National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Жиында Ұлттық қордың қаржысын тиімді пайдалану және жариялылығын қамтамасыз ету, білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі, сондай-ақ мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық деңгейінің рейтингін қалыптастыру мәселелері бойынша қабылданған іс-шаралар талқыланды.

Отырыс барысында Бас прокурор Ж.Асановтың,  Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевтің, Қаржы министрі Б.Сұлтановтың, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің, Мемлекеттік қызмет істері министрі Т.Донақовтың баяндамалары тыңдалды.

Г.Әбдіқалықова Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» ұлт жоспарында білім беру саласына ерекше назар аударылғанын атап өтті. Бес жыл ішінде білім беру саласындағы мемлекеттік шығыстар 2015 жылы 2011 жылғы 1 трлн теңге мөлшерінен 1 трлн 368 млрд теңгеге дейін өскен. Сонымен қатар, бұл саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған іс-шаралар жеткіліксіз, олар білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты азайтуға айтарлықтай ықпал ете алмай отыр.

Мәселен, 2014-2015 жылдардағы және 2016 жылғы 1 тоқсандағы қаржыға жүргізілген тексеріс нәтижелері бойынша, бюджеттік заңнаманы және мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзуға қатысты 1040 лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылған, білім беру жүйесінің 386 қызметкері жемқорлық қылмыс үшін сотталған.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік хатшы әлемдік экономикадағы күрделі жағдайда экономиканың банк, индустрия, құрылыс және өзге де секторларына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дағдарысқа қарсы қаржылай қолдау көрсету жөніндегі теңдессіз шаралар қабылдағанын атап өтті. Ұлттық қордан экономикалық және әлеуметтік негізгі бағдарламаларды іске асыруға мемлекет елеулі қаражат бөлді, бұл оны пайдалану барысында тиімділік пен жариялылықты қамтамасыз етуді талап етеді.

Сонымен қатар, Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жекелеген жобалардың іске асырылу барысында елеулі заң бұзу фактілері анықталуда, бұл жайт экономиканың дамуына және адал бәсекелестікке айтарлықтай кедергі келтіреді.

Мәселен, 2015 жылдан бастап құқық қорғау органдары Ұлттық қордың қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау және ұрлау фактілері бойынша мемлекетке 21,8 млрд теңге көлемінде зиян шектірген 53 қылмыстық істі тіркеген.

Осыған байланысты, уәкілетті мемлекеттік органдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне осы салаға, соның ішінде бұл процестерге қоғамдық бақылауды күшейтуді көздейтін шешімдер қабылдау барысында Мемлекет басшысының нұсқауына сәйкес жариялылықты қамтамасыз ету тапсырылған.

Комиссияның шешімімен уәкілетті органдарға орын алған барлық заң бұзу фактілері бойынша жұмыс жүргізу және алдағы уақытта осындай жөнсіздіктерге жол бермеу үшін алдын алу шараларын әзірлеу тапсырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия тарапынан мемлекеттік органдарға нақты ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару