National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуіне қатысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың ой-пікірі

Әлеуметтік бірлікұлт бақуаттылығының негізі

 

Осыдан екі айға жуық уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында мемлекеттің әлеуметтік шығыстарын арттыруды тапсырды. Қазіргі жаһандық экономикадағы дағдарыс кезеңіне қарамастан, мемлекеттік органдар алдына осындай міндет қойылған еді. Еске сала кетейік, республикалық бюджет шығыстары 2018 жылы 12% өсіп, 4,1 трлн. теңгеден асып түсті.

Биыл әлемде қыс әдеттегіден қатты болды. Жер-жерде құлақ естіп, көз көрмеген табиғи аномалиялар байқалды. Мәселен, Сахарада соңғы 37 жыл ішінде үшінші рет қана қар жауса, Неапольда 1956 жылдан бері бірінші рет қар түскен. Ауа температурасы Польшада минус 30 градусқа жетіп, төрт айда қазірге дейін 63 адам суықтан үсіп өлген. Біздің елде де едәуір суық болғаны белгілі.

Алайда өмір үскірік аязынан соң жылымық күндер келетіндігімен керемет қой. Көріп отырмыз, шуақты көктем қазір күн өткен сайын күш алып келеді. Ел-жұрттың көңілінде жаңа үміттер бүршік жарып, аяулы армандар ояна бастады.

Наурыз айы Қазақстан үшін тек күнтізбелік көктем маусымының басталатындығымен ғана емес, түркі және парсы тілдес елдер халқының Жаңа жылы – Ұлыстың ұлы күнінің лебі сезіле бастайтындығымен де ерекше.

Мемлекет басшысы кеше ұсынған «Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» барлық қазақстандықтарға тамаша тарту болды.  Елбасымыз бұған да қашандағыдай барынша адалдық тұрғысынан келіп, айтарын айқын жеткізді – ол бұл қадамға жүйелі дайындалып, орайлы сәті туғанда өз шешімін жария етіп отыр. Аталған бастамалар өте өзекті еді, ол туралы қоғамымызда үнемі әңгіме болып жүрген. Президент мұны білді, бірақ құрғақ уәде беру оның әдетінде жоқ екені баршаға белгілі.

Адам үшін ең бастысы, сөз жоқ, басында баспанасының болуы. Кез келген мемлекет өз азаматтарын пәтермен қамтамасыз етуді қалайды, бірақ бұған бәрінің бірдей шамасы келе бермейді. Бүгінде елімізде 4 млн-нан астам отбасы бар. Енді солардың барлығына тың  мүмкіндік туып отыр. Ол үшін «Жетi – Жиырма – Жиырма бес» атты президенттік бағдарлама жүзеге асырылмақ. Бағдарламаға сәйкес, жұмыс істейтін адамдарға 7% мөлшерлеме бойынша 25 жылға ипотекалық несие берілетін болады, бұл ретте бастапқы салым мөлшері баспананың жалпы құнының 20%-ынан аспайды.

Қазіргі таңда әлем мүлдем және түбегейлі өзгерді. Утопиялық  идеология атаулы тарихтың тезінен өте алмай, күлі көкке ұшты. Өмірде тегін ештеңе жоқ – мұны бүгінде жер бетіндегі әркім-ақ біледі.

Сондықтан, баспаналы болғың келсе, оны сатып алу керек. Ал ол үшін жақсы жалақың болуы қажет. Президент салыстырмалы түрде төмен еңбекақы алатын қазақстандықтардың жағдайын ойлап, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың табыс салығын 10 есе – 1%-ға дейін азайтуды ұсынды! Оған қоса үнемделген қаражатты олардың жалақысына қосу қарастырылып отыр. Демек, бұл шара барлық жалдамалы еңбеккерлердің ең кемі үштен біріне – 2 млн-нан астам адамның тұрмысына әсер етпек. Нағыз халық қамын көздеген саясат деп осыны айтуға болар!

Кірісің мол болуы үшін, әрине, біліктілігің жоғары болуы керек. Бұл орайда, сөз жоқ, жоғары білім алу – жаһандық үрдіс. Жоғары білікті мамандарсыз 21-ғасырдағы озық 30 ел қатарына қосылу мүмкін емес.

Сондықтан да Мемлекет басшысы жоғары білімге қолжетімділікті және оның сапасын, арттыру міндетін қойды. Деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде 17 мен 29 жас аралығындағы жастар саны 3,5 млн-нан асады, соның тек 15%-ы ғана оқып жатыр. Бұл олқылықты түзету үшін қосымша тағы 20 мың грант бөліп, оның жалпы санын 2018/19 оқу жылынан бастап 74 мыңға жеткізу ұсынылуда.

Қайда тұратынын, қай ақшаға пәтер жалдайтынын білмейтін, үнемі соны ойлап жүретін студенттер Индустрия 4.0 элементтерін өмірімізге кеңінен енгізу ісін жүзеге асыра алмайды. Сондықтан Президент талантты жастарымызға шынайы әкелік қамқорлығын көрсетіп, 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орыннан кем емес заманауи жатақханалар салу жөнінде міндет қойып отыр. Біздің болашағымыз –біздің жастарымыз!

Нарықтық экономиканың негізі – кәсіпкерлік екені мәлім. Егер үлкен өзен кішкентай жылғадан басталады десек, шағын бизнес – шағын несие беруден бастау алады деп тұжыруға болады. Мемлекеттің бүгінгі басты міндетінің бірі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту.

Деректер бойынша, биылғы қаңтар айында елде өз-өзін жұмыспен қамтығандар – 2 млн-нан, жұмыссыздар саны 440 мыңнан аса адам болыпты. Шағын несие беруді 2018 жылы 14 мың адамды қамти отырып, былтырғыдан екі есе деңгейге, 62 млрд. теңгеге дейін көбейту туралы шешім – ең алдымен ел халқының 42%-ынан асатын ауыл тұрғындарына деген қамқорлықтың көрінісі. Ауыл – еліміздің жан-жүрегі, ол күнделікті жанашырлыққа зәру!

Биыл біз айрықша мерейтой – Астананың 20 жылдығын атап өтеміз. Астана – Қазақстанның қуатты қозғаушы күші, Тәуелсіздіктің киелі тұмары. Жыл өткен сайын біздің санымыз да, сапамыз да артып келеді, бұл бәрімізді қуантады. Алайда прогресті де кідіртетін кедергілер, әрине, кездеспей тұрмайды. Соның бірі – экологияның нашарлауы. Сондықтан елде 2,7 млн. адамның өміріне әсерін тигізетін газдандыру ісін одан әрі жалғастыру жөніндегі шешім – бүгінде шарықтап 18,1 млн-нан асқан халықты сақтауға, көбейте түсуге және тұрмысының сапасын жақсартуға бағытталған қадам.

«Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» – әлеуметтік жаңғыру жолында бес саусақтай жұмылған болат жұдырықтың өзіндік бір қуатты серпіні. Ал адами капитал – оның шешуші негізі.

Жоба іс жүзінде барлық қазақстандықтарды қамтып, олардың асыл армандарына жол ашып береді.

Осынау өзекті Президенттік бастамалар ұлттың бақуаттылығының негізі болып табылатын әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталып отыр.  

Біз оған міндетті түрде қол жеткіземіз, өйткені халықтың ертеңгі күнге берік сеніммен қарауы үшін тынбай еңбек етіп келе жатқан, еңбек ете беретін біздің Елбасымыз бар!


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен: