Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелеріне арналған кездесуге «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасы Ө.Озғанбаев, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы С.Жасұзақов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Д. Арғандықов қатысты.
Мемлекеттік хатшы соғыс майданына 1 млн. 800 мыңға жуық қазақстандықтың қатысқанын атап өтті. Жауынгерлік ерлігі үшін жүз мыңдаған қазақстандық орден-медальдармен марапатталды, 500-дей адам Кеңес Одағының батыры атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен наградталды. 630 мың адам ұрыста қаза тапты, жарақаттар мен аурудан қайтыс болды, хабар-ошарсыз кетті және тұтқыннан оралмады.
Г.Әбдіқалықова 2015 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 4776 соғыс ардагері және 192 980 тыл еңбеккері бар екеніне тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «ардагерлер қаһармандықтың, ынтымақтың, бірліктің үлгісін көрсетті, сондықтан бүгінгі күн көптеген ұрпақ үшін ақиқат салтанат құрған күн болып саналады» деген сөзі өзекті екенін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар ҚР Мемлекеттік хатшыны Жеңістің мерейлі күнін мерекелеуге дайындықтың барысынан хабардар етті.
Қазақстанның «Ардагерлері ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасы Ө.Озғанбаев кездесуге қатысушыларды алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралармен таныстырды.
Мемлекеттік органдар өкілдері соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік, материалдық және медициналық көмек көрсету жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Жеңістің 70 жылдығына орай өтетін салтанатты шаралар адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы біздің аталарымыз бен әкелеріміздің ғасырлар бойы өшпейтін қасиетті ерлігіне тағзым ету екенін, бұл қазақстандық патриотизмнің дамуына қуатты әрі терең серпін беретінін атап өтті.
Мемлекеттік хатшы кездесу қорытындысында мемлекеттік органдарға Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелері жөнінде бірқатар тапсырма берді.