National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елдегі үздік үкіметтік емес ұйымдарға сыйлықтар тапсыру рәсіміне қатысты

Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қалың жұртшылық қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы «Азаматтық қоғам, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар – демократияның ажырамас бөлігі» деп атап өткенін айтты.

Әлеуметтік ортаның белсенділігін арттырмайынша қоғамдық сананы жаңғырту мүмкін емес. Үкіметтік емес секторды нығайту осы үдерістің ажырамас бөлігі болып саналады.

Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық ҮЕҰ жақсы тәжірибе жинақтады. Бүгінде елімізде 19 680 ҮЕҰ тіркелген. Олар көбіне Астана мен Алматы қалаларында, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарында белсенді жұмыс жүргізуде. Үкіметтік емес ұйымдарда 29 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен мемлекеттік гранттар бар. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында соңғы 2 жылда ҮЕҰ құны 23 миллиард теңгеден асатын 4 мыңнан астам әлеуметтік жобаны іске асырды. 2016 жылдан бастап жобаларды мемлекеттік грант арқылы қаржыландыру әдісі енгізілді. Осы уақыт ішінде жалпы құны 800 миллион теңгеден асатын 70-ке жуық жоба іске асырылды.

Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықтар республикалық, салалық және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысқаны үшін 15 номинация бойынша беріледі. Әр номинациядағы сыйлықтың мөлшері – 4,5 миллион теңге.

Барлығы 230 өтінім келіп түсті. Ең көп өтінім мына бағыттар бойынша тіркелді: халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау – 53 өтінім немесе 23 пайыз, жастар саясаты мен балалар бастамасын қолдау – 28 өтінім немесе 12,2 пайыз, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау – 18 өтінім немесе 7,8 пайыз, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту – 18 өтінім немесе 7,8 пайыз.

59 үкіметтік емес ұйым сыйлық иегері атанды. Олардың арасында – «Ардагер» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Женский луч» қоғамдық бірлестігі, «Право» қоғамдық қоры, «Enactus Kazakhstan» жекеменшік қоры және басқа ұйымдар бар.

Іс-шара аясында еліміздің белгілі өнерпаздарының қатысуымен концерт өтті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару