National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті

Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, Үкіметтің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Бас прокуратура жанындағы Консультативтік кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова әлемнің 124 мемлекетінде, соның ішінде Қазақстан Республикасында тікелей тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге арналған заңдар бар екенін атап өтті. Қазақстан Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы жарлығымен Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Ол отбасын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға және ондағы зорлық-зомбылық, соның ішінде жыныстық ерекшелікке қатысты қылмыстық фактілерді азайтуға бағытталған.

Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқық қолдану тәжірибесін күшейту, сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелеріне байланысты Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің жүзеге асырған іс-шаралары туралы ақпарат берілді.

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты кең ауқымды әлеуметтік жобасы аясында алдын алудың, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктерін, зорлық-зомбылық құрбандарына тиімді көмек көрсету және құқық бұзушыларды оңалту жүйелерін қалыптастыруға бағытталған Жол картасы әзірленді.

Ішкі істер министрлігі құқық бұзушының зардап шеккен адаммен байланысуын шектеуге мүмкіндік беретін қорғаушылық ұйғарымдар және мінез-құлыққа қойылатын ерекше шарттар сияқты жаңа әкімшіліктік-құқықтық пәрменді шаралар енгізілгенін мәлімдеді. Бұл отбасында жанжал тудырушыны баспанасынан (құқық бұзушының басқа баспанасы болған жағдайда) уақытша (30 тәулікке дейін) айыруға, сондай-ақ, зардап шеккен отбасының кәмелетке толмаған немесе әрекет етуге қабілетсіз мүшелерімен қарым-қатынасын шектеуге мүмкіндік береді.

Өткен жылдың сәуірінен бастап отбасында жанжал тудыратындарға, 3 айдан 1 жылға дейін алкогольдік ішімдіктерді (үйде де) ішуге сот тәртібімен тыйым салуға ықпал ететін заңнамалық норма енгізілді.

Жалпы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңның күшіне енген кезінен (2010 жылы) бастап елімізде тұрмыстық сипаттағы қылмыстар деңгейі 10%-ға дейін төмендегені байқалады. 2014 жылы денсаулығына жеңіл зиян келтіргені және соққыға жыққаны үшін 6 мың адам,  2016 жылы – барлығы 718 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықты жоюға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару