National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның отырысы өтті

Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы биыл Қазақстан Үшінші жаңғыруды іске асыруды бастағанын айтты.

Г.Әбдіқалықова бүгінде елімізде Мемлекет басшысы белгілеп берген негізгі үш саланы – экономиканы, саясатты және қоғамдық сананы жаңғырту мәселесі бойынша алға қойылған міндеттердің жүзеге асырылып отырғанына назар аударды.

Мемлекеттік хатшы рухани жаңғырудың озық үрдістерін іске асырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол адам бойында рухани құндылықтарды, бәсекеге қабілеттілікті, прагматизмді қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімге құштарлықты арттыру ісінде отбасының, атап айтқанда өскелең ұрпақты тәрбиелеп отырған әйелдердің басты рөл атқаратынын айтты.

Осыған орай, Г.Әбдіқалықова еліміздің әйелдер қауымын «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық жобасының 6 бағытын ілгерілету үшін барынша күш жұмылдыруға шақырды.

Басқосуда БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында Қазақстан Республикасында атқарылған жұмыстар жөнінде Сыртқы істер министрлігінің ақпараты тыңдалды.

Сондай-ақ, отырыста мемлекеттік қызметті жаңғырту және мансап тұрғысынан ілгерілеу барысында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету туралы айтылды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің арасында әйелдердің үлесі – 55,5% (92203-ден – 51151), бұл өткен жылғы көрсеткіштен 0,5%-ға (91330-ден – 50219) жоғары.

Құзырлы агенттіктің мәліметінше, 2016 жылы «Б» корпусындағы әкімшілік лауазымдарды иеленуге арналған конкурстарға 43476 кандидат қатысқан, олардың 20862-і – әйелдер (48%). Конкурстардың нәтижелері бойынша тағайындалған әйелдердің үлесі 48,5% болды (20690-нан – 10032). Бұл ретте, «Б» корпусындағы басшылық лауазымдарға 6134 үміткердің 42,9%-ын (2633) әйелдер құраған, ал, басшылық қызметтерге тағайындалған әйелдердің үлесі – 34,8% (4357-ден – 1524).

Бұдан бөлек, қиын жағдайға тап болған тұлғаларға қолдау көрсетумен айналысатын Семей қаласындағы «Отбасы орталығы» қоғамдық қорының жұмыс тәжірибесі таныстырылды.

Мемлекеттік хатшы отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Анықтама: 2015 жылғы 25 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының саммитінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттер «Баршамызға ортақ әлемді қайта құру: 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы күн тәртібі» атты жаһандық даму саласындағы күн тәртібін қабылдады. Орнықты даму саласы 2030 жылға дейін қол жеткізілуге тиіс 17 мақсаттан, 169 міндеттен және 230 индикатордан тұрады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару