National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті

Отырыста Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы Мәдениет және спорт министрлігінің есебі тыңдалды. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алға қойылған басты міндетке – «мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін қоғамдық сананы өзгерту» мәселесіне баса назар аударды. Г.Әбдіқалықова қоғамдық сананы жаңғырту процесінің жүзеге асырыла бастауына байланысты өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің аса маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ отырыста Инвестициялар және даму министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларының, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану және насихаттау жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың осы маңызды бағыттағы жұмысына жан-жақты және терең талдау жасалды.

Мемлекеттік органдар басшыларына мемлекеттік рәміздерге қатысты заңдылықты бұзуға жол бермеу, тұрақты ішкі бақылауды қамтамасыз ету, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдану саласына бақылауды күшейту қажеттігі айтылды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру үшін нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару