National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың Фарабитанушы ғалымдармен өткен кездесуде сөйлеген сөзі

Құрметті зиялы қауым! Қадірлі фарабитанушы ғалымдар!

Биыл ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтау және тарихи оқиғаларынан тағылым алу жылы болды. Ұлы кемеңгеріміз Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, ұлы ойшыл, философ Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Ұлық Ұлыс (Алтын орданың)  750 жылдығы және биыл ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесіне ие болған Шымкенттің 2200 жылдығы ел көлемінде елеулі түрде атап өтілуде.  Біз жыл бойында ізімізден қалмай, іргемізге қатер төндірген індетке де, әлемдік экономикалық дағдарысқа да қарамастан осы тарихи оқиғаларды лайықты өткізуге бар күш-жігерімізді салып отырмыз. Ең бастысы, бұл мерейтойлар далада ат шаптырып, даңғаза думан жасау емес, ертеңгі ұрпақтың санасына салиқалы ой салатын сарабдал істермен өлшеніп отыр. Яғни, той тойлауға емес, ой ойлауға бағытталып келеді.

Өйткені, бұл біздің ұлы балалар рухы алдындағы қарызымыз, өскелең ұрпақ алдындағы парызымыз еді.

Ғибратты ғұмырын әлемдік деңгейдегі данышпан әл-Фарабидің мұраларын зерттеуге арнаған ғұлама ғалым Ақжан Машани: «Бұл кісіден бұрын да, кейін де даналар болды. Бірақ олардың ішінде дәл Фарабидей геометрия, музыка, астрономия сияқты үш ғылым саласына бірдей үлес қосқан, аса ірі жаңалық ашқан ғалымдарды табу қиын. Тіпті Платон, Аристотель, Птоломей сияқты ғұламалар музыканы жөнді меңгере алмағанын өздері жазып кеткен» деп атап көрсетуі дала данышпанының әлемдік ғылымның дамуына қосқан айрықша үлесін дәлелдей түседі.

Сіздер де осы салада өмір бойы ізденіп, әл Фараби бабамыздың ғылыми тұжырымдарын талдау, зерделеу ісінде қажырлы еңбек етіп келесіздер. Биылғы мерейтойлық жылында да өздеріңіздің еңбектеріңізді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы ұлы ойшылдың мұраларын жастардың санасына сіңіруге күш жігерлеріңізді салдыңыздар.  Осы игілікті іске атсалысқандарыңыз үшін баршаңызға үлкен рақмет айтамын!

Елімізде тәуелсіздік жылдарында   ұлы бабамыздың есімін ұлықтау ұдайы жүргізіліп келеді.  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің 2018 жылғы 21 қарашада жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек», - деген болатын.

Өздеріңізге белгілі, биылғы мерейтойдың басты мақсаты - әлемдік өркениеттің ұлы ойшылы әл-Фарабидің мұрасын, оның әлемдік өркениет тарихындағы рөлін айқындау, әл-Фарабиді ұлттық бренд ретінде ілгерілету болды. Жыл бойы Әл-Фарабидің ғылымның рөлі, ізгілік, этикалық кемелдік туралы идеяларына негізделе отырып  халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, салалық, кәсіби кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды.

Бұл орайда,   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Дана бабамыздың еңбектерінің факсимелерін әлем кітапханаларынан жатпай-тұрмай іздеу, табу, қазақ ойының, қазақ ғылымының басты міндеті саналуы тиіс... Жаңа Қазақстанның жаңа ұрпағы қастерлі бабамыздың еңбектеріне адал, әм берік ниетпен қарайтынына сенім мол. Әл-Фарабидің теңдессіз еңбектері Дешті-Қыпшақ раханиятының қайнар көзі болғанын қашанда жадымызда ұстайық», деп атап өткен еді.

Атап өтер жайт,  Фараби бабамыздың парасатты ғұмыры бүгінгідей жаһандану заманында жас ұрпақты бәсекегі қабілетті етіп өсіру жолында үлкен үлгі-өнеге.  Ұлы философ бала кезінен сол замандағы өркениеттің іргелі орталықтары Бұқара, Самархан, Мерф, Бағдат, Харран, Рей, Каир, Алеппа және бас да ірі шаһарларда ұдайы білімін жетілдіріп отырды. Ғылым, білім іздеп, жаһанды шарлаған ойшыл түркі, араб, парсы тілдерімен қатар грек, қытай, латын, санкскрит және басқа да ғылым дамыған тілдерді меңгереді.

Қазіргі уақытта әл Фараби ойлары мен тұжырымдарының өзектілігі қайтадан арта түсуде. Сондықтан да, биылғы барша мерейтойлық іс-шаралар ұлы ойшылдың рухани мұрасын насихаттауға, зерделеуге, оның ғылыми және әлеуметтік-мәдени маңызы бар инфрақұрылымдық объектілерін құруға, сондай-ақ әл-Фарабиді мәңгі есте қалдыруға бағытталды.

Ойшылдың еңбектерін тәржімалау жұмыстары қолға алынды, Әл-Фараби туралы жаңа кітаптар жарыққа шықты, ұлы ғалым туралы деректі фильмдер жасалды. Бұқаралық ақпарат құралдарында Әл-Фарабиге арналған хабарлар циклі, тақырыптық айдарлар мен бөлімдер ұйымдастырылды.

Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын және оның қазіргі әлемдегі өзектілігін талқылау түрлі елдердің ғалымдары мен әлемнің жетекші фарабитанушыларының ірі халықаралық конференцияларда талқыланатын тақырыпқа айналды. Әл-Фарабидің шетелде жаңа орталықтары ашылды.

Біз ұлы бабамыздың ғылыми жаңалықтарын жаңа ғасырдың сұраныса сай зерделеуге де бас мән беріп келеміз. Әл-Фараби мұрасының аясында жасанды интеллект, этика және рухани дамумен байланысты проблемаларды зерделеу бойынша пәнаралық жобаларды қолдауға қаржы бөлінді. Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидің ғылыми-технологиялық алқабын құру жөніндегі жобаға бастама жасалды, ол инвестициялар тартуға, технологиялардың дамуына қуатты серпін беруге және отандық ғылым мен білім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысындағы әл-Фараби мұрасын жаңғырту және Отырар қалашығын ірі туристік кластер ретінде қалпына келтіру бойынша бірқатар іс-шаралар кешені өткізілді. Ізгі қоғам туралы Әл-Фарабидің идеясын креативті және өзгеше түрде насихаттауға бағытталған жастар бастамалары қолдау тапты.

Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде біз осы үлкен жұмыстың қорытындысын шығарамыз, соның арқасында әл-Фарабидің бейнесі мен мұрасын қоғамдық қабылдау едәуір алға жылжыды.

ҚазҰУ мен қазақстандық ғылыми қоғамдастықтың бірегей мықты командасының арқасында Әл-Фараби жылы аясындағы ғылыми миссионерлік қағидаттарға негізделген көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды.

Дала данышпанының асыл мұрасын ұрпаққа жеткізуде алдымызда атқарылатын әлі де іргелі істер, ізгілікті жобалар молынан тұр. Бүгінгі басқосуда осы мәселелер де айтылады деп сенемін. Кездесуімізді бастайық.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару