Ресей Федерациясы, Трубино деревнясы Қасым-Жомарт Тоқаев Ржев округі Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына гүл шоғын қойды. Мемлекет басшысы Ржев түбіндегі сұрапыл шайқас кезінде қаза тапқан және із-түзсіз жоғалған боздақтардың рухына тағзым етті. Бауырластар зиратында қолында автоматы бар жауынгердің мүсіні орнатылған. Ескерткіштің жанындағы таста «1941-1945 жылдары неміс-фашист басқыншыларынан Ржевті азат ету үшін болған шайқаста қаза тапқан 881-ші атқыштар дивизиясы мен 331-ші зеңбіректі артиллериялық полктің майдандас жауынгерлеріне» деп жазылған. Бұл жерде 2 мыңнан астам сарбаз жерленген. Олардың қатарында Президенттің ағасы – Қасым Болтаев та бар.