Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-фин үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Вилле Скиннариді қабылдады.
Мемлекет басшысы министрге ілтипат білдіре отырып, фин делегациясының сапары екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жылда Финляндия Солтүстік Еуропа мемлекеттері арасында экономикамызға ең көп инвестиция құйған екінші елге айналды. Сонымен қатар Финляндияның Орталық Азия елдерімен сауда айналымының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің сауда-экономикалық, көлік-логистика және білім беру салаларындағы серіктестігін нығайту маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы фин кәсіпкерлерінің Қазақстанға құятын инвестициясын ұлғайта түсу үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Вилле Скиннари құрметпен қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге әлеует мол екенін мәлімдеді.
Министр Қазақстанға сапармен келген делегация құрамында Nurminen Logistics Plc, Nokia, Lamor, Wärtsilä Finland, PayIQ, EPSE секілді 8 ірі фин компаниясының өкілдері бар екенін жеткізді. Алдағы кездесулер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланады.
Бұдан бөлек, фин тарапы Астанадағы Финляндия елшілігі жанынан Орталық Азия елдерінің азаматтарына қызмет көрсететін виза хабын ашады.
Әңгімелесу барысында халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Саули Ниинистёге ізгі тілегін жолдап, Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.