National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Президент «ALACEM» цемент зауытының жұмысымен танысты

2023 жылғы 26 қазан

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңіріндегі ірі өндіріс ошақтарының бірі саналатын «ALACEM» цемент зауытын аралап көрді.

2020 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған Қазақстан-Сингапур бірлескен кәсіпорнында құрғақ әдіспен жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіріледі. Жоба құны – 47 миллиард теңге. Зауытта, негізінен, азаматтық және өндірістік нысандар құрылысында кеңінен пайдаланылатын M400, M450, М500 маркалы цемент түрлері шығарылады. Мысалы, Үлкен Алматы өзеніне салынған «Аюсай» бөгетінің құрылысына осы зауыттың өнімі қолданылған.

Кәсіпорынның басқарушы директоры Станислав Щербаковтың айтуынша, зауыт Алматы қаласының, Жетісу және Алматы облыстарының цемент өніміне деген сұранысын 65 пайызға дейін қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру барысында экологиялық таза, қалдықсыз өндіріс стандарттарына сай келетін озық технологиялар қолданылған. Сондай-ақ өнім процесін басқару үшін DCS интеллектуалды жүйесі енгізілген.

Кәсіпорынның өндіріс және көлік-логистикалық учаскелерінде 600 адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар өнімді өткізу, дилерлік желілер арқылы қосымша 200-ге жуық жұмыс орны ашылды.

Компания зауытты іске қосқалы бері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Кербұлақ ауданының дамуына 2,7 миллиард теңге қаржылай қолдау көрсеткен. Бұл қаражат Сарыөзек – Көктал жолын жөндеуге және аудандағы әлеуметтік жобаларға жұмсалды.

Мемлекет басшысы зауыт жұмысшыларымен әңгімелесіп, осындай ірі өндірістің ашылуы құрылыс индустриясын дамыту, әсіресе, жергілікті инфрақұрылымды жетілдіру үшін маңызды екенін атап өтті.

Бұған қоса компания құрылтайшылары елімізде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың ауқымын кеңейтіп жатыр. Атап айтқанда, 2021 жылы Абай облысының Жарма ауданындағы «Қазақцемент» кәсіпорнын сатып алып, модернизация жасау арқылы 450 жұмыс орнын ашқан. Сонымен қатар таяу жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданында тағы бір цемент өндіру зауыты іске қосылмақ. Зауыт өнімі көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттеріне экспортталады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің