Іс-шараны ашқан Г.Әбдіқалықова Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысушыларға жолдаған құттықтауын оқып берді. «Бүгінгі мерейлі күнде әрбір қазақстандық отбасына қажырлы еңбек, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын лайықты жалғастырып келе жатқаны үшін зор ризашылығымды білдіремін. Берік отбасылық құндылықтар арқылы ғана мемлекеттің іргесі мығым, ғұмыры мәңгі болады», – делінген құттықтауда.
Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде мерекеленетін «Отбасы күні» мейрамына орай өткізілетін конкурсқа 319 отбасылық еңбек әулеті қатысты. Олардың арасында педагогтар, ғалымдар, шахтерлер, мұнайшылар, кеншілер, теміржолшылар, мәдениет және агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері, сонымен қатар туған аулының немесе қаласының дамуына зор үлес қосқан кәсіпкерлер әулеттері бар.
Биыл конкурсқа қатысушылардың саны былтырғыға қарағанда 2 есеге өсіп, оның 80 пайызға жуығын ауылда тұратын отбасылар құрады. Байқауға қатысқан осы отбасылардың әрбір мүшесі – ауылдастарының, қала тұрғындарының, ұжымы мен көршілерінің арасында ерекше сый-құрметке ие болған, Отанына адал қызмет ететін қарапайым еңбек адамы.
Бұл отбасылардың ең басты құндылығы – шынайы отансүйгіштік, жоғары рухани-адамгершілік қасиеттер, білімге деген құштарлық, жігерлік және еңбексүйгіштік.
Марапаттау рәсімінде өңірлік кезеңнен жеңімпаз атанып, 2-11 қыркүйек аралығында өткен sms және интернет арқылы дауыс беруге қатысқан 16 үміткер отбасының арасынан жеңімпаз отбасы анықталды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының 2015 жылғы жеңімпазы болып Маңғыстау облысы Жетібай ауылының Құлсариевтер отбасы танылды. Шаңырақ иесі – облыстың құрметті азаматы, елге белгілі «Маңғыстау маржандары» ансамблінің негізін қалаушы. Отбасында 96 ұрпақ – 12 бала, 43 немере, 41 шөбере бар. Балалары мемлекеттің игілігі жолында экономиканың түрлі саласында – мұнай-газ, денсаулық сақтау, білім беру салаларында еңбек етуде.
Марапаттау салтанаты қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.
«Мерейлі отбасы» конкурсы шын мәнінде бүкілхалықтық тартымды шараға, ал оның қатысушылары мен жеңімпаздары бүкіл қоғам бой түзейтін жарқын тұлғаларға айналды.