National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Президент «Каспий» су тұшыту зауытына барды

2022 жылғы 07 қараша

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұшыту зауытының жұмысымен танысты.

Президентке зауытты кеңейту жобасының орындалу барысы туралы баяндалды. Тәулігіне 20 мың текше метр таза су өндіретін зауыттың қуатын екі есеге дейін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс басшылығының айтуынша, қазірдің өзінде Мұнайлы ауданының елді мекендері мен Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Өңірде халық санының артуына және туристік кластердің дамуына байланысты «Каспий» су тұшыту зауытының өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арттыру қажеттігі туындаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді ауызсумен қамтамасыз ететін кәсіпорынның маңызы зор екенін атап өтіп, зауытты жаңғырту жұмысы сапалы орындалатынына сенім білдірді.

– Бұл – өте қажетті, керек жоба. Мен бүгінгі жиында нақты мәселелерді айттым. Мұндай жобаларсыз қиын болады. Израиль, Сауд Арабиясы, Сингапур сияқты таза ауызсуы жоқ елдер көп. Сондықтан біз де міндетті түрде озық технологияларды енгізуіміз қажет. Үкіметке тапсырма берілді. Каспийдің де деңгейі түсіп барады. Мұны да ойлануымыз керек, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы зауыт жұмысшыларымен әңгімелесіп, олардың халық үшін пайдалы іс атқарып жатқанын атап өтті. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің