National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады

2021 жылғы 23 желтоқсан

Мемлекет басшысына еліміздің энергетика саласының дамуы жөнінде баяндалды.

Мағзұм Мырзағалиев Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарындағы жобаларды іске асыру арқылы 2030 жылға қарай мұнай өндіру көлемін 104,2 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты.

Президентке мұнай өнімдері нарығындағы жағдай туралы және алдағы уақытта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау шаралары жөнінде мәлімет берілді. Министрдің айтуынша, мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарының мерзімін қысқарту және 200 мың тонна көлемінде мұнай өнімдерінің резервтік қорын қалыптастыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына елімізді газбен қамту жобалары жөнінде баяндалды. Министрдің ақпаратына сәйкес қазіргі таңда газбен қамтылған халықтың саны 10,3 миллионнан асты, ал газбен қамтамасыз ету деңгейі 55 пайызды құрады. Солтүстік және шығыс өңірлерге газ жеткізу арқылы 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 65 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте «Бейнеу – Бозой – Шымкент», «Бейнеу – Жаңаөзен» және «Бұхара – Орал» газ құбырларының қосымша желілерінің салынуы табиғи газға деген жоғары сұранысты өтей алады.

Энергетика министрі Президентке энергия жүйесіндегі қазіргі ахуал және электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін қабылданған жедел шаралар, сондай-ақ 2030 жылға дейін газ, мұнай, мұнай-газ-химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу, электр энергетикасы мен жаңартылатын қуат көздері салалары бойынша жалпы құны 30 триллион теңге болатын 157 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспары жөнінде айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ-химия саласын дамытудың аса маңызды екеніне назар аударып, Мағзұм Мырзағалиевке бірқатар тапсырма берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің