Іс-шараға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, БҰҰ Даму бағдарламасы, Азия даму банкі сияқты халықаралық ұйымдардың, академиялық қоғамдастықтың, үкіметтік емес сектордың өкілдері қатысты.
Мемлекеттік хатшы өз құттықтауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында: «Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады» деп атап өткеніне тоқталды.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ережесіне және ұлттық ерекшеліктеріне сай Қазақстан үздік халықаралық тәжірибе негізінде сыбайлас жемқорлықтан азат қоғам қалыптастыруға ұмтылатын заманауи мемлекеттің өзіндік моделін жасады, – деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы «Бес институционалдық реформа» және Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі жаңғырып жатқанын атап өтті. Заңнамалық база жетілдірілуде, берік институционалдық негіз қалыптасты, мемлекеттік қызметшілердің адамгершілік және этикалық мінез-құлқына қойылатын нақты талаптар енгізілді.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің ұлттық жүйесін жетілдіре отырып, біз жаһандық трендтерді, сондай-ақ дамыған мемлекеттердің және Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық бірлестіктердің осы саладағы озық тәжірибесін жан-жақты ескереміз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова конференцияға қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру жолындағы жұмыста табыс тіледі.