National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті

Жиынды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова жақында өткен ХІ Астана экономикалық форумында Қазақстан Президенті: «Біз мемлекет қалыптастыру ісінің бастауында «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Сол арқылы 13 мың қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік алды», – деп атап өткеніне тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының жаһандық еңбек нарығының трансформациялану мәселесін айтып, креативті ойлау қабілетін қалыптастыруға, қажетті ақпаратты тауып, оны дұрыс қолдану қабілеттерін жетілдіруге бағытталған білім беру саласын реформалау жөнінде Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шараларға назар аударғаны атап өтілді.

Мемлекеттік хатшы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы жолдауында адами капиталды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлгеніне тоқталды. Өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығына айналуға тиіс. Ол үшін барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құру ісін жеделдету қажет.

– Бұл үдерістер барысында «Болашақ» халықаралық бағдарламасын сапалы іске асыруға қатысты зор жауапкершілік жүктеліп отыр, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Комиссия отырысында Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есебі тыңдалды, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының іске асырылуына байланысты бірқатар мәселе қарастырылды.

Комиссия шешімімен стипендия магистратура мен докторантурада оқуға, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылым және өндіріс орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберілетін 67 үміткерге тағайындалды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясына қатысты жұмыстарды одан әрі жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару