National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Қызылорда қаласында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш жанындағы еске алу акциясында сөйлеген сөзі

Құрметті жиналған қауым!

Құрметті қонақтар!

Бүгін біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, жазықсыз жапа шеккен жандардың рухтарына тағзым етуге арналған шараға жиналып отырмыз.

Өткен ғасырдағы өктем саясаттың салдарынан миллиондаған адамдар жаппай қуғын-сүргінге ұшырағаны тарихтың ащы ақиқаты. Кеңестік кезеңде халықтың басына төнген бұл зұлматтың салдарынан ұлтымыз қаншама ардақтыларынан айырылды. Тоталитарлық жүйе Қазақстанды сан мыңдаған саяси қуғынға ұшырағандарды шегендеп ұстайтын жазалау аумағына айналдырды.

Мемлекет басшысы зұлмат заманның қасірет туралы: «жер аударылған 1,5 миллион адам, бірнеше ұлт өкілдері барлық ауыртпалықты қазақ халқымен бірге көтерді. Барынан айрылған жандар біздің жерімізден жаңа баспана тауып, жан жылуына, түсіністік пен қамқорлыққа ие болды», - деп, халқымыздың дархан пейілі мен жанашырлық қасиетін ерекше атап көрсетті.

Қиын-қыстау заманда Қиыр Шығыстан, Еділ бойынан, Солтүстік Кавказдан күштеп жер аударылған корейлер, немістер, қарашай-балқарлар, шешен-ингуштар, қырым татарлары мен месхет-түріктері елімізге қоныстанды. Қазақ халқы, өздері де қуғын-сүргінге ұшырап отырғанына қарамастан, тауқымет тартқан барша ұлысты бауырына басты, қамқорлық көрсетті. Соның ішінде, Сыр өңірінің жұртшылығы да  сырттан келген ағайынға құшағын айқара ашып, қиын кездерде пана болды. Сол алмағайып заманда қалыптасқан өзара татулық пен туыстық қатынастар бүгінгі бейбіт күнде барынша нығайып, бекіді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан ТМД елдерінде тұңғыш рет  болып «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылдады. 1997 жылы Президент Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» белгіленді. Бұл мемлекетіміздің тарихи әділеттілікке айқын жол ашқан дәйекті ұстанымы еді.

Саяси қуғын-сүргінмен бірге ашаршылықтың азабы мен қасіретін тартқан Қазақстанда 3 миллионнан астам адам аштықтың құрбаны болды.

Мұндай озбыр саясатқа, безбүйрек шешімге төзе алмаған халық Қытай, Моңғолия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстанға амалсыз қоныс аударды. Тарихи мәліметтер зұлмат жылдары Кеңестер Одағына қарасты 15 республиканың ішінде ең көп халық шығыны Қазақстанда болғандығын көрсетеді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аты бағдарламалық мақаласында «ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды» деп, атап өтті.

Өткен жүзжылдықтың басында Қазақ автономиялық республикасының алғашқы астанасы болған Қызылорда жерінде Алаш қайраткерлерінің, әдебиет, ғылым саласындағы зиялылардың шоғырланып, рухани құндылықтарымызды сақтап қалу жолында күрескені тарихтан белгілі. Оларды қуғын-сүргінге ұшырату арқылы тоталитарлық жүйе халқымыздың тәуелсіздікке деген арман-мақсатына тұсау салуды көздеді. Бірақ, алаш арыстарының өмірі қатыгездікпен қиылса да, олардың өр рухын өшіре алған жоқ.

Өткенге салауат айтып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын жадымызда сақтау – біздің қасиетті борышымыз, рухани жаңғыруымыз. Ел Президенті атап өткендей, «жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алып, тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасына» айналатынына кәміл сенімдіміз.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару