National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында сөйлеген сөзі

Қадірлі зиялы қауым!

Бүгін біз ұлтымыздың ұлы ақыны, дала данышпаны, хәкім Абай дүниеге келген қасиетті топыраққа қадам басып отырмыз.

Өздеріңізге мәлім, биыл ұлы Абайдың 175 жылдығына орай елімізде біршама тағылымды істер қолға алынуда. Солардың қатарында Абайдың қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қосқан зор үлесін және оның шығармашылық мұрасының жалпы әлемдік құндылығын ескеріп,  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен  ел Үкіметі Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндер тізбесіне атаулы күнді – Абай күнін (10 тамыз) енгізді. 

Мұрағаттық деректерде оныншы тамыз ұлы ойшылдың дүние есігін ашқан күн деп белгіленгендіктен де бұл күн бұдан былай  біз үшін ерекше рухани белес, тағылым алар тарихи күнге айналады.  Жыл сайын осы күні ұлы ақынның мұрасын насихаттауға бағытталған мәдени,  ғылыми-ағартушылық іс-шаралар өткізу дәстүрге айналатын болады. Біз сол арқылы жас ұрпақтың санасына Абай әлемінің құндылығын барынша сіңіре аламыз.

Ел Президентінің жыл басында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән берілетінін атап өткен еді. Өздеріңіз көріп отырғандай жыл ішіндегі жұмыстар негізінен осы бағытта жүргізіліп келеді.

Өткен ғасырдың басында алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы «Абай сынды ақынның қадірін білмеу – қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды» деген екен. Біз осы атқарылып жатқан жұмыстар арқылы қай кезде де ұлы тұлғалар аманатына адал екенімізді, Абайдың мұрасын қадірлеп, қастерлеу әрбір қазақстандықтың, яғни, баршамыздың перзенттік парызымыз екенін айтқым келеді.

Бүгінге дейін Абайдың таңдамалы шығармаларының жинағын әлемнің 10 тіліне (ағылшын, француз, орыс, араб, испан, қытай, неміс, түрік, жапон, итальян тілдеріне) аударып, басып шығару жұмыстары аяқталуда.

Қазақстанның шет елдердегі елшіліктері жанынан Абай орталықтарын ашу жұмысы ұйымдастырылуда.

Ақын мұрасын жүйелі зерттеу мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде ауқымды ғылыми-реставрациялық және музейлендіру жұмысы қолға алынды. Абайдың музей-үйінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, экспозициясы жаңартылды.

Абайдың туған жері – «Сырт Қасқабұлақ» аумағы мен Құнанбай Өскенбайұлы ұрпақтары жерленген Ақшоқы қорымы мемлекеттің қарауына алынып, оларды абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Әрине, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы бүгінгідей бүкіл әлемді шарпыған пандемиямен тұспа-тұс келуі  өкінішті. Жаһанды індет жайламағанда біз ұлы ойшылдың өлеңдері мен өсиеттерін, қара сөздерін адамзат ақыл-ойының інжу-маржандарының қатарында дүниежүзіне бұдан да кеңірек насихаттап, тарататын едік. Бірақ өмір жалғаса береді. Тағдырында талай сан сынақтан өткен халқымыз бұл індетті де жеңетіні анық.

Елдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты қолайсыз болжамды ескеріп, Мемлекет басшысының ұйғарымымен мерейтойлық іс-шаралардың кейбірінің өткізілу форматына елеулі түзетулер енгізілді. Абай тағылымын танытуға қатысты ел ішіндегі барлық ағартушылық сипаттағы іс-шаралар онлайн режимге көшіріледі. Осы форматта ғылыми конференциялар, Абай шығармашылығын білуге арналған конкурстар, музейлер акциялары, кітаптардың, фотоальбомдардың тұсаукесерлері өткізілмек.

Сонымен қатар Абайдың өмірі мен шығармашылығы, оның мұрасын дәріптейтін объектілердің қызметі туралы іргелі мақалалар, арнайы телебағдарлама­лар мен фильм­дер топтамалары жарыққа шығады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті» деген сөзі бізді абайтану әлеміне одан да  тереңірек бойлау қажеттігін алға тартып отыр.

Бұл орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің таяуда жарық көрген «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында айтып өткендей, қазіргі уақытта елімізде Абайтану саласында ғылыми-зерттеу ісімен айналысатын бірнеше орталықтардың жұмысын үйлестіруге назар аударуымыз керек. 

Өкінішке қарай, жоғары оқу орындар жанындағы бұл орталықтардың өзара  байланысы әлі күнге жолға қойылмағанын мойындауымыз керек. Әрқайсысы Абайды өзінше зерттеп, өзінше талдап келеді. Елдіктің ортақ ісінде мұндай олқылыққа орын жоқ.  Сондықтан, осылардың басын біріктіріп, бағыт-бағдар беру үшін елордада ашылған Абай академиясы еліміздегі абайтанушы ғалымдардың басын қосып жаңа ғылыми танымға негізделген ортақ бағытты айқындайтын өзара үйлестіруші қызметін атқаруға тиіс. 

Сонымен бірге,  алдағы уақытта Абайтануды еліміздің  филология, тарих факультеттерінде арнайы курс, арнайы семинар сабақтары ретінде оқытуды қарастыруымыз керек. Осы арқылы жастарға Абайтанудан терең мағлұмат берумен бірге Абай мұрасының рухани, тарихи болмысынан кең, жаңаша танымдар ұсынылады. Ол үшін «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясы жазылатын болады.

Тағы бір маңызды мәселе,  Абайдың толық адам мен жантану ілімдерін ерекше әрі жан-жақты терең зерттеу ісіне барынша мән беріп,  бұл ілімдер қазақ елінің ғана қазынасы болып қоймай, бүкіл түркі халықтарының болашақта қабылданар моральдық кодексі ретінде бекітудің жолдарын зерделеген жөн.

Біз кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттауда мерейтойлық жыл аясында қалып қоймай, ұлы ақынның еңбектерін ой елегінен қайта өткізу, жаңаша тұрғыдан қарастыру үшін  келешекте келелі жұмысты жандандыра беретін боламыз.

Осы өрелі жолда бізді Абай рухы қолдасын!  Ұлы Абай тойы құтты болсын!


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару