National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықованың Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Түркі академиясы халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы даладағы Мемлекеттілік және Парламентаризм» атты халықаралық конференцияда сөйлеген сөзі

 

Құрметті Мәжіліс Төрағалары!

Қадірлі халықаралық ұйымдардың басшылары, елшілер, депутаттар!

Ардақты әлеумет, алқалы жиынға келген қонақтар!

 

Еліміздің бас қаласы әсем Астанамызға хош келдіңіздер!

Баршаңызға белгілі, біз кеше ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өттік. Алдымызда, 16 желтоқсан күні мемлекетіміздің басты мейрамы – Тәуелсіздік Күнін мерекелейміз. Осы екі мереке арасында өтіп жатқан бүгінгі «Ұлы даладағы мемлекеттілік және парламентаризм» атты халықаралық жиынның маңызы зор деп есептеймін.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлы Дала ұғымына Еуразияның кең-байтақ кеңістігін мекендеген халықтардың тағдыры түйіскен берекелі өмір-тіршілігін сыйғызған.

Ұлы Жібек жолы бойына өркениеттерді тоғыстырып, адамзаттық құндылықтарды қиюластырған Ұлы Дала ежелден ізгілік пен парасаттың бесігі болған.

Жылқыны алғаш қолға үйреткен жауынгер жұрттың кең жазирасында жүздеген қалалар мен кенттер бой көтеріп, мәдениеттің алауы ерте жағылғаны тарихтан мәлім.

Таяуда Астанада өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз! Ұлы Даланың мұрагерлеріміз! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таңдауымыз!» - деп ерекше атап көрсетті. Түркі мемлекеттерінің Басшыларының қатысуымен өткен алқалы басқосуда айтылған бұл сөз тамыры бір, тарихы ортақ туыс халықтар үшін де маңызды деп ойлаймын.

Расында Ұлы Дала деген ұғымның аясы кең, мазмұны терең, дәрежесі биік. Оның аясына  бүкіл түркі әлемі сыйып кетеді.

Біздің халықтарымыз – әлемдік ақыл-ой қазынасына Қорқыт, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Жүніс Емре, Физули секілді марқасқа  даналарды сыйлады. Алтайдың алтын топырағынан түлеген  елдер ат тұрманы  үзеңгіні, түркі  сына жазуын, темір қорытуды, киіз үйді ойлап тапты.

Сондықтан біз биыл Париж қаласында ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде Түркі академиясының ұйытқы болуымен «Қорқыт мұрасы және Түркі әлемі» атты халықаралық форум өткіздік.

Ғасырлар бедерінде өзінің бет-бейнесін айшықтап, басқа құндылықтармен әдемі үйлестіре білген  бабаларымыз «Мәңгі тасқа» жазған өсиетінде «Күндіз отырмадым, түнде  ұйықтамадым ұрпағым үшін» деп әрдайым болашақ үшін тынымсыз әрекетте болу керек екендігіне үндеген.

Елбасының бастамасымен құрылған ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы секілді интеграциялық құрылымдар түркі әлемінің дамуына үлес қосып келеді.

Бүгін өздеріңіздің қатысуларыңызбен  ашылған «Мәңгі тас» көне түркі кешені бауырлас халықтарды береке-бірлікке шақыратын  рәміз. Оны осыдан  14 ғасыр бұрын ұлы түркі билеушісі Құтлық хағанның орнатуы – баршамызға мақтаныш әрі өнеге.

Дала құрылтайына, хан кеңесіне жиналған іргелі тайпалар «Мәңгі тасқа» бірлік пен достықты қастерлеуді ант етіп, өз таңбасын қашап қалдыруы – бүгінге жеткен ұлы ұран, жарасым мен жасампаздықтың асыл айғағы.

Осындай  ұлы даладағы ұлы жиындарда  даланың билері мен бектері ел тыныштығы мен татулығын қамтамасыз ететін Төре мен Жаса секілді  қуатты заңдарды бекітетін болған.  Бұл ұлы құрылтайлар қазіргі парламентаризмнің бастау көзі деуге болады. Көне түркілер мемлекеттің қарауындағы  халқын «еркін» деп атап, олардың  құқығы мен бостандығын заң арқылы қамтамасыз ете білгені – баршаға  өнеге.

Құрметті қауым, өткенімізден тағлым алып, болашағымызды бекемдеуді мұрат еткен конференцияның жұмысына зор табыс тілеймін.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен: