Кездесуге БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымының орынбасарлары – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Е.Тарасенко және Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Сүлеймен қатысты. Г.Әбдіқалықова тараптар арасында қол жеткізілген өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін, сондай-ақ БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстаның әлеуметтік-экономикалық жаңғыру үдерісіне қосқан елеулі үлесін атап өтті. Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясында және «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатында қойылған міндеттерді орындау аясында еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуының кең ауқымды мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың перспективаларын талқылады. Мемлекеттік хатшы Инфрақұрылымдық даму жоспарының шеңберінде Қазақстанның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі өзара тығыз іс-қимылдың, оның ішінде барлық инфрақұрылымдық жобаларға әйелдерді белсенді түрде тартудың айрықша маңыздылығын атап көрсетті. Тараптар алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, сондай-ақ қоғамды рухани-адамгершілік тұрғыдан дамытуға бағытталған ілкімді шаралар жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.