National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың ҚР және БАӘ іскер әйелдері бизнес-форумында сөйлеген сөзі

Құрметті Охуд аль-Руми ханым!

Құрметті Фарида аль-Ауади ханым!

Ханымдар мен мырзалар!

Алдымен осындай жоғары деңгейлі жиынға қатысуға шақырғандарыңыз үшін Қазақстан делегациясы атынан  алғысымызды білдіремін және Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері іскер әйелдерінің алғашқы  бизнес-форумы жұмысының басталуымен құттықтаймын!  

Біздің елдерімізді Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Шейх Заид бен Сұлтан Нахаян қалыптастырған достық сипаттағы байланыс біріктіріп отыр.  

Өзара қарым-қатынас саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық бағытта кеңейіп келеді.

Бұл ретте бүгінгі Бизнес-форум – тиімді диалогты дамытудағы маңызды кезең.

Құрметті Форумға қатысушылар!

Өткен 49-шы Дүниежүзілік экономикалық форумда жаһандық әлеуметтік теңсіздік мәселелері басты тақырып болды.  

Рим Папасы Франциск әлеуметтік теңсіздікті азайту үшін тек экономикалық өсу жеткіліксіз екенін атап өтті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының бағалауы бойынша, гендерлік теңсіздік әлі де адам дамуы жолындағы кедергілердің бірі болып отыр.

Адам дамуының индексі әйелдерде ерлерге қарағанда орта есеппен 6% кем және оны азайту үшін қазіргі прогресс қарқынымен 200 жылдан аса уақыт қажет екені айтылды.

Жаратылысынан бойында әділеттілікке құштарлық сезімі басым келетін әйелдер теңсіздікті жеңуде маңызды рөл атқарады. Олар қажырлы еңбек ете отырып, жетекші орынға ұмтылады.

Қазақстан бұл процестерден тыс қалып отырған жоқ. Әйелдер қауымы мемлекеттік бағдарламаларды – 2050 стратегиясын, Ұлт жоспарын, Президент жолдауларын, «Рухани жаңғыруды», «Ұлы даланың жеті қыры» басымдықтарын іске асыруға маңызды үлесін қосуда.

Біздің ел Мемлекет басшысы айқындап берген «алдымен экономика, содан соң саясат» принципімен дамып келеді.

Республикада әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бизнестегі қыз-келіншектерді қолдауға бағытталған заңнамалық және институционалдық негіз қалыптасқан. 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым табысты қызмет атқаруда. Оның ішінде Іскер әйелдер кеңесін, Кәсіпкер әйелдер одағын, Іскер әйелдер қауымдастығын және т.б. ұйымдарды атап өткен жөн.

Қазақстан әйелдері экономиканың қарқынды дамуының негізгі факторының біріне айналды. Олар Үшінші жаңғырудың, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуына, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізуге белсене атсалысуда.  

Әйелдер бизнесін дамыту мемлекеттік бағдарламалар арқылы да, халықаралық институттар желісі бойынша да жүзеге асырылып келеді. 

Экономиканың шағын және орта бизнес секторында барлық жұмыс орнының үштен бірін құрайтын осы саланың 44%-тен астам субъектісін әйелдер басқарып отыр.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 12 мыңнан аса жоба субсидияланды, олардың 30%-тен көбі –  әйелдер кәсіпкерлігі субъектілері.

«ҚазАгро» холдингі арқылы кәсіпкерлікпен айналысатын ауыл әйелдеріне қолдау көрсетілуде. Соңғы 3 жылда олар несиенің жалпы санының  32%-іне ие болды.

Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлескен «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Әйелдер басқаратын кәсіпкерлік субъектілеріне 80,7 млн. АҚШ доллары көлемінде 20 мыңнан астам займ берілді.

Қазір біз экономикада тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету ісінде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткіздік.  

2018 жыл қорытындысы бойынша, Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауына сәйкес, Қазақстан «әйелдердің экономикаға атсалысуы мен мүмкіндіктері» көрсеткіші жөнінен 32-ші орында тұр.

Елдің болашағы өскелең ұрпақпен байланысты екені белгілі.

Жақында Мемлекет басшысы Жастар жылын ашып берді.  Басымдықтардың бірі экономикалық ілгерілеу болып белгіленді. Қыздар бизнеспен белсене айналысып, креативті стартаптар әзірлеп жатқаны қуантады.

Биыл біз 11 бағыт бойынша 100-ден астам жобаны жүзеге асырамыз. Осы орайлы сәтті пайдаланып, сіздерді сол жобаларға атсалысуға шақырамын.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Біздің ортақ мақсатымыз – елдерімізде әйелдер бизнесін жан-жақты ілгерілету.

Ол үшін менің ұсыныстарым мынадай:

Бірінші: цифрландыруға баса назар аудара отырып, бизнес-қоғамдастықтардың экономика, сауда, технология және өзге де салалардағы ынтымақтастығын тереңдету.

Екінші: бірлескен серпінді жобалардың өзекті кейсін әзірлеу.

Үшінші: Форум әйелдердің инклюзивті кәсіпкерлігін дамыту мақсатымен бизнес-қоғамдастықтарды жұмылдыруға, диалогты кеңейтуге арналған дәстүрлі алаңға айналуға тиіс.

Бүгін біздерді қызу пікірталас күтіп тұр деп сенемін. Жаңашыл идеялар мен жобалар екіжақты ынтымақтастықтың нығаюына құнды үлесін қосады.

Форумға қатысушылардың жұмыстары табысты және тиімді болуына тілектеспін.

Тыңдағандарыңызға рахмет! 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару