Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бір топ белгілі мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау салаларының қайраткерлеріне, өндірістік сала өкілдеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық лауреаттарына дипломдар мен төс белгілерді салтанатты жағдайда тапсырды. Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосқан қазақстандықтарды мемлекеттік наградалармен және сыйлықтармен марапаттауы игілікті дәстүрге айналған. «Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар - бұл сіздердің елімізді әлемдегі дәулетті, парасатты әрі бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдырудағы жасампаз еңбектеріңізге, білімдеріңізге, қажыр қайраттарыңызға және айрықша құлшыныстарыңызға берілген жоғары баға» - деді Қырымбек Көшербаев. Мемлекеттік хатшы марапат иелерін жоғары мемлекеттік наградаларымен және сыйлықтарымен құттықтап, жаңа табыстар мен жетістіктер тіледі.