National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласында өткен Арал халықаралық тұрақты даму форумына қатысты

Форумға Қызылорда облысының әкімі, Парламент Мәжілісінің депутаттары, бірқатар елдердің елшілері, орталық және жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова Арал теңізінің қасіреті ауыр экологиялық апаттың бірі болып отырғанын және мұның табиғатқа немқұрайлы қараудың  салдары екенін айтты.   

Мемлекеттік хатшы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында прагматизм туралы «Бұл өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу» екеніне назар аударғанын атап өтті.

Халықаралық Аралды құтқару қоры жұмыс жүргізіп келген жылдар ішінде Арал төңірегін экологиялық тұрғыдан сауықтыру және әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жөніндегі бағдарламалар жүзеге асырылды. Қазақстан Дүниежүзілік банктің қолдауымен теңіздің солтүстік бөлігін қалпына келтірді. Бұдан да ауқымды жұмыс атқарылуы тиіс екендігі атап өтілді.

Г.Әбдіқалықова Арал теңізі алабының проблемаларын шешу ісіне халықаралық қоғамдастық қолдау көрсетіп,  Орталық Азия мемлекеттері бұл бағытта одан әрі күш-жігерін жұмылдыра береді деп үміттенетінін жеткізді.

Форум аясында Арал төңірегін оңалту жөніндегі нақты жаңа жобалар және орнықты дамыту бағдарламалары бастау алды. Биоалуандылықты сақтауға, шөлейттендіруді тоқтатуға және көгалдандыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіруге, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған меморандумдар мен келісімшарттарға қол қойылды.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы Қармақшы ауданында болып, ондағы «Қорқыт ата» кешенін аралады. «Жыраулар үйі» мәдениет үйінің қызметімен, аудандық мұражай және кітапхана жұмысымен танысып, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару