаласында «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Заңғар жазушының «Жәмилә», «Ақ кеме», «Ана-Жер-Ана», «Боранды бекет» шығармалары қазақ әдебиетінің де қазынасына қосылған асыл мұралар», – деп Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығын жоғары бағалады.
Сондықтан әйгілі қаламгердің алдағы 100 жылдық мерейтойына орайластырылған халықаралық қойылымның қазақ топырағынан басталуы заңдылық деп ойлаймын. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе.
Бүгін Алматыда атақты Айтматовты еске алып, ұлықтап жатырмыз. Ал кеше Қырғызстанның Ош қаласында қазақтың Абайына көше беріліп, ескерткіш пен музей ашылды. Бұл – бауырластықтың, рухани сабақтастықтың, өзара құрметтің шынайы белгісі.
Осындай ортақ қуаныштарымыз көп болсын!
Соңына сүбелі сөз, салмақты ой қалдырған Шыңғыс Айтматовтың алдағы 100 жылдық мерейтойы абыроймен өтсін. Бұл – баршамызға ортақ қуаныш.
Қазақ топырағына қош келдіңіздер, ардақты бауырлар!