National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Республикалық референдум туралы   


 

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы № 2592 Конституциялық заңы.

Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық Заңымен.

 

Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес республикалық референдумды тағайындау, әзірлеу және өткізу тәртібін белгілейді.

Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

 

I тарау
Жалпы ережелер

 

1-бап. Республикалық референдум ұғымы

1. Республикалық референдум - Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру.

2. Референдум Республиканың бүкiл аумағында өткiзiледi.

 

2-бап. Республикалық референдум талқысына қойылатын мәселелер

Референдумның талқысына:

1) Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарын қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу;

2) Республиканың мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiн шешу қойылуы мүмкiн.

 

3-бап. Республикалық референдумның талқысы бола алмайтын мәселелер

Мыналар:

1) адамның және азаматтың конституциялық құқығы мен бостандығының бұзылуына әкелiп соғатын;

2) мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын, Республика Президенті жеті жыл мерзімге сайланады және бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды деген ережені өзгерту;

3) Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мен шекараларының;

4) сот әдiлдiгi, қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және қоғамдық тәртiптi қорғау;

5) бюджет пен салық саясаты;

6) рақымшылық пен кешiрiм жасау;

7) Республика Президентiнiң, Парламент Палаталары мен Үкiметiнiң қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату;

8) Республиканың халықаралық шарттарынан туындайтын мiндеттемелерiн орындау мәселелерi референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды.

Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.05.2022 № 119-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

 

4-бап. Республикалық референдум өткiзудiң принциптерi

Референдум өткiзу:

1) азаматтардың референдумға өз ықтиярымен қатысуы және еркiн ашық бiлдiруi;

2) азаматтардың референдумға жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бiрдей, тең және төте қатысу құқығы;

3) жариялылық принциптерiне негiзделедi.

 

5-бап. Республикалық референдумға қатысу құқығы

1. Референдумға қатысу құқығы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағдаяттарға қарамастан Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi. Сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың референдумға қатысуға құқығы жоқ. Республиканың өзге азаматтарының референдумға қатысу құқығын қандай да болмасын тiкелей не жанама шектеуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жазаланады.

2. Азаматтар референдумға тең негiздерде қатысады және олардың әрқайсысы тиiсiнше бiр дауысқа не тең дауыс санына ие болады.

3. Азаматтар референдумға тiкелей қатысады.

 

6-бап. Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу кезiндегi жариялылық

1. Референдумды ұйымдастыру мен өткiзу ашық әрi жариялы жүзеге асырылады.

2. Референдумды өткiзу туралы шешiм мен оған қойылатын мәселе (мәселелер) азаматтардың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткiзiледi.

3. Референдум комиссиялары референдум өткiзудi ұйымдастыру жөнiндегi өзiнiң жұмысы туралы, дауыс беретiн учаскелер құру, комиссиялардың құрамы, орналасқан жерi және жұмыс уақыты туралы, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмi туралы азаматтарды хабарландырады.

4. Референдум өткiзу кезiнде Республика қоғамдық бiрлестiктерiнiң өкiлдерi, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатыса алады, олардың өкiлеттiгi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен куәландырылады. Өкiлдер мен байқаушылардың референдум комиссияларының жұмысына араласуына жол берiлмейдi.

5. Бұқаралық ақпарат құралдары референдумға әзiрлiк пен оны өткiзу барысын жария етiп отырады, олардың референдум комиссиялары жанында тiркелген өкiлдерiнiң республикалық референдум өткiзуге байланысты шараларға баруына кепiлдiк берiледi.

 

7-бап. Республикалық референдум қарсаңындағы үгiт

1. Республика азаматтарының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң референдумға қойылған мәселе (мәселелер) бойынша жиналыстарда, митингiлерде, азаматтар жиынында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пiкiрiн бiлдiру құқығына кепiлдiк берiледi.

2. Барлық баспа үгiт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйымдар, оларды басып шығарған орын мен таралым, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәлiметтер болуға тиiс. Бұқпантай үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.

3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, соғысқа, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылыққа, сондай-ақ қатыгездiк пен зомбылыққа табынуға үгiттеуге жол берiлмейдi.

4. Референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады. Дауыс беретiн жайлардан басқа жерлерде бұрын iлiнген баспа үгiт материалдарының, плакаттардың бұрынғы орындарында сақталуы мүмкiн.

 

8-бап. Республикалық референдумды қамтамасыз ету

1. Референдум әзiрлеу мен өткiзуге байланысты шығыстар тек қана республикалық бюджет есебiнен жұмсалады.

2. Мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, сондай-ақ меншiк нысанына қарамастан ұйымдар референдум комиссияларының қарамағына референдум әзiрлеу мен өткiзу үшiн қажет үй-жайларды, жабдықтар мен көлiк құралдарын бередi.

3. Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктердiң, шетел мемлекеттiк органдарының, заңды тұлғалары мен азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың референдумға қатысты шараларды қаржыландыруға және өзгедей қамтамасыз етуге тiкелей немесе жанама түрде қандай да болсын қатысуына тыйым салынады.

 

9-бап. Республикалық референдум туралы заңдар

Референдум туралы заңдарға мыналар жатады:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;

2) Осы Жарлыққа қайшы келмейтiн бөлiгiнде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;

3) осы Конституциялық заң:

4) Орталық референдум комиссиясының нормативтiк сипаты бар актiлерi.

Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

 

II тарау
Республикалық референдум тағайындау және әзiрлеу

 

10-бап. Республикалық референдум тағайындау құқығы

Референдум тағайындау құқығы Қазақстан Республикасының Президентiнде болады.

 

11-бап. Республикалық референдум тағайындау жөнiндегi бастамашылық

1. Референдум тағайындау бастамашылығы:

1) Қазақстан Республикасының Президентiнде;

2) Қазақстан Республикасының Парламентiнде болады, ол референдум тағайындау туралы бастамашылықпен Қазақстан Республикасының Президентiне тiлек бiлдiредi. Бастамашылық көтерудi Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселені әуелі - Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы жүзеге асырады және Парламент Палаталарының тиісті қаулыларымен ресімдейді;

3) Қазақстан Республикасының Үкiметiнде болады, ол референдум тағайындау туралы бастамашылықпен Қазақстан Республикасының Президентiне тілек бiлдiредi. Бастамашылық көтерудi Үкiмет өзiнiң мәжiлiсiнде мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен жүзеге асырады және тиiстi қаулымен ресiмдейдi;

4) сан жағынан Республиканың барлық облыстарын, астанасы мен республикалық маңызы бар қалаларын тең мөлшерде бiлдiретiн республикалық референдумға қатысу құқығы бар екi жүз мыңнан кем емес Республика азаматтарында болады, олар республикалық референдум тағайындау туралы бастамашылықпен Республика Президентiне тiлек бiлдiредi.

2. Бiр ғана мәселе (бiр ғана мәселелер) бойынша референдум тағайындау туралы ұсыныстар қайтара енгiзiлуi мүмкiн және оларды Республика Президентi аталған мәселе (аталған мәселелер) жөнiнде алдыңғы шешiм қабылданғаннан кейiн кемiнде екi жыл өткеннен соң ғана қайтадан қарайды.

Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2008.05.04 № 30-IV Конституциялық заңымен.

 

12-бап. Республикалық референдум тағайындау жөнiндегi мәселе бойынша бастамашыл топтың құрылуы

1. Егер референдум өткiзу туралы бастамашылықты азаматтар көтерген жағдайда құрамына Қазақстан Республикасының әр облысынан, астанасынан және республикалық маңызы бар қалалардан кемiнде үш-үштен өкiл кiретiн референдумның бастамашыл тобы құрылады.

2. Референдумның бастамашыл тобы референдумға қатысу құқығы бар азаматтар, бiрақ Қазақстан Республикасының әр облысынан, астанасынан және республикалық маңызы бар қалалардан кемiнде отыз-отыздан өкiлдер қатысқан жиналыста құрылады.

3. Жиналыс өткiзуден кемiнде он күн бұрын оның бастамашылары аумағында жиналыс өткiзiлетiн жергiлiктi атқарушы органға жиналыстың уақыты, орны және мақсаты туралы жазбаша хабарлауға тиiс.

4. Жиналыстың алдында жиналысқа қатысушыларды тiркеу жүргiзiледi, олардың мiндеттi түрде тегi, аты, әкесiнiң аты, тұрғылықты жерi және Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерi көрсетiлген тiзiм жасалады.

5. Референдумның бастамашылар тобының мүшелерi жиналысқа қатысушылардың көпшiлiк даусымен сайланады. Бастамашыл топтың тiзiмiнде топтың әр мүшесiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты және тұрғылықты жерi көрсетiледi. Референдумға қойылатын сауалды оған тиянақты жауап қайтарылуы үшiн бастамашыл топ айқын тұжырымдауға тиiс.

 

13-бап. Референдумның бастамашыл тобы мен ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу

1. Референдумның бастамашыл тобы Орталық сайлау комиссиясына топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеудi сұрап өтiнiш бередi.

2. Тiркеу мынадай құжаттар болғанда жүргiзiледi:

1) топты тiркеу және ол референдумға ұсынатын мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы өтiнiш;

2) бастамашыл топ құрылған жиналыстың хаттамасы;

3) бастамашыл топ мүшелерiнiң тiзiмi.

3. Бастамашыл топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) Орталық сайлау комиссиясы тiркеуге өтiнiш берiлген күннен бастап он күн мерзiмде тiркейдi. Бұл жайындағы хабарды Орталық сайлау комиссиясы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

4. Референдумның бастамашыл тобына тiркелген күннен бастап бес күн мерзiмде топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәлiк берiледi. Тiркеу туралы куәлiктiң нысанын Орталық сайлау комиссиясы бекiтедi.

5. Осы Конституциялық заңның талаптары бұзылған жағдайларда тiркеуден бас тартылуы мүмкiн. Орталық сайлау комиссиясының бастамашыл топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеуден бас тартуына он күн мерзiмде Республика Жоғарғы Сотына шағым жасалуы мүмкiн, ол шағымды берiлген күнiнен бастап он күн мерзiмде қарайды. Жоғарғы Соттың шешiмi түпкiлiктi болып табылады.

Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

 

14-бап. Қол жинаудың тәртiбi мен мерзiмi

1. Референдумның бастамашыл тобы топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәліктi алған күннен бастап азаматтардың қолын жинауды ұйымдастырады әрi мұны республикалық референдумға қатысу құқығы бар топ мүшелерi жүзеге асырады.

2. Референдумның бастамашыл тобына қол қою парақтарын берудi Орталық сайлау комиссиясы топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәлiктi тапсыра отырып бiр мезгiлде жүзеге асырады.

3. Қол қою парағына бастамашыл топ референдумға ұсынған мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымдамасы енгiзiледi.

4. Қол жинайтын адам бастамашыл топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесiн көрсетедi. Әрбiр азамат қол қою парағына тек бiр рет қана қолын қоюға хақылы. Бұл ретте азамат жеке басын куәландыратын құжатын көрсетедi. Азаматтың қолы оның тегiн, атын, әкесiнiң атын, тұрғылықты жерiн, оның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерiн және параққа қол қойылған күндi көрсетумен толықтырылады.

5. Толтырылған әрбiр қол қою парағына қол жинаған адам қолын қоюға тиiс.

6. Белгiленбеген үлгiдегi қол қою парақтары, сондай-ақ осы Конституциялық заңның өзге де талаптары бұзылып толтырылған қол қою парақтары жарамсыз болып табылады.

7. Қол жинау аяқталғаннан кейiн үш күн мерзiмде толтырылған қол қою парақтарын қол жинаған адамдар аумақтық сайлау комиссиясына тапсырады, ол паспорт қызметiнiң қызметшiлерiн қатыстыра отырып он күн мерзiмде қол қою парақтарындағы азаматтардың қолының дұрыстығын тексередi, тиiстi хаттама жасайды және оны Орталық сайлау комиссиясына жiбередi.

Ескертпе. ҚР 05.11.2022 № 156-VII Конституциялық заңымен 7-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі):

7. Қол жинау аяқталғаннан кейiн үш күн мерзiмде толтырылған қол қою парақтарын қол жинаған адамдар аумақтық сайлау комиссиясына тапсырады, ол құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктер беру жөніндегі уәкілетті органның жұмыскерлерін қатыстыра отырып он күн мерзiмде қол қою парақтарындағы азаматтардың қолының дұрыстығын тексередi, тиiстi хаттама жасайды және оны Орталық сайлау комиссиясына жiбередi.

Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

 

15-бап. Қол жинау тәртiбiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

1. Расталмаған қолдар, қол жинау және қол қою парақтарын ресiмдеу тәртiбiнiң бұзылғаны анықталған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Орталық сайлау комиссиясына тиiстi ұсыныс енгiзедi.

2. Орталық сайлау комиссиясы ұсыныс енгiзiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде жөнсiздiкке жол берген бастамашыл топ мүшелерiнiң қызметiн тоқтату туралы, осы Конституциялық заң талаптарының бұзылғаны анықталған қол қою парақтарын жарамсыз деп тану туралы шешiм қабылдай алады.

3. Қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылданған бастамашыл топ мүшелерiн осы референдумды әзiрлеу және өткiзу кезеңiнде қайта сайлауға жол берiлмейдi.

4. Бастамашыл топ қол жинау және қол қою парақтарын ресiмдеу тәртiбiн қайталап бұзған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы референдумның бастамашыл тобының қызметiн тоқтату және оны тiркеу туралы куәліктi қайтарып алу туралы шешiм қабылдай алады.

Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

 

16-бап. Қол жинаудың нәтижелерi бойынша қол қою парақтары мен қорытынды хаттаманы жiберу

1. Қол жинауды жүзеге асырған адамдар толтырылған және тиiстi аумақтық сайлау комиссиясында тексеруден өткен қол қою парақтарын референдумның бастамашыл тобына жiбередi. Бастамашыл топ қол жинаудың нәтижелерi туралы жиынтық деректердi түзедi және қол жинау аяқталған күннен бастап он күннен кешiктiрмей толтырылған қол қою парақтары мен жиынтық деректердi Орталық сайлау комиссиясына жiбередi.

2. Орталық сайлау комиссиясы табыс етiлген қол қою парақтары осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келген ретте қол жинаудың нәтижелерiн қорытынды хаттамаға енгiзедi. Референдум өткiзу туралы ұсыныс қол жинаудың нәтижелерi жайындағы қорытынды хаттамамен бiрге референдумның бастамашыл тобынан құжаттарды алған күннен бастап бiр айдың iшiнде Қазақстан Республикасының Президентiне жiберiледi.

3. Қол қою парақтары мен қол жинаудың нәтижелерi жөнiндегi қорытынды хаттамаларды сақтаудың тәртiбi мен мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.

Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

 

17-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң республикалық референдум тағайындау туралы бастамашылық жөнiнде шешiм қабылдау

Республика Президентi Парламент пен Үкiметтiң немесе Республика азаматтарының бастамашылығы бойынша референдум тағайындау туралы мынадай:

1) референдум тағайындау туралы;

2) референдум өткiзбей-ақ, оның талқысына ұсынылатын мәселе (мәселелер) бойынша Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу, конституциялық заң, заң немесе өзге де шешiм қабылдау қажеттiгi туралы;

3) референдум тағайындау туралы бастамашылықты қабылдамау туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.

1-1. Егер Республика Президенті Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемінде бестен төртінің, көпшілік даусымен Парламент Конституцияға осы өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы заң қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті сол заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады.

Ескерту. 17-бап 1-1-тармақпен толықтырылды – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

 

18-бап. Республикалық референдум тағайындау туралы шешiм

1. Референдум тағайындау туралы шешiмдi Республика Президентi тиiстi Жарлық шығару жолымен қабылдайды, онда:

1) референдумды өткiзу мезгiлi;

2) оған қойылатын мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымдамасы белгiленедi;

3) референдумды өткiзуге байланысты өзге де мәселелер шешiледi.

2. Республика Президентi референдум бастамашыларының келiсуiмен оны өткiзгенге дейiн оның бастамашыларының еркiн неғұрлым дәл бiлдiру үшiн референдумға қойылатын мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымдамасын нақтылай түсуге хақылы.

3. Референдум тағайындау туралы Республика Президентiнiң Жарлығы, Конституция, конституциялық заң, заң жобаларының мәтiндерi, оларға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

 

19-бап. Республикалық референдум өткiзу мерзiмi

Референдум оны өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан ерте емес және үш айдан кеш емес мерзiмде өткiзiледi. Ерекше жағдайларда Республика Президентi референдум өткiзудiң басқа мерзiмiн белгiлеуі мүмкiн.

 

20-бап. Республикалық референдум комиссиясы

1. Референдумға дайындық пен оны өткiзудi мыналар жүзеге асырады:

1) Орталық референдум комиссиясының функциясын орындаушы Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы;

2) аумақтық референдум комиссияларының функциясын орындаушы Қазақстан Республикасының аумақтық сайлау комиссиялары;

3) учаскелiк референдум комиссияларының функциясын орындаушы учаскелiк сайлау комиссиялары.

2. Алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06 № 376; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

 

21-бап. Орталық референдум комиссиясының өкiлеттiктерi

1. Орталық референдум комиссиясы:

1) Республикасының бүкiл аумағында референдум туралы заңның орындалуын бақылауды жүзеге асырады; оның бiркелкi қолданылуын қамтамасыз етедi; өз құзыретi шегiнде Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi шешiмдер қабылдайды;

2) референдумға дайындық пен оны өткiзудi ұйымдастырады;

3) референдумды ұйымдастыру мен өткiзуге арналған шығыс сметасының жобасын жасайды және оны Республиканың Үкiметiне табыс етедi;

4) референдум комиссияларына басшылықты жүзеге асырады, олардың шешiмдерiн жояды және кiдiрте тұрады; референдумды ұйымдастыру мен өткiзуге арналған қаражатты олардың арасында бөледi;

5) референдум комиссияларын материалдық-техникалық қамтамасыз етудiң жай-күйiн бақылайды;

6) референдум туралы заңдардың бұзылуы туралы арыздар мен шағымдарды қарайды;

7) дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң, сайлаушылар тiзiмiнiң, қол қою парақтарының, референдум өткiзу үшiн қажеттi өзге де құжаттардың нысандары мен мәтiндерiн; дауыс беру уақытын; референдум құжаттарын сақтау тәртiбiн белгiлейдi;

8) референдум комиссияларының, мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды тұлғаларының референдумға дайындық пен оны өткiзуге байланысты мәселелер жөнiндегi есептерiн, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктер органдарының сайлау туралы заңды сақтау мәселелерi бойынша хабарламаларын тыңдауға хақылы;

9) референдумға дайындықтың барысы туралы азаматтарға хабарлап отырады;

10) Республика бойынша тұтас алғанда референдумның қорытындыларын шығарады, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына хабар берiлуiн қамтамасыз етедi;

11) референдумның бастамашыл тобын және оның референдумға ұсынатын мәселесiн (мәселелерiн) тiркеудi жүзеге асырады және бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ресми хабар орналастырады;

12) референдумның бастамашыл тобын тіркеу туралы куәлiктiң нысанын бекiтедi;

13) референдумның бастамашыл тобын тiркеу туралы куәлiк берудi жүзеге асырады, сонымен бiр мезгiлде қол қою парақтарын бередi;

14) осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда бастамашыл топ мүшелерiнiң қызметін; бастамашыл топтың қызметiн тоқтату туралы және оны тiркеу жөнiндегi куәлiктi қайтарып алу туралы шешім қабылдайды;

15) осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда жекелеген учаскелерде (әкiмшілік-аумақтық бiрлiктерде) референдум өткiзудi жарамсыз деп таниды.

2. Орталық референдум комиссиясының мәжiлiстерi оның мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы.

3. Орталық референдум комиссиясы өз шешiмдерiн оның мүшелерi жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылдайды.

Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376, 2004.11.24 № 604 (01.01.2005 бастап күшіне енеді) Конституциялық заңдарымен.

 

22-бап. Аумақтық референдум комиссияларының өкiлеттiктерi

1. Аумақтық референдум комиссиялары:

1) алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);

2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң аумағында референдум туралы заңның орындалуына бақылауды жүзеге асырады;

3) учаскелiк комиссиялардың қызметiн ұйымдастырады, референдум өткiзуге арналып бөлiнген қаражатты олардың арасында бөледi;

4) учаскелiк референдум комиссияларын материалдық-техникалық қамтамасыз етудiң жай-күйiн бақылайды;

5) референдум туралы заңның бұзылуы туралы арыздар мен шағымдарды қарайды;

6) учаскелiк референдум комиссияларының, жергiлiктi мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының референдумға дайындық пен оны өткiзуге байланысты мәселелер жөніндегі есептерін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер органдарының референдумға дайындық пен оны өткiзуге байланысты мәселелер бойынша хабарламасын тыңдауға хақылы;

7) учаскелiк референдум комиссияларынан дауыс берудiң нәтижелерi туралы хаттамаларды алады, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң аумағындағы референдумның нәтижелерiн шығарады;

8) референдумның бастамашыл тобының қол қою парақтарының осы Конституциялық заңда белгiленген талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргiзедi.

2. Аумақтық референдум комиссияларының мәжiлiстерi олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы.

3. Аумақтық референдум комиссиялары өзiнiң шешiмдерiн олардың мүшелерi жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылдайды.

Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06 № 376, 2004.11.24 № 604 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

 

23-бап. Учаскелiк референдум комиссияларының өкiлеттiктерi

1. Учаскелiк референдум комиссиялары:

1) алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);

2) азаматтарды республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тiзiмiмен таныстырады, тiзiмдегi қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарайды, оларға тиiстi өзгертулер енгiзу туралы мәселелердi шешедi;

3) азаматтарды дауыс беретiн күн, уақыт, орын және оның тәртiбi туралы хабардар етедi;

4) үй-жайларды дайындайды және дауыс беруге арналған кабиналар мен урналардың жасалуын қамтамасыз етедi;

5) референдум өткiзiлетiн күнi учаскеде дауыс берудi ұйымдастырады;

6) учаскеде дауыстың саналуын жүргiзедi және дауыс берудiң нәтижелерiн анықтайды;

7) учаскеде дауыс беруге дайындық пен оны ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi арыздар мен шағымдарды қарайды және солар бойынша шешiмдер қабылдайды;

8) бюллетеньдердi жарамсыз деп тану туралы шешiм қабылдайды.

2. Учаскелiк референдум комиссияларының мәжiлiстерi олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы.

3. Учаскелiк референдум комиссиялары өздерiнiң шешiмдерiн, осы Конституциялық заңға сәйкес шешiм қабылдау үшiн комиссия мүшелерi жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусы қажет болатыннан басқа реттерде, олардың мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылдайды.

Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06 № 376, 2004.11.24 № 604 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

 

24-бап. Референдум комиссияларының қызмет жағдайларын қамтамасыз ету

1. Референдум комиссияларының өз өкiлеттiктерi шегiнде қабылдаған шешiмдерi тиiстi аумақтағы барлық мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғаларының орындауы үшiн мiндеттi.

2. Референдум комиссиясының төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы немесе мүшелерi комиссиясының шешiмi бойынша, референдум өткiзуге арналып бөлiнген қаражат есебiнен орташа жалақысын сақтай отырып, референдумға дайындық пен оны өткiзу кезеңiнде өндiрiстiк немесе қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатыла алады.

3. Мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, ұйымдар, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғалары референдум комиссияларының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруында оларға жәрдемдесiп отыруға, жұмысы үшiн қажеттi мәлiметтер мен материалдарды табыс етуге, өзге де көмек көрсетуге мiндеттi.

 

 

III тарау
Республикалық референдумды өткiзу тәртiбi

 

25-бап. Республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмi

Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмiн жасау, оған азаматтарды енгiзу, олардың тiзiмге енбей қалу, тiзiмге дұрыс енгiзiлмеу немесе тiзiмнен шығарылып тастау жәйттерiне, онда жiберiлген жаңсақтықтарға шағымдану, сондай-ақ өздерiнiң жүрген орнын ауыстырған жағдайда азаматтардың референдумға қатысу құқығын қамтамасыз ету «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

 

26-бап. Республикалық референдум өткiзу кезiнде дауыс беру уақыты мен оның орны туралы хабарлау

1. Дауыс беру уақыты мен орны туралы учаскелiк референдум комиссиясы азаматтарға дауыс беретiн күннен кемiнде он күн бұрын хабарлайды.

2. Дауыс беретiн үй-жайда көрнектi жерде референдумға қойылған мәселенiң, Конституция, конституциялық заң, заң жобаларының, оларға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулардың мәтiнi iлiнуге тиiс.

 

27-бап. Республикалық референдум өткiзу кезiнде дауыс беруге арналған бюллетень

1. Дауыс беруге арналған бюллетеньде қойылған әрбiр мәселенiң тұжырымдамасы және дауыс берушiнiң жауаптарының нұсқалары келтiрiледi.

2. Егер референдумға бiрден бiрнеше мәселе қойылған болса, олардың әрқайсысы үшiн пайдаланылатын дауыс беруге арналған бюллетеньдер түсi жағынан ажыратылуға тиiс.

3. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер қазақ тiлiнде және орыс тiлiнде, сондай-ақ тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында жинақы тұратын халықтың көпшiлiгiнiң тiлiнде шығарылады.

4. Дауыс беруге арналған бюллетеньдердi жасау тәртiбiн Орталық референдум комиссиясы белгiлейдi.

5. Учаскелiк референдум комиссиялары дауыс беру өткiзiлерден кемiнде жетi күн бұрын дауыс беруге арналған бюллетеньдермен қамтамасыз етiледi.

 

28-бап. Республикалық референдумның қорытындыларын шығару кезiндегi жарамсыз бюллетеньдер

1. Референдумның қорытындыларын шығару кезiнде:

1) белгiленбеген үлгiдегi;

2) учаскелiк референдум комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;

3) референдумға қойылған мәселеге қайтарылған жауаптар нұсқаларының бiрде-бiреуi белгіленбеген;

4) оларда референдумда дауыс бергендердiң еркiн бiлдiруiн анықтау мүмкiн болмаған бюллетеньдер жарамсыз бюллетеньдер деп танылады.

Ескертпе. ҚР 05.11.2022 № 156-VII Конституциялық заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда көзделген (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі):

4) белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, оларда сондай-ақ сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн болмаған бюллетеньдер жарамсыз бюллетеньдер деп танылады.

2. Референдумға қойылған мәселеге жауаптардың барлық нұсқалары белгіленген бюллетеньдер жарамды деп танылады, бiрақ дауысты санау кезiнде есепке алынбайды.

3. Референдумның нәтижелерiн шығару кезiнде бюллетеньдердiң жарамсыз деп танылуына байланысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда мәселені дауыс беру жолымен учаскелік референдум комиссиясы шешедi. Бұл ретте шешiм комиссия мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екісiнiң дауысымен қабылданады.

Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2004.11.24 № 604 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); 05.05.2022 № 119-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

 

29-бап. Республикалық референдум өткiзу кезiнде дауыс беру

Референдумда дауыс беру мерзiмi, орны, ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгiленген ережелерге сәйкес айқындалады.

Азамат дауыс берген кезде өзі дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгіні қояды.

Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376; 05.05.2022 № 119-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

 

30-бап. Дауысты санау және республикалық референдум нәтижелерiн анықтау

1. Учаскелiк референдум комиссиясы дауысты санау кезiнде:

1) учаскедегi республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жалпы санын;

2) бюллетень алған азаматтардың санын;

3) дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы санын;

4) әрбiр мәселенiң оң шешiмiн жақтап берiлген дауыс санын және әрбiр мәселенiң терiс шешiмiн жақтап берiлген дауыс санын;

5) жарамсыз деп танылған бюллетеньдер санын;

6) жарамды деп танылған, бiрақ дауысты санаған кезде есепке алынбайтын бюллетеньдер санын белгiлейдi.

2. Учаскеде дауыс санауға және әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсте дауыс беру нәтижелерiн анықтауға байланысты өзге мәселелер осы Конституциялық заңға қайшы келмейтiн бөлiгiнде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.

Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

 

31-бап. Республикалық референдумның қорытындыларын шығару

1. Орталық референдум комиссиясы дауыс берудiң нәтижелерi туралы табыс етiлген хаттамалардың негiзiнде:

1) Қазақстан Республикасының референдумға қатысу құқығы бар азаматтарының жалпы санын;

2) дауыс беруге қатысқан азаматтардың санын;

3) референдумға қойылған мәселенiң оң шешiмiн жақтап дауыс берген, референдумға қойылған мәселенiң терiс шешiмiн жақтап дауыс берген азаматтардың санын және дауыс беруге қойылған жекелеген әрбiр мәселе бойынша жарамсыз деп танылған бюллетеньдердiң санын анықтайды.

2. Егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады.

3. Егер дауыс берудiң нәтижесiнде референдумға қойылған мәселе бойынша оның оң шешiмiн жақтап дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан көбi дауыс берсе, ол жөнiнде шешiм қабылданды деп саналады.

Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

4. Дауыс берудiң қорытындылары Орталық референдум комиссиясының мәжiлiсiнде шығарылып, хаттамамен ресiмделедi, оған Орталық референдум комиссиясының Төрағасы, Төрағаның орынбасары, хатшысы мен мүшелерi қолдарын қояды және қаулымен бекiтедi.

5. Егер референдум барысында немесе дауыстарды санау не дауыс беру нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды немесе «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын бұзу орын алған болса, Орталық референдум комиссиясы референдум нәтижелерiн шығару кезiнде оның жекелеген учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде) өткiзiлуiн жарамсыз деп тани алады.

Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376, 2008.05.04 № 30-IV Конституциялық заңдарымен.

 

32-бап. Республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi Республиканың Конституциялық Кеңесiнiң қарауы

Ескертпе. ҚР 05.11.2022 № 156-VII Конституциялық заңымен 32-баптың тақырыбына өзгеріс енгізу көзделген (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі):

32-бап. Республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi Республиканың Конституциялық Сотының қарауы

1. Республика Президентiнiң, Парламент Палаталары төрағаларының, Парламент депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша Конституциялық Кеңес даулы жағдайда республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi шешедi. Мұндай ретте республикалық референдум нәтижелерiн шығару өтiнiштiң қаралу кезеңiне кiдiртiледi.

Ескертпе. ҚР 05.11.2022 № 156-VII Конституциялық заңымен 1-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі):

1. Республика Президентiнiң, Парламент Палаталары төрағаларының, Парламент депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша Конституциялық Сот даулы жағдайда республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi шешедi. Мұндай ретте республикалық референдум нәтижелерiн шығару өтiнiштiң қаралу кезеңiне кiдiртiледi.

2. Орталық референдум комиссиясы республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы дау туындаған жағдайда референдумға дайындық пен оны өткiзуге байланысты материалдарды Конституциялық Кеңеске бередi.

Ескертпе. ҚР 05.11.2022 № 156-VII Конституциялық заңымен 2-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі):

2. Орталық референдум комиссиясы республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы дау туындаған жағдайда референдумға дайындық пен оны өткiзуге байланысты материалдарды Конституциялық Сотқа бередi.

3. Конституциялық Кеңес Конституция бұзылған жағдайда референдумды Республика Конституциясына сәйкес емес деп тануға хақылы. Мұндай жағдайда Орталық референдум комиссиясы референдум Конституцияға сәйкес емес деп танылған учаскелердегi (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi) референдум нәтижелерiн жарамсыз деп тану, сол учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде) бiр айдың iшiнде қайта дауыс берудi өткiзу туралы шешiм қабылдайды.

Ескертпе. ҚР 05.11.2022 № 156-VII Конституциялық заңымен 3-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі):

3. Конституциялық Сот Конституция бұзылған жағдайда референдумды Республика Конституциясына сәйкес емес деп тануға хақылы. Мұндай жағдайда Орталық референдум комиссиясы референдум Конституцияға сәйкес емес деп танылған учаскелердегi (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi) референдум нәтижелерiн жарамсыз деп тану, сол учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде) бiр айдың iшiнде қайта дауыс берудi өткiзу туралы шешiм қабылдайды.

4. Конституцияға сәйкес емес деп танылған республикалық референдумның нәтижелерi Орталық референдум комиссиясының шешiмiмен тиiстi дауыс беру учаскелерiнде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде) жарамсыз деп танылады. Өткiзiлген референдумды Конституцияға сәйкес деп тану референдумның қорытындыларын шығаруды жүргiзе беруге әкеп соғады.

 

33-бап. Республикалық референдумның қорытындыларын жариялау

Референдумның қорытындылары туралы Орталық референдум комиссиясының ресми хабары дауыс беру өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрiлмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

 

IV тарау
Қорытынды ережелер

 

34-бап. Республикалық референдум қабылдаған шешiмдердiң күшiне енуi

Референдумда қабылданған Конституция, конституциялық заңдар, заңдар, олардағы өзгертулер мен толықтырулар, референдумға қойылған өзге де шешiмдер, егер Конституцияның өзiнде, конституциялық заңда, заңда, олардағы өзгертулер мен толықтыруларда, референдумда қабылданған өзге де шешiмде басқа мерзiм белгiленбесе, референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

 

35-бап. Республикалық референдум қабылдаған шешiмдердiң заң күшi және міндеттiлiгi

1. Референдум қабылдаған шешiмнiң Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар және Республика Президентiнiң немесе мемлекеттiк өкiмет органдарының актiлерiмен қандай да бiр қуаттауды қажет етпейдi.

2. Референдум қабылдаған шешiм мен Республика Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң арасындағы сәйкессiздiктер Конституцияны, конституциялық заңдарды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi референдум қабылдаған шешiмге сәйкес келтiру арқылы жойылады.

 

36-бап. Республикалық референдум туралы заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

1. Республика азаматының референдумға қатысу жөнiндегi құқығын еркiн жүзеге асыруына, оған қойылған мәселе (мәселелер) бойынша үгiт жүргiзуiне қандайда болсын нысанда кедергi келтiру, сайлау құжаттарын қолдан жасау, дауыстарды қасақана дұрыс санамау, дауыс беру құпиясын бұзу немесе республикалық референдум туралы заңды өзге де бұзу заңда белгiленген тәртiппен жауаптылыққа әкелiп соғады.

2. Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың референдум ұйымдастыру және өткiзу мәселелерi жөнiндегi iс-әрекетiне сотқа шағым жасалу мүмкiн.

 

37-бап. Осы Конституциялық заңды күшiне енгiзу тәртiбi

Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

 

Қазақстан Республикасының

Президенті


 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен: