Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қайраткері, дипломат, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбековті қабылдады.
Кездесу барысында былтыр қараша айында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X cаммитінде Қазақстан тарапы Ұйымның қазіргі төрағасы ретінде ұсынған «Түркі дәуірі!» («TURKTIME!») бағдарламасының басты бағыттарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі тілдес мемлекеттердің мәдени, рухани, тарихи, саяси-экономикалық салалардағы байланыстарын нығайту қажет екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы университеттердің филиалын ашу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ортақ құндылықтарды дәріптеу, сонымен қатар қаржы, жасанды интеллект, IT және аэроғарыш өнеркәсібі секілді экономиканың басым бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру жұмыстарына баса назар аудару керектігін атап өтті.
Өз кезегінде Икрам Адырбеков Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы, бүкіл түркі халықтарына ортақ тарихи шаһар ретінде дамыту үшін атқарылуға тиіс шаралар туралы ой-пікірімен бөлісті.
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесі бауырлас халықтардың өзара ықпалдастығын арттыруға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.