Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ақордада ішкі саясат және идеология жұмысы жөніндегі республикалық жиын өткізді. Басқосуға Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, Үкімет мүшелері, облыс және Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, аймақтардағы қоғамдық даму басқармаларының жетекшілері қатысты.
Іс-шарада Мемлекет басшысының бастамаларын тиімді жүзеге асыруға, ішкі саясат саласындағы жұмысты ұйымдастыруға, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, саяси партиялармен, шығармашылық одақтармен, қоғамдық ұйымдармен, азаматтық қоғамның өзге де құрылымдарымен қарым-қатынас жасауға, ақпарат және жастар саясатын жүргізуге, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптарға қатысты мәселелер талқыланды.
Ерлан Қарин Президенттің бастамасымен жүзеге асырылған реформалар және қоғамдағы өзгерістер елімізде мүлде жаңа саяси ахуал қалыптастырғанын айтты. Мұны, ең алдымен, көзқарастар мен ұстанымдардың әр алуандығынан байқауға болады. Сондықтан ішкі саясат саласындағы жұмысты жоспарлап, оны үйлестіру және ұйымдастыру үшін әрдайым тың тәсілдер қолдану керек.
Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші қоғаммен байланысты және азаматтармен диалогты күшейту арқылы ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, жалпыұлттық келісімді нығайту негізгі басымдық болып қала беретінін атап өтті.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жиын соңында Президент ұсынған «Әділетті Қазақстан» идеясы және жалпыұлттық құндылықтар негізінде ішкі саясат саласындағы жұмысты жетілдіруге, қоғамдық келісімді нығайтуға қатысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар берді.