National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың Астанадағы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің салтанатты ашылуында сөйлеген сөзі

 

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, шәкірттер!

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дарынды балаларға ерекше көңіл бөліп, олардың болашағына әрқашан қамқорлықпен қарап отырады. Талантқа тиісті қамқорлық жасаудың негізінде оның ел алдындағы ерекше қабілетін ашу болмақ. Ел үшін дарынын жұмсау – ертеңгі күннің табысы.

Мұндай балаларды анықтау, табу, оның талантын ұштау үшін тиісті жағдай жасау мәселесі жүйелі түрде 1996 жылдан бастап Президентің тікелей қолдауымен жүргізіліп келеді. 

Қазір Қазақстанның барлық өңірлерінде мамандандырылған білім беру ұйымдары жұмыс жасауда. Дарынды балаларға арналған мектептер желісі ұлғаюда. 2011 жылы осындай, мамандандырылған мектептер саны 115  болса, 2015 жылы олардың саны 121-ге жетті. Эксперименттік алаңдарда дарынды балалардың әлеуметтік мүмкіндіктерін дамытуға жол ашатын сан салалы білім беру бағдарламалары  тәжірибеден өтіп, ауқымын кеңейтуде. 

Қазақстан шәкірттері халықаралық олимпиадаларда 1998 жылы 50-і орын алса, 2006 жылы 35-і орынға ие болды. Ал 2015 жылы еліміздің жас дарындары халықаралық пәндік олимпиадалардан 15-і орынға шықты. Бұл жақсы өсу. Осылайша, мамандандырылған мектептердің республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралардағы жетістіктер динамикасы өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін анықтап, дамыту үшін қолайлы жағдай жасап отыр. 

Бүгін Астанамызда тағы да бір дарынды балаларға арналған арнайы мектеп есігін ашып отыр. Бұл мектеп жоғары білімді, бәсекеге қабілетті талапты тұлға қалыптастыруға барлық мүмкіндіктер жасайды деп сенеміз.  №82 мамандандырылған лицейдің жаңа қадамы құтты болсын деп тілектестік білдіремін.

Мектептегі білім мазмұнын жақсартудың алғы шарттарының бірі – дарынды балаларды таба білу, тәрбиелеу, бойындағы ерекше қасиеттерін танып, дамытуға мүмкіндік туғызу. Сондықтан мұғалімдердің алдында жаңа міндет: балалардың жеке қабілетін, дарынын, бейімділігін анықтау және оны дамыту, соның негізінде олардың болашағына бағыт беру, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіру. Бәсекеге қабілетті жас ұрпақ дайындау. Олардың өсер қанатына қолдау, талабына жолдау, тәрбиесіне тәлім беру.

Сондықтан осындай мектепте тек үздік оқушылар болады деген сенімдемін. Осы жолда ұстаздар қауымына, шәкірттерге, олардың ата-аналарына мықты денсаулық, талмас қанат, шығармашылық өрлеу, ұжымдасқан жұмыстарына табыс тілеймін.

Келе жатқан еліміздің ең басты мейрамы - Тәуелсіздік мерекесі құтты, еліміз аман, халқымыз бақытты болсын!

 

Астана, 2015 жылғы 9 желтоқсан


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару