National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын, гранттарын тапсырып, алғыстарын жеткізді

 

Мемлекеттік хатшы Қазақстанның барша журналистерін кәсіби мерекелерімен – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен құттықтады.

Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлықтары «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Қайсар Әлімге, «Шалқар» радиосының бас редакторы Көпен Әмірбекке, «Экспресс К» газеті бас редакторының орынбасары Илья Гукке, «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Атсалим Идиговке, «Нұр-Астана» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсірепке беріліп отыр.

Қазақстан Республикасы Президентінің гранттары «Хабар» телеарнасының ақпараттық-талдамалық бағдарламалары дирекциясы ақпараттық бағдарламалар бөлімінің бас редакторы Зейін Әліпбековке, Қазақ радиосының шолушысы Маралтай Ыбыраевқа, «Астана ақшамы» газетінің бөлім меңгерушісі Раушан Мырзахметке, «Дала мен Қала» газетінің бас редакторы Сапарбай Парманқұловқа, «BNews.kz» ақпарат агенттігінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Анжелика Чуднецоваға, «Астана» телеарнасындағы «Гүлжан Мұқышеваның күнделігі» телевизиялық бағдарламалық шығармашылық ұжымына тапсырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысын «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» КАҚ бас редакторы Әділ Дүйсенбек, «Жиһан» жаңалықтар агенттігінің Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Доган Йылдыз, «Деловой Қазақстан» газетінің тілшісі Ирина Лис, «Алаш айнасы» газетінің шығармашылық ұжымы, «Индустриальная Караганда» газетінің шығармашылық ұжымы иеленді.

Мемлекеттік хатшы журналистерді құттықтай келе, биылғы жылы Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттары он алтыншы рет беріліп отырғанын атап өтті.

– Тәуелсіздік жылдары Елбасымыздың қамқорлығы арқасында Қазақстанда азат ақпарат кеңістігі қалыптасты. Кеңес Одағы тұсында қалалық деңгейдегі газет ашу үшін тек Мәскеудің рұқсаты керек болатын. «Алматы ақшамы» газетін ашу үшін қанша машақаттың қажет болғандығын аға буын журналистер ұмыта қоймаған болар деп ойлаймын. Бүгінде кез-келген газет, журнал ашу үшін оны Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркеуден өткізсе жеткілікті. Бұдан артық қандай еркіндік қажет. Ендеше қалам ұстаған қауым осы қамқорлықты қадірлей білуі керек. Азат елдің ақпарат құралдары ұлтты ұйыстыруға, алуан ұлт өкілдерін береке-бірлікке шақыруға, Елбасының зор сенімін ақтауға қызмет істеуі керек, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы Мемлекет басшысы бүгінде ел алдына үдемелі инновациялық-индустриялық дамуы, біздің қоғамның түбегейлі жаңаруы жөніндегі жаңа ауқымды міндеттер қойғанын атап көрсетті.

Лауреаттар өз сөздерінде оқиғаның ерекше маңызды екенін атап өтті, сондай-ақ өздерінің кәсіби қызметтеріне жоғары баға берілгені үшін алғыстарын айтты.

- Тәуелсіздік жылдары ішінде отандық бұқаралық ақпарат құралдары қарқынды дамыды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыйлықтары мен гранттарының жыл сайын берілуі Қазақстан журналистерінің кәсіби деңгейінің өсуінің маңызды факторының бірі болып табылады. Мен барша журналистер қоғамдастығына өздерінің күш-қуаты мен құлшынысын, кәсіби шеберлігі мен шығармашылық әлеуетін қоғамда келісім мен тұрақтылықты нығайтуға, еліміздің өркендеуі мен оның халықаралық беделінің артуына жұмсайды деп сенемін, - деп атап өтті Қайсар Әлім.

- Мемлекет басшысы атынан осындай сыйлық алу біз үшін зор құрмет. Бұл менің ғана емес, газеттің кәсіби ұжымының жеңісі деп санаймын. Біздің газет 90 жыл бойы ел дамуының өзекті мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Мұндай ең жоғары награданы алуымыз, біздің газеттің оқырмандарына бүгінгі тарихты кімдер жазатынын дәлелдеп отырғандай, - деді Илья Гук.

Өз кезегінде, Атсалим Идигов Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің кәсіби қызметін және ұлттық бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалағаны үшін алғысын айтты.

– Біздің бәріміз отандық бұқаралық ақпарат құралдары осы маңызды жұмысқа белсенді атсалысып жатқанын көріп отырмыз. Еліміз сіздердің адалдық пен принциптіліктеріңізді, сіздердің жанкешті және шығармашылық еңбектеріңізді лайықты бағалап отыр. Сіздердің материалдарыңыз бен репортаждарыңызда еліміздің тарихы жазылады. Бұл зор құрмет, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейді, – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Мемлекеттік хатшы сөзінің соңында журналистерді ел өмірінде өтіп жатқан оқиғалардан сырт қалмай, оған белсенді араласуға шақырды және оларға жаңа шығармашылық жетістіктер, журналистік қаламының әрдайым қарымды болуын және еліміз бен барша қазақстандықтардың игілігі үшін зор табыстар тіледі.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару