National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты

2023 жылғы 19 мамыр

 

ҚХР, Сиань қаласы

 

 

 

Мемлекет басшысы өз сөзінде алғашқы «Орталық Азия – Қытай саммиті  – өте маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті. Президент іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты.

Ол бүгінде Қытай әлемдік держава ретіндегі өзінің мәртебесін нығайтып келе жатқанын және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынын, экономикалық және технологиялық дамудың қозғаушы күші екенін атап өтті.

– Қытай – әлемдегі ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру біздің көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін береді. Қазақстан осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Қазіргі таңда елімізде ұлттық экономикамызды әртараптандыру үшін ауқымды әрі жан-жақты реформа жүргізіп жатырмыз. Шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасауға және кедергілерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында елімізге 350 миллиард доллардан астам инвестиция тартылғанын айтты. Соның 23 миллиард доллардан астамы – Қытайдың еншісінде. Президент Қытаймен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екенін жеткізді.

– Кеше мемлекеттік сапарымның аясында инвестициялық форум өтті. Жиында жалпы құны 22 миллиард доллар болатын бірқатар келісімге қол қойылды. Қазақ тарапы бұл келісімдерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Географиялық жағдайымызды ескерсек, біздің еліміз аймақтың және тұтас құрлықтың маңызды көлік-логистика дәлізі бола алады. Қазақстан осы аймақтағы елдердің Қытаймен ынтымақтастығын нығайту үшін өзінің экономикалық және логистикалық әлеуетін жұмылдыруға әзір. Осыған орай, Қазақстан достас Қытаймен ынтымақтастықты нығайту үшін өзінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін іске қоса алады. Елдеріміздің сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларға жетті. Төраға Си Цзиньпинмен  бұл көрсеткішті 40 миллиардқа дейін жеткізу жөнінде уағдаластық. – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы аймақтағы ел басшыларының бірлескен күш-жігерін талап ететін ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Ең алдымен, тауар айналымының көлемін арттыру мәселесі қозғалды.

– Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы   мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы (31 млрд доллар) Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы  тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Осы ретте, тауар түрлерін көбейту арқылы экспортты ұлғайту маңызды. Мысалы, Қазақстан шикізатқа жатпайтын 135  түрлі тауардың Қытайға экспортын көбейте алады. Қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық сауда орталығы пандемияға байланысты үш жыл тоқтап тұрды. Өткен айда оның жұмысы қайта жанданды. Орталық Азия мемлекеттерін осы сауда-логистика хабының әлеуетін бірге пайдалануға шақырамын. Бұл – әсіресе, Қытаймен ортақ шекарасы жоқ мемлекеттер үшін аса маңызды. Біз қытайлық инвестициялық серіктестермен бірлесіп, шекарада екінші құрғақ порт салуды жоспарлап отырмыз. Осы саладағы тәжірибені ескере отырып, бұл портты жаңа талапқа сай жасаймыз.

Мемлекет басшысының пікірінше, электронды коммерция саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер бар. Бұл бағытта Қытай әлемде көш бастап тұрғаны сөзсіз.

– Қытайдың «Alibaba Group», «JD.COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда, Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды. Кеше JD.COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Болашақта өзара сауда-саттығымыз арта түсетіні анық. Біз осыны ескере отырып, жаңа кеден қоймаларын ашуға белсене кірістік. Осы орайда, серіктестерімізге  тауарын біздің қоймаларымызда сақтауды ұсынамыз. Бұл логистика тұрғысынан алғанда өте қолайлы екенін айта кеткен жөн. Сонда  Орталық Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да тауар тасымалдау мерзімін азайтуға мүмкіндік туады. Бұл жұмысты  «С5+Сhina» бірыңғай электронды сауда платформасын енгізу арқылы үйлестіруге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуды тағы бір басым бағыт деп санайды. Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрын Астанада Төраға Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» мегажобасының тұжырымдамасын жария етті. Содан бері бұл бастаманың тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді.

– Қазақстан – Қытайдың жақын көршісі әрі сенімді серіктесі. Сондықтан «Бір белдеу – бір жол» жобасына атсалыса береді. Осы орайда Қазақ-қытай шекарасында үшінші темір жол өткелін ашу маңызды қадам болмақ. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі «Қытай – Орталық Азия-Еуропа» бағдарының негізгі бөлігі саналады. Бүгінде осы бағыттың стратегиялық маңызы арта түсті. Біз оның көлік өткізу мүмкіндігін кеңейте береміз. Ол үшін цифрлық тәсілдерді енгізіп, инфрақұрылымды жаңғыртамыз. Қытай сыртқа өте көп жүк жөнелтеді. Осы бағыттың әлеуетін толық пайдалану үшін бірлесе жұмыс істеуіміз қажет деп есептеймін. Біз қытайлық серіктестермен бұл салада өзара тиімді ықпалдастық орнатуға мүдделіміз. Каспийдегі теңіз порттарының мүмкіндігін кеңейту ісіне атсалысуға шақырамыз. Порт қызметін цифрландыру және жүк кемелерін жасау үшін бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолы біздің елдерімізге зор мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайту керек. Бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады. Аймақтағы жобаларға Қытайдың атсалысуы олардың табысты ілгерілеуіне өз септігін тигізері анық. 

– Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн. Сондай-ақ автокөлік жасау сияқты ғылымға негізделген салалардың келешегі зор. Қазақстан мен Қытайдың бұл бағыттағы ынтымақтастығы жаңа деңгейге шыққанын атап өткім келеді. Біз жеңіл және жүк көліктерін (JAC)  жасай бастадық. Электромобиль шығару жобасын жүзеге асырдық ( JAC iEV7s, YUTONG және Golden Dragon электр автобустары). Осындай автокөліктерді қуаттайтын стансалардың инфрақұрылымы жасалып жатыр. Кеше қытай көліктерін құрастыратын өндірісті іске қосу туралы келісімге қол қойылды. Елімізде литий, кобальт, никель және басқа да сирек элементтердің мол қоры бар. Біз осы салада жан-жақты  ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз. Қазақстанның бірқатар облысында белгілі қытай көліктерінің өндірісі табысты жұмыс істеп жатыр. Біз қытай компанияларын осы аймақтарда автомобиль кластерін құруға шақырамыз. Біздің Үкіметіміз өзара ынтымақтастықты дамыту үшін барлық жағдайды жасап, мүдделеріңізді қорғайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент энергетика саласында, соның ішінде мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар деп есептейді. Қазақстан мұнай экспортын көбейтуге мүдделі. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отыр.

– Қолданыстағы құбырлардың, яғни «Атырау-Кеңқияқ» және «Кеңқияқ-Құмкөл» құбырының мұнай тасымалдау мүмкіндігін арттыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі ұдайы өсіп келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шығатын өнім көлемін жылына 6 миллион тоннадан  12 миллион тоннаға дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін жетілдіру Қазақстан үшін басым бағыт саналады. Біз үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбырының екінші тармағын салу өте маңызды. Қашаған кенішінде жылына 4 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысына да баса мән береміз. Қытайлық достарымыз аймақтағы осы маңызды жобаларға қолдау көрсетуді жалғастырады деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту маңызды екеніне тоқталды. Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрлерін көбейтуге мүдделі.

– Еліміз бидай және ұн өндіретін әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Шаруаларымыз сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын. Олар экологиялық жағынан таза әрі жоғары сұрыпты ет пен органикалық өнімдерді де көптеп жеткізе алады. Есесіне, бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз. Біз мемлекеттеріміздің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек. Сонда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтамыз. Бұл қадам бәріміздің мүддемізге сай келеді. Осы ретте мен «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн. Бұл істе қытайлық серіктестеріміздің тәжірибесі мен мүмкіндігі аса қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін ынтымақтастықтың келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Президент Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сәйкес, 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауызсуға мұқтаж болуы мүмкін.

– Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет. Су ресурстарын өзара келісіп, ұтымды пайдалану біз үшін өте маңызды. Суды үнемдеп жұмсауға және жер суаруға қатысты тиімді цифрлық тәсілдерді қолданысқа енгізудің орны бөлек. Қытай бұл салада зор табысқа жетті. Сол үшін Қытаймен бірге су шаруашылығы саласына жаңа технология енгізу жоспарын әзірлеуді ұсынамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы мәдениет және білім ынтымақтастығын, сондай-ақ туризмді дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Осы мақсатта Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді.

– Орталық Азия елдерінің мәдениеті – бай, көрікті жерлері де – көп. Соның бәрі қытайлық туристер үшін қызықты болары анық. Осы орайда мен «Жібек жолы» туристік операторларының тізімін жасауды ұсынамын. Топтық турлар үшін визасыз режим енгізіп, бірыңғай туристік кластер құру қажет. Сол кезде қытай туристері бір сапарда Орталық Азияның бірнеше еліне бара алады. Аймақтар арасындағы ынтымақтастық мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Мысалы, шаһарларымыздың өзара бауырлас қала атануы өте маңызды. Кеше Шымкент пен Сиань қалалары және Солтүстік Қазақстан облысы мен Шяньси аймағы арасында ресми түрде бауырластық байланыс орнады. Сиань қаласында Қазақстанның бас консулдығы ашылады. Бұдан бөлек, білім беру және ғылым саласындағы ықпалдастықты нығайту керек. Жастарымыздың тұрақты байланыста болғаны абзал. Біз білікті маман даярлау ісіне және адам капиталын дамытуға баса мән береміз. Қазақстанда әлемдегі үздік техникалық университеттердің бөлімшелерін ашуға күш салып жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету басты міндеттің бірі екенін атап өтті. Қытай Халық Республикасы аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Барлық елдің аумақтық тұтастығын және егемендігін сақтауға қатысты Бейжіңнің берік ұстанымы еш өзгерген емес. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатынан айнымай келеді. Қытайдың осы берік ұстанымы ерекше құрметке лайық.

– Қазақстан да Қытайдың Орталық Азияға қатысты жүргізіп отырған бейбіт сыртқы саясатын құптайды. Біз Бейжіңнің тұрақты дамуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Орталық Азияның қашанда ынтымағы жарасқан, жасампаз аймақ ретінде дамығанын қалаймыз. Осы өңірді геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз. Бүгінде елдеріміз жоғары деңгейде екіжақты қарым-қатынас орнатқан. Аймақтық және халықаралық ұйымдар аясындағы көпжақты ықпалдастығымыз да нығая түсуде. Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің мақсат-міндеттерін бірлесіп орындап келеміз. Қазір халықаралық саясаттағы ахуал – күрделі. Жаһандық саясаттағы бақталастарды елдестіру үшін көп күш-жігер жұмсау қажет. Си мырзаның «Жаһандық қауіпсіздік бастамасы» әлемнің тұрақты дамуын қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Украинадағы дағдарысты реттеуге қатысты Қытайдың сындарлы ұстанымын Қазақстан жоғары бағалайды. Ауғанстан мәселесіне келер болсақ, осы елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін халықаралық қауымдастықтың күш жұмылдыруы өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көтерген бастамалардың бәрі еліміздің жан-жақты ынтымақтастық пен мызғымас қарым-қатынасты нығайта түсуге ұмтылысын көрсететінін айтты.  Сол себепті тиімді серіктестіктің стратегиялық бағдары жалғастыра беру маңызды. Сондай-ақ Президент сөзінің соңында Орталық Азия мен Қытайдың екінші саммитін Қазақстанда өткізуге әзір екенін жеткізді.

Саммите сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов,  Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

«Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойды және бірқатар бастаманы қабылдады. Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді.

Ресми шара аяқталғаннан кейін Орталық Азия мен Қытай басшылары Халықаралық конференция орталығының алдында ағаш отырғызу шарасына қатысты.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің