National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті

Іс-шараны ашқан Гүлшара Әбдіқалықова марапаттау рәсіміне қатысушыларға арналған Қазақстан Президентінің құттықтау сөзін оқып берді. Онда: «Отбасы қай заманда да салауатты қоғамның және мықты мемлекеттің негізі болып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда қазақстандық тату отбасында патриотизм, еңбексүйгіштік, жаңа қоғам құру құндылықтарымен тәрбиеленген тұтас буын өсіп-жетілді. Олар – білімге құштар, бәсекеге қабілетті, жаңа әлем мен инновацияларға ашық Үшінші жаңғыруды жүзеге асырушылар», – деп атап өтілген.

Салтанатты іс-шара аясында Мемлекеттік хатшы соңғы кезеңге өткен әрбір отбасыға диплом және тұрмыстық техника сатып алуға арналған 300 мың теңгелік сертификат табыс етті.

Қыркүйектің 7-15 аралығында өткізілген конкурстың соңғы турында sms/интернет арқылы дауыс беру қорытындысы бойынша жеңімпаз отбасы анықталды. Қарағанды облысынан Куриленколар отбасы 2017 жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атанды. Отбасының отағасы – Ұлы Отан соғысының ардагері, 45 жыл Теміртау қаласындағы металлургия комбинатында слесарь, шебер, учаске бастығы болып жұмыс істеген. Ол «Отан соғысының ІІ дәрежелі» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Георгий Жуков» медальдарымен және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған. Ерлі-зайыпты Куриленколар 66 жыл отасқан, олар 5 бала, 10 немере, 7 шөбере сүйіп отыр. Балалары мен немерелері ел экономикасының түрлі салаларында табысты еңбек етуде.

Гүлшара Әбдіқалықова жеңімпаз отбасыға салтанатты түрде естелік мүсінше мен шағын автобустың кілтін тапсырды.

Марапаттау рәсімі Қазақстанның танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.

 

Анықтама:

Конкурс отбасы беделін нығайтуға, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастыруға, кішіге қамқорлық және үлкенге құрмет көрсетуге негізделген рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтап, дамытуға бағытталған.

Биыл Конкурсқа 2879 отбасы қатысты, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 11,6%-ға артық (2016 жылы – 2579 отбасы). Қатысушылардың 36,2%-ы (1041 отбасы) көп балалы отбасылар (2016 жылы – 1065 отбасы). Сонымен қатар, былтырмен салыстырғанда, бір мамандықты таңдаған әулеттердің өкілдерінен құралған отбасылардың саны 6,8%-ға (2016 жылы – 483 отбасы, 2017 жылы – 516 отбасы) және іріктеу турларына қатысқан жас отбасылардың саны 6%-ға ұлғайды (2016 жылы – 472 отбасы, 2017 жылы – 500 отбасы). Байқауға 20 этнос пен 27 интернационалдық отбасы қатысқан.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару