National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың ғылыми конференцияда сөйлеген сөзі

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Қадірлі зиялы қауым!

 

Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ұйымдастырылған алғашқы ғылыми-практикалық конференцияға қош келдіңіздер. Бұл ауқымды жиын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  өткен жылы айтулы тарихи датаны мемлекеттік деңгейде атап өту жөнінде қабылдаған саяси шешімінің нақты нәтижесі, іс жүзіндегі көрінісі  деп білемін. Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі жаңа тұрпатты Қазақстан мемлекетілігінің тарихында Қазақ хандығы аса қуатты мемлекеттік құрылымның бірі ретінде маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысы өткен жылы Ұлытауда берген ұлы сұхбатында: «қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталатынын, ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасатынын, одан кейін Алтын Орда орнығып, әрі қарай хандық дәуірге ұласатынын және біртіндеп бүгінгі Тәуелсіздікке келіп тірелетінін» атап өтті. Қазақ хандығы өзінің дамыған мемлекеттік басқару жүйесімен, құқықтық ережелерімен және сол замандағы өңірдегі ірі геосаяси ойыншылар – Ресей және Цин империяларымен орнықты әлеуметтік-экономикалық байланыстар жасау, сауда және дипломатиялық қарым-қатынастар жасаумен ерекшеленгені белгілі.

Қазақ хандығының генезисін, яғни қалыптасу, даму кезеңдерін сараптағанда дамыған шаруашылық формаларының орныққанының, яғни көшпенді және жартылай көшпенді өмір салтын ұстанып, жер өңдеу ісінің, кәріздік суару жүйесінің, кен өндірісінің болғанына көз жеткіземіз.  Ұлы Жібек жолы бойындағы көне шахарлар өркен жайып, қалалық сауда-саттық жүйесі қалыптасты, «Жеті жарғы» аталатын дала заңының жиынтығы бекітілді. 

Ғалымдар ұлы далада қазақ тайпаларын біріктірген хандық құрылымның қалыптасқаны туралы деректер іздестіргенде Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегіне және Қадырғали Жалайридің «Жамиат тауарих» туындысына сүйенетіні белгілі. Жалпы, бұл кезеңнің тарихнамасын одан кейін Левшин, Вельяминов-Зернов, Бартольд және басқа да белгілі ғалымдар жүйелегенін білесіздер. Ал, кеңестік кезеңде Ақынжанов, Сұлтанов, Пищулина және өзге де тарихшылар осы тақырыпты жалғастырып, елеулі ғылыми еңбектер жазғанын айрықша атап өтуіміз керек. Тәуелсіздік алғаннан кейін халықтың ұлттық санасы жаңғырып, жұртшылықтың Қазақ хандығының тарихын тереңнен тануға деген ықыласы артқаны мәлім. Десек те, төл тарихымыздың осы кезеңіне қатысты әлі де жүйелі зерттеуді қажет ететін «ақтаңдақтар», яғни, «Терра инкогниталар» бар.

Мысалы, біріншіден, отандық тарихшылардың алдында Қазақ хандығы тұсындағы мемлекеттік басқару жүйесін, саяси-қоғамдық қатынастарды, әлеуметтік-экономикалық, оның ішінде сол кезеңдегі қалалар мен қалашықтардың рөлін,  сондай-ақ мәдени-рухани аспектілерді жеке-жеке тақырып ретінде зерделеу міндеттері тұр.   Сонымен бірге, тарих төріне қазақ халқының ұлттық мемлекет ретінде шығу мәселесі де терең зерттеуді қажет ететінін айрықша атап көрсеткім келеді. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында: «Қазақ хандығын Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет» деп ерекше баға бергенін білесіздер.

Екіншіден, Қазақстан тарихын өңірлік және жалпыға ортақ дүниежүзілік тарихпен өзара байланыстыра зерттеу қажеттігін ескеруіміз керек. Сол кезеңдегі көрші елдермен қалыптасқан дипломатиялық, сауда-экономикалық, мәдени-рухани қарым-қатынастар зерттеу тақырыбына айналуы тиіс. Бұл бағытта шет елдерден әкелінген тарихи құжаттарды жүйелеумен қатар, Қазақстан тарихын зерттеумен айналысатын басқа  мемлекеттердегі гуманитарлық бағыттағы іргелі ғылыми-зерттеу құрылымдармен берік байланыстар орнатуға күш салу қажет деп санаймыз.  

Үшіншіден,  халықтың тарихи санасын жаңғыртуға, яғни  жастарға ұлттық тарихты, оның ішінде Қазақ хандығы кезеңінің маңыздылығын терең оқытуға ықпал етуіміз керек.

Ең бастысы, тарихи санасы нығайған ел ғана бәсекеге қабылетті болып, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясында Қазақстандай аса қуатты, мызғымайтын мемлекеттің мәртебесін биіктете беретінімізді халықтың зердесіне сіңіруіміз қажет. Қорыта айтқанда, бүгінгі конференцияда Қазақ хандығы тарихын зерттеу-зерделеуге қатысты алда тұрған келелі істерге даңғыл жол салатын, іргесін нықтайтын салиқалы да мазмұнды идеялар, ойлар және ұсыныстар қабылданады деп сенемін.

Конференция жұмысына сәттілік, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

 

2015 жылғы 16 ақпан


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару