Құрметті қауым!
Баршаңызды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылуымен құттықтаймын!
Бұл орталық «Дара» қайырымдылық қорының көмегімен және Алматы қалалық білім беру басқармасының қолдауымен құрылды.
Орталықтың мақсаты – даму мүмкіндігі шектеулі балаларға 7 жасқа дейін инклюзивті білім беру қағидаттары негізінде институционалдық қолдау көрсету.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл мәселе жөнінде «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы қажет. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысуда» – деген еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде инклюзивті білім беруді дамыту жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуына, даму қабілеті бұзылуын түзетуге, әлеуметтік бейімделуіне қажетті жағдай жасау үшін шаралар қабылданып жатыр.
Барлық мемлекеттік және жалпыға міндетті білім беру стандарттары инклюзивті білім беру талаптарын ескере отырып әзірленуде. Қазақстан Республикасының 2016 – 2019 жылдарға арналған Білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, білім алуға ерекше қажеттілігі бар балаларға инклюзивті ортада көмек көрсетуді қамтамасыз ету жайы қарастырылған. Мәселен, қазіргі кезде еліміз бойынша жұмыс істейтін 176 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің санын 2019 жылға қарай 220-ға дейін көбейту жоспарланған.
Бүгін Алматыда ашылып отырған, барлық талапқа сай жаңа психологиялық-педагогикалық түзету орталығы Қазақстандағы үздік орталыққа айналады деп сенемін.
Мұнда ең алдымен балаға және ата-анасына, отбасына қажетті кәсіби дефектолог, логопед, психолог қызметтері көрсетіледі, өз бетімен жүріп-тұру, киіну-шешіну, тамақтану, қарапайым моториканы дамыту тәрізді әлеуметтік-тұрмыстық дағдылар үйретіледі. Сонымен қатар, сауықтыру шаралары қолданылып, ортаға бейімделу, адаммен қарым-қатынас дағдысы қалыптастырылады. Аталған қызметтерге ерекше балалар тәрбиелеп отырған алматылық 200-дей отбасы қол жеткізетін болады.
Оған қоса, бұл орталық Университеттің «Арнаулы және әлеуметтік педагогика» кафедрасы студенттері мен магистранттары үшін бірегей тәжірибе алаңына, өзіндік практикалық мектепке айналмақ. Мұнда болашақ дефектологтар мен әлеуметтік педагогтар өздерінің теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға, ғылыми-зертеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады.
Мейірбан халқымызда «Сәбидің бәрі бақытты болуға лайық жаралған» деген сөз бар. Осы орайда қамқорлыққа мұқтаж балаларға көмек қолын созғандардың барлығына ризашылығымды білдіремін.
Балаларды, ата-аналарды, оқытушылар мен студенттерді бүгінгі қуанышты оқиғамен тағы да шын жүректен құттықтаймын!
Баршаңызға жақсылық пен мол игілік тілеймін!
Тыңдағандарыңызға рахмет.