National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзі

 

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Қадірлі қауым!

 

Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі ғылыми-практикалық конференцияның ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын.

2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың терең саяси шешімінің арқасында бүкіл ел болып атап өтіліп жатқан бұл айтулы дата – халықтың ұлттық тарихи санасын тереңдетуге және қазақстандық патриотизмді күшейтуге кең жол ашып беруде.

Ұлт тарихындағы ұлы белестердің бірі саналатын осы мерейлі жыл ішінде елімізде рухани-мәдени маңызы зор көптеген елеулі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың ішінде, бүгінгі конференцияның тақырыбы тың, мазмұны ерекше деп білемін.

Өйткені, өрелі тарихымызда батырлар мен ақындарды дүниеге әкелген, ақылымен ел билеген және айбатымен жау қашырған аналар – қай кезде де қоғамның бағы мен бақыты, тірегі мен жүрегі, арманы мен жауапкершілігі бола білген.

Қазақ – қызын қадірлеген, анасын ардақтаған халық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Әйел - ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі. Ел болашағының барлығы әйел азаматтардың қолынан өтеді» деген сөзі әрқашанда баршамыз үшін үлкен тағылым.

Бұл – біз межелеп отырған «Мәңгілік Ел» мұраттарының айрықша бір бастауларының бірі болып саналады.

Қазақ елінің Азия мен Еуропаның тоғысқан тұсында орын тебуі халқымыздың салт-санасы мен дәстүріне шығыс пен батыстың озық үлгілерінің қатар енуіне септігін тигізгені мәлім. Көшпенділер ұғымында тіршіліктің бастауын, өмірдің жалғасын  сабақтастырушы ретінде әйелдер қауымы ерекше құрмет тұтылған.

Біз ұлт танымына, ұлт парасатына, ұлт пәлсапасына өзгенің емес, өз көзімізбен қарайтын кезеңге көтерілдік. Сондықтан, жаугершілік замандарда кірмені өзекке теппеген, кеңестік кезеңде қуғын-сүргінге ұшырап, қазақ жеріне айдалып келген ұлттар мен ұлыстарды бауырына басқан, сол арқылы өзінің ерекше өмір сүру салтымен, ұлттық дәстүрімен толеранттылықтың үлгісін көрсеткен, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың тамаша қасиеттерін танып, ұлт тарихындағы ұлы аналардың ұлағатын жас ұрпақтың санасына сіңіру – біз үшін көкейкесті мәселе. Осы «ұлт дәстүрі» деп аталатын генетикалық кодымыздың бастауы да, жалғастырушысы да – әйел-аналар екені ақиқат.

Халқымыздың арғы-бергі тарихында өмір сүрген белгілі әйелдер зерттеуші ғалымдардың назарынан тыс қалмаған. Солардың ішінде, Ресей империясының мемлекет қайраткерлерінің бірі, белгілі орыс зерттеуші Левшиннің Бопай ханым туралы: «Ол – ханның әйелі және тақ мұрагерлерінің анасы ғана емес еді. Бопай – Әбілқайырдың айнымас серігі, ақылшысы,  сенімді тірегі бола білді» деп таңдана жазғаны тарихтан белгілі. Өмірінің ұзақ жылдарын Азияны зерттеуге арнаған белгілі саяхатшы Семенов-Тянь-Шаньский дала ханшасы Айғанымның терең біліміне, талғамы мен өзін ұстау мәнеріне  Ресей патшасы Александр Біріншінің таң-тамаша қалғанын жазады.

Ал, ұлтымыздың аса көрнекті академигі, археолог Әлкей Марғұланның деректері бойынша, Айғаным жазған хаттардың, құжаттардың саны бірнеше жүзге жеткенін және олардың көпшілігі жеке адамдардың қолында сақталуы мүмкін деген болжамын айтып кеткен. 

Сан ғасырлық тарихымызда ел бірлігі үшін басын бәйгеге тігіп, жерін қорғау үшін атқа қонған, бір ауыз сөзбен билік айтқан дана, батыр, шешен әйелдер туралы осындай деректер баршылық. Дегенмен, жазба деректер, нақты фактілер қамтылған құжаттар бүгінгі заманға толық күйінде жетпегені белгілі. Алдағы уақытта мұндай құнды деректерді әлем елдерінің архивтерінен, өз еліміздегі дерек көздерінен  жинастырып, ұрпақ игілігіне ұсынатын кез келді деп білемін.

 

Құрметті зиялы қауым!

 

Биыл ел болып атап өтіп жатқан қазақ хандығының 550 жылдығы аясында отандық тарихшы-ғалымдар алдағы уақытта зерделейтін бірқатар лакуналар бар деп ойлаймын. Соның ішінде,  «қазақ хандығы» ұғымын мемлекетшілдік және дәстүр категорияларымен жүйелеп, байыта түсу керек деген пікірдемін. Хандықтың тарихи орнын тек билік лауазымы ғана анықтамайтыны, оны анықтау барысында елдік мәртебесі мен парасаты, экономикасы, жер аумағы мен халқы, тіпті саяси истеблишменттегі әйелдердің үлесі де қамтылуы қажет деп есептеймін.

Яғни, хандық туралы толыққанды ұғым қалыптастыру үшін хан ордасында елдік деңгейдегі кеңесімен тарихта қалған – ханымдар мен ханшалар, би мен батырлардың аналары мен асыл жарлары туралы тарихи мағлұматтарды терең зерделеген жөн.

Бұлардың ішінде ханға әділдігін айтқан Қарашаштан бастап, ел тұтқасы болған Айғаным мен Фатима ханшалар, жауға қарсы шапқан ержүрек Гауһар мен Бопай сияқты батыр жарлар, есімдері тұтас жұрттың тәрбие бесігіне айналған Нүрила, Қызай, Қойсана, Қарқабат, Дәулетбике сынды аналардың рухани тұғыры уақыт өткен сайын асқақтай бермек. Өйткені олар – ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тәлім-тәрбиенің ұраны мен қағидатына айналған асыл тұлғалар.

Бұл ретте, бүгінге дейін ұлт тарихындағы осындай тұлғалы әйел-аналар тақырыбына арналған бірде-бір ғылыми басқосулардың өтпегенін, арнайы жинақ пен энциклопедияның жарыққа шықпағанын да айта кетуіміз керек.

Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан қоғамы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруға жұмылуда. «Мәңгілік Ел» идеясы – елдегі тұрақтылық пен тұтастықтың, рухани өрлеудің, бірлік пен келісімнің басты тұғыры саналады. Бұл асқақ мұратқа қол жеткізуде бізге ең әуелі мемлекеттіліктің терең тарихын зерделеу аса қажет.  Мыңжылдықтарға тамыр тартып, сақ, ғұн дәуірлерінен бастау алатын мемлекеттілік тарихында Орталық Азия аумағында тұңғыш рет ұлттық мемлекет ретінде құрылған Қазақ хандығы кезеңінің тарихи маңызы ерекше деп есептеймін. Соның ішінде, хандық дәуірдегі мемлекет өмірінде елеулі рөл атқарған белгілі әйелдер туралы зерттеулер жүргізудің мәні зор.

Менің ойымша,  Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында қазақ мемлекеттілігін қалыптастырып, дамытуға үлес қосқан ханымдар мен арулардың ұлт алдындағы еңбегін байыптап, тағылымды өмірлерін жұртшылық назарына ұсыну үшін  кешенді ғылыми жобаларды қарастыру қажет.

Кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын мұндай жобаларды «Қазақ ханымдары мен арулары» және «Қазақ әйелдері: тарих және қазіргі заман» деп атауға болады. Бұл орайда, жоғары оқу орындары магистрлік және PhD диссертацияларының гуманитарлық бағыттағы тақырыбына бұрын қарастырылмаған Қазақ хандығы тұсындағы әйел тұлғаларының қайраткерлігін, мұрасын зерттеу нысанасы етіп енгізген жөн болар еді деген ойдамын.

Сонымен бірге, халықтың тарихи танымын арттыру мақсатында «Қазақ ханымдары», «Қазақ әйелдері» деген тақырыптарда энциклопедиялық жинақтар әзірлеп, жарыққа шығарсақ игілікті істі ілгері бастыратынымыз анық.

Бұған қоса, халқымыздың тарихындағы тағылымдық кезеңдерді, жалпыұлттық құндылықтарды жастар санасына сіңіру үшін еліміздегі жоғары оқу орындарында «Ұлт дәстүрі» атты элективті курстар енгізуді жоспарлағанымыз жөн.

Бұл мәселелерді Білім және ғылым министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп сараптап, алдағы уақытта лайықты жүзеге асырады деген сенімдемін.

Тұтастай алғанда, ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарламасы «Қазақстан-2050» стратегиясында және Ұлт жоспары-100 нақты қадамда белгіленген әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына кіруде халықтың рухани-мәдени әлеуеті мен биік деңгейі ерекше рөл атқаратынын естен шығармауымыз керек.  Яғни, ұлтымыздың ұлағатты тарихын, оның ішінде Қазақ хандығы кезеңінің мәні мен маңызын  жадына сіңірген біздің халықтың  осындай жасампаз істерді жасауға  әлеуеті де, мүмкіндігі де жететініне ешқандай шүбәміз жоқ.

Конференция барысында айтылған идеялар, концептер, ұсыныстар мен ой-пікірлер игілікті істердің бастауы болуына тілектеспін.

 

12 маусым, 2015 ж.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен: