Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Биыл Тәуелсіз Қазақстан, сонымен бірге барша түркі әлемі үшін ерекше тарихи жыл! Біз жыл бойында жаһандық пандемия жағдайына және әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан адамзат тарихында өшпес із қалдырған ұлтымыздың ұлы тұлғалары Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, ұлы ойшыл, философ Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын,Ұлық Ұлыс (Алтын орданың) 750 жылдығы мен биыл ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесіне ие болған Шымкенттің 2200 жылдығын атап өтудеміз.
Осы сәтті пайдалана отырып, біздің ұсыныстарымызды мұқият қарап, тиісті қолдау көрсетіп отырған барлық халықаралық ұйымдарға, шет елдік әріптестерімізге ризашылығымызды білдіреміз. Бұл жобалар біздің ұлы тұлғалар рухы алдындағы қарызымыз, өскелең ұрпақ алдындағы парызымыз деп түсінеміз.
Соның ішінде, биылғы мерейтой жылында біздің жерлесіміз, ұлы ойшыл әл-Фарабидің мұрасын, оның әлемдік өркениет тарихындағы рөлін айқындау, әл-Фарабиді ұлттық бренд ретінде ілгерілету бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Жыл бойы Әл-Фарабидің қоғамдағы ғылымның рөлі, ізгілік, этикалық кемелдік туралы идеяларына негізделе отырып халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, салалық, кәсіби кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды.
Атап өтер жайт, Фараби бабамыздың парасатты ғұмыры бүгінгідей жаһандану заманында жас ұрпақты бәсекегі қабілетті етіп өсіру жолында үлкен үлгі-өнеге. Ұлы философ бала кезінен сол замандағы өркениеттің іргелі орталықтары Бұқара, Самархан, Мерф, Бағдат, Харран, Рей, Каир, Алеппа және басқа да ірі шаһарларда ұдайы білімін жетілдіріп отырды. Ғылым, білім іздеп, жаһанды шарлаған ойшыл түркі, араб, парсы тілдерімен қатар грек, қытай, латын, санкскрит және басқа да ғылым дамыған тілдерді меңгереді.
Қазіргі уақытта әл-Фараби ойлары мен тұжырымдарының өзектілігі қайтадан арта түсуде. Сондықтан да, биылғы барша мерейтойлық іс-шаралар ұлы ойшылдың рухани мұрасын насихаттауға, зерделеуге, оның ғылыми және әлеуметтік-мәдени маңызы бар инфрақұрылымдық объектілерін құруға, сондай-ақ әл-Фарабиді мәңгі есте қалдыруға бағытталды.
Ойшылдың еңбектерін тәржімалау жұмыстары қолға алынды, Әл-Фараби туралы жаңа кітаптар жарыққа шықты, ұлы ғалым туралы деректі фильмдер жасалды, әл-Фарабидің шет елдерде жаңа орталықтары ашылды.
Біз ұлы бабамыздың ғылыми жаңалықтарын жаңа ғасырдың сұраныса сай зерделеуге де баса мән беріп келеміз. Әл-Фараби мұрасының аясында жасанды интеллект, этика және рухани дамумен байланысты проблемаларды зерделеу бойынша пәнаралық жобаларды қолдауға мемлекет тарапынан қаржы бөлінді. Еліміздегі Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидің ғылыми-технологиялық алқабын құру жөніндегі жобаға бастама қолға алынуда. Бұл жоба инвестициялар тартуға, технологиялардың дамуына қуатты серпін беруге және отандық ғылым мен білім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Еліміздің Түркістан облысындағы әл-Фараби мұрасын жаңғырту және Отырар қалашығын ірі туристік кластер ретінде қалпына келтіру бойынша бірқатар іс-шаралар кешені өткізілді. Ізгі қоғам туралы Әл-Фарабидің идеясын креативті түрде насихаттауға бағытталған жастар бастамалары қолдау тапты. Аталған жобалар кезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асуда.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Әлемдік деңгейдегі ұлы ойшыл дүниеге келген Ұлы Дала төсінде отандық ғылымды өркендету біз үшін өте өзекті мәселе. Өздеріңіз білесіздер, Әл-Фараби осыдан мың жылдан астам бұрын дүниенің мәңгілігін, танымның болмысқа тәуелдігін айқындап парасат туралы ілімді сараптап, саралады. Сол замандардың өзінде дала кемеңгері «Ғылымдар тізбегі», «Бесінші трактат», «Медицина каноны», «Қайырымды қала», «Риторика», «Бақытқа жол сілтеу», «Вакуум туралы» және басқа да ондаған іргелі еңбектер жазғанын ескерсек, ұлы баба ұрпақтары қазіргі таңда тарихи әрі табиғи сабақтастықты қамтамасыз етуге міндетті деп есептейміз!
Осыған орай, Әл-Фарабидің мерейтойлық жылында өткізілген барлық іс-шаралар қазіргі заманғы білім беру, ғылым, инновация және халықаралық ынтымақтастық жүйесінің дамуына қуатты серпін беріп отырғанын айрықша атап өтуіміз керек. Әл-Фараби шығармашылығын пәнаралық зерттеу жандандырылды, соның арқасында әлемдік философия мен ғылым контекстінде Әл-Фарабидің әлеуметтік-философиялық көзқарастарының басты идеялары мен принциптерінің қазіргі мазмұнын анықтау бойынша жұмыс жалғасуда.
Сонымен бірге, Әл-Фараби мұрасының негізінде адамның рухани-зияткерлік жетілуі парадигмасы мен ізгілікті қоғамды қалыптастыру стратегиясы аясында мемлекеттің жаңа түрін теориялық негіздеу міндеттері өзектендірілді.
Қорыта айтқанда, мерейтойлық жыл Қазақстан және дүниежүзінде адамзаттың дамуы үшін әл-Фараби мұрасының маңызын қайта ашып, жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Осы жылы ұлы ойшылдың мұрасын насихаттаудағы қол жеткізілген жетістіктер міндетті түрде жаңа да жасампаз ғылыми жобаларға жол ашатыны анық.
Әл-Фарабиді зерттеу, насихаттау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі баршамыздың алдағы ортақ жұмысымыз ғұлама ғалымның қазыналы мұрасын әлемдік мәдениетте келесі жылы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтпекші жаңа Қазақстанның жарқын бренді ретінде лайықты көрсете алатынымызға сенімдіміз!
Тыңдағандарыңызға рахмет!