National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қауіпсіздік Кеңесі


Ұлттық қауіпсіздік

Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы Қазақстан Республикасының Заңы

Осы Заң Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі саласындағы құқықтық қатынастарды реттейді және адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мазмұны мен қағидаттарын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесiн, мақсаттары мен бағыттарын айқындайды.

 1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық инфрақұрылым – ақпаратты қалыптастыру, жасау, өзгерту, өңдеу, беру, пайдалану және сақтау техникалық құралдары мен жүйелерінің жиынтығы;

      2) ақпараттық кеңістік – жеке және қоғамдық санаға, ақпараттық инфрақұрылым мен ақпараттың өзіне де ықпал ететін, ақпаратты қалыптастыруға, жасауға, өзгертуге, өңдеуге, беруге, пайдалануға, сақтауға байланысты қызмет саласы;

      3) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi (бұдан әрi – ұлттық қауiпсiздiк) – адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің серпінді дамуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерінiң нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйi;

      4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету (бұдан әрі – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету) – ұлттық мүдделерді нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғауға бағытталған ұлттық қауіпсіздік субъектілерінің қызметі;

      5) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі – ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясат шеңберінде ұлттық қауіпсіздік субъектілері іске асыратын құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, техникалық және өзге де шаралар жиынтығы;

      6) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi – іске асырылуынан мемлекеттің адам мен азаматтың құқықтарын, қазақстандық қоғамның құндылықтарын және конституциялық құрылыс негіздерін қорғауды қамтамасыз ету қабілеті байланысты болатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық тұрғыдан танылған саяси, экономикалық, әлеуметтік және басқа да қажеттіліктерінің жиынтығы;

      7) ұлттық қауiпсiздiкке қауiп-қатерлер – Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн iске асыруға кедергi келтіретін немесе кедергі келтіруі мүмкін сыртқы және ішкі факторлардың (процестер мен құбылыстардың) жиынтығы;

      8) ұлттық қауiпсiздiк объектiлерi – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары; қоғам, оның материалдық және рухани құндылықтары; мемлекет, оның конституциялық құрылысы;

      9) ұлттық қауіпсіздік стратегиясы – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында негізгі проблемаларды және қауіп-қатерлерді, стратегиялық мақсаттарды және нысаналы индикаторларды, міндеттерді және нәтижелер көрсеткіштерін айқындайтын Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық құжаты;

      10) ұлттық қауiпсiздiк субъектiлерi – өз өкiлеттiктерін биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары органдары арқылы жүзеге асыратын мемлекет, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдары.

 2-бап. Ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз етудің құқықтық негіздері

      1. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше нормалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3. Мынадай:

      1) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін немесе тәуелсіздіктен айырылуға әкеп соғатын;

      2) Қазақстан Республикасының егемендік құқықтарының аясын тарылтатын халықаралық шарттарды жасасуға жол берілмейді.

 3-бап. Ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету қағидаттары

      Ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету қағидаттары:

      1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру кезiнде заңдылықты сақтау;

      2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы;

      3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiнiң жедел өзара хабардар етiлуі және іс-қимылдарының үйлесiмділігі;

      4) ұлттық қауiпсiздiктiң барлық түрлерiнiң бiрлiгi, өзара байланысы және теңдестiрiлімдiгi, ахуалдың дамуына байланысты олардың басымдығының жедел өзгеруі;

      5) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде алдын алу-профилактикалық шараларының басымдығы;

      6) ұлттық қауіпсіздікке келтірілген және/немесе ықтимал нұқсанның ауқымы мен сипатына ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының уақтылы және лайықты болуы;

      7) адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекет мүдделерінің теңгерімін сақтау, олардың өзара жауапкершілігі;

      8) ұлттық қауіпсіздікті қорғау жөніндегі іс-қимылдардың барлық жиынтығын іске асырудың бақылауда болуы;

      9) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің халықаралық қауіпсіздік жүйелерімен ықпалдастығы;

      10) мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің аражігін нақты ажырату болып табылады.

 4-бап. Ұлттық қауіпсіздік түрлері

      Ұлттық қауіпсіздік түрлері:

      1) қоғамдық қауiпсiздiк – қоғамның тұтастығы мен оның тұрақтылығы қамтамасыз етілетін азаматтар өмiрiнiң, денсаулығының және амандығының, қазақстандық қоғамның рухани-имандылық құндылықтарының және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің нақты әрі ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі;

      2) әскери қауіпсіздік – әскери күштерді қолданумен немесе оны қолдану ниетімен байланысты сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдделері қорғалуының жай-күйі;

      3) саяси қауіпсіздік – азаматтардың, әлеуметтік топтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы және олардың мүдделерінің теңгерімі, мемлекеттің тұрақтылығы, тұтастығы және қолайлы халықаралық жағдайы қамтамасыз етілетін конституциялық құрылыс негіздерінің, мемлекеттік органдар жүйесі қызметінің және мемлекеттік басқару тәртібінің нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі;

      4) экономикалық қауiпсiздiк – экономиканың орнықты дамуы және оның тәуелді болмауы қамтамасыз етілетін, Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі;

      5) ақпараттық қауiпсiздiк – елдің орнықты дамуы және ақпараттық тәуелсіздігі қамтамасыз етілетін, ақпарат саласындағы нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен мүдделерiнің, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі;

      6) экологиялық қауiпсiздiк – қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи әсерлер салдарынан туындайтын қауіп-қатерлерден адамның және азаматтың өмірлік маңызы бар мүдделері мен құқықтарының, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі болып табылады.

 5-бап. Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық мүдделерi

      1. Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық мүдделерi:

      1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету;

      2) заңдардың дәлме-дәл әрi бiркелкi орындалуы және құқықтық тәртiпті сақтау;

      3) елде қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау;

      4) қазақстандық отаншылдық және Қазақстан халқының бiрлiгi;

      5) қазақстандық қоғамның материалдық және рухани-имандылық құндылықтарын сақтау мен еселей түсу;

      6) денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің азаматтар мен қоғамның әл-ауқатын жақсарту қажеттіліктеріне лайықты деңгейі мен сапасына қол жеткізу және оны сақтап тұру;

      7) елдің білім және ғылым әлеуетінің қоғам мен азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, инновациялық және зияткерлік даму қажеттіліктеріне лайықты деңгейі мен сапасына қол жеткізу және оны сақтап тұру;

      8) Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының, оның iшiнде елдің тәуелсіздігінің, бiртұтастығы мен президенттiк басқару нысанының, тұтастығының, мемлекеттiк шекарасына қол сұғылмаушылығының және аумағының бөлiнбестiгiнiң мызғымастығы;

      9) мемлекеттiк институттардың тұрақты жұмыс iстеуi, олардың қызметiнiң тиімдiлiгiн арттыру;

      10) Қазақстанның бүкiл халқының игiлiгi үшiн экономикалық даму;

      11) экономикалық қауіпсіздікті толық көлемде қамтамасыз ететін агроөнеркәсiптiк, отын-энергетика кешендері, көлік және өндірістік салалар, қаржы жүйесі субъектiлерiнiң тұрақты жұмыс iстеуi;

      12) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк және жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету;

      13) Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін толық көлемде қамтамасыз ететін қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыруды қамтамасыз ету және қорғаныс өнеркәсібі кешенінің отандық субъектілерін дамыту;

      14) бәсекеге қабілетті және қорғалған ұлттық ақпараттық кеңістікті қолдау және дамыту;

      15) қоршаған ортаның жай-күйін сақтау және жақсарту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;

      16) Қазақстан Республикасының даму басымдықтарына сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың жай-күйі;

      17) халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасының жағымды имиджі мен беделін нығайтуға бағытталған саяси бастамаларды ілгерілету;

      18) Қазақстан халқы мен аумағын төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстардың салдарынан туындайтын қауіп-қатерлерден бейбіт уақытта және соғыс уақытында қорғау болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен толықтырылуы және Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнің құжаттарымен нақтылануы мүмкiн.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
 

 6-бап. Ұлттық қауіпсіздікке негізгі қауіп-қатерлер

      1. Ұлттық қауіпсіздікке негізгі қауіп-қатерлер:

      1) ұлттық мүдделердің қорғалу дәрежесінің төмендеуiне ықпал ететiн заңдылық пен құқықтық тәртiп деңгейінің төмендеуі, оның iшiнде қылмыстың, оның ұйымдасқан нысандарын қоса алғанда өсуi, мемлекеттiк органдардың қылмыстық құрылымдармен, террористік немесе экстремистік ұйымдармен кірігуі, лауазымды адамдардың капиталдың заңсыз айналымына қолдау жасауы, сыбайлас жемқорлық, қарудың және есiрткi заттарының заңсыз айналымы;

      2) демографиялық ахуалдың және халық денсаулығының нашарлауы, оның iшiнде бала туудың күрт төмендеуi, өлiм-жiтiмнiң көбеюі;

      3) бақылаусыз көшi-қон процестері;

      4) елдiң денсаулық сақтау, бiлiм және зияткерлік әлеуетi деңгейі мен сапасының төмендеуі;

      5) Қазақстан Республикасы халқының мәдени және рухани мұрасынан айырылуы;

      6) ұлтаралық және конфессияаралық қақтығыстардан, жаппай тәртiпсiздiктерден көрінетін әлеуметтік және саяси жағдайдың ушығуы;

      7) конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған iс-әрекет, оның iшiнде Қазақстан Республикасының бiртұтастығына, аумағының тұтастығына, қол сұғылмаушылығына, бөлiнбестiгiне, күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін iс-әрекеттер;

      8) кез келген нысандардағы және көріністердегі терроризм, экстремизм мен сепаратизм;

      9) шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің, өзге де шетелдік ұйымдардың және жекелеген адамдардың ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге бағытталған барлау-нұқсан келтіру әрекеті;

      10) мемлекеттiк органдардың қызметiне iрiткi салу, олардың iркiлiссiз жұмыс iстеуiн бұзу, елде басқару деңгейінің төмендеуі;

      11) стратегиялық ресурстарды ел мүдделерiне кереғар пайдалануды қоса алғанда, мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiру, инновациялық дамуға және инвестициялық белсендiлiктiң артуына кедергi жасау, капитал мен тауарларды елден тысқары жерлерге бақылаусыз әкету, көлеңкелі экономиканың өсуі;

      12) қаржы жүйесі орнықтылығының төмендеуі;

      13) өндiрістің қысқаруы, өнімдер мен тауарлар сапасының, бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң, экспорттық, транзиттік әлеуетінің және қолжетiмдiлiгiнiң төмендеуi, Қазақстан Республикасында өндiрiлмейтiн өнімдер мен тауарларды басқа мемлекеттерден әкелудің қысқаруы;

      14) елдiң қорғаныс қабiлетi деңгейінiң төмендеуi, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк шекарасының қол сұғылмаушылығына және Қазақстан Республикасына қатысты күш қолдану қауiп-қатері төнуі, оған қарсы агрессия;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген әскерилендiрiлген құралымдар құру;

      16) елдің ақпараттық кеңістігінің, сондай-ақ ұлттық ақпараттық ресурстардың рұқсат етілмеген қолжетімділіктен қорғалу деңгейінің төмендеуі;

      17) ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіре отырып, ақпаратты әдейі бұрмалаумен және дәйексіз ақпаратты таратумен байланысты қоғамдық және жеке санаға ақпараттық ықпал ету;

      18) экологиялық жағдайдың, оның ішінде ауыз су сапасының күрт нашарлауы, дүлей зілзалалар мен табиғи және техногендiк сипаттағы өзге де төтенше жағдайлар, эпидемиялар мен эпизоотиялар;

      19) халықаралық деңгейде Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, саяси беделіне және экономикалық рейтингіне нұқсан келтіру;

      20) егер жиналыстардың, митингілердің, шерулердің, пикеттер мен демонстрациялардың, сондай-ақ оларға қатысуға шақырудың мақсаты нәсiлдiк, ұлттық, әлеуметтiк, дiни төзімсіздікті, тектiк-топтық астамшылықты қоздыру, республиканың конституциялық құрылысын күш қолданып құлату, аумақтық тұтастығына қол сұғу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің басқа да ережелерін бұзу болып табылса не оларды өткізу қоғамдық тәртіпке және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан алынған (келіп түскен) ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрация- лар ұйымдастыру мен өткізуге, сондай-ақ оларға қатысуға шақыруға пайдалану болып табылады.

      2. Ұлттық қауiпсiздiкке қауiп-қатерлер Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнің құжаттарымен толықтырылуы және нақтылануы мүмкiн.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) ; 26.07.2016 № 12-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2020 № 375-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
 

 2-тарау. ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ НЕГІЗГІ ФУНКЦИЯЛАРЫ

 7-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесi

      1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiн бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасайтын оны қамтамасыз ету күштері, адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, әскери және өзге де сипаттағы шараларды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттiк органдар мен ұйымдар құрайды.

      2. Қазақстан Республикасының азаматтары өздерінің Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген құқықтары мен міндеттерін іске асыру арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады.

 8-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң негiзгi функциялары

      Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң негiзгi функциялары:

      1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін айқындау;

      2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мақсаттарын, міндеттері мен негізгі бағыттарын айқындау;

      3) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауiп-қатерлердi анықтау, талдау, бағалау және болжамдау;

      4) ұлттық қауiпсiздiкке төнетін қауіп-қатерлердiң алдын алу және оны бейтараптандыру жөнiнде жедел және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн әзiрлеу және жүзеге асыру;

      5) халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған саяси бастамаларды ілгерілету;

      6) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiн ұдайы дайындықта ұстау;

      7) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық және өңірлік қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысу болып табылады.

 9-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi

      1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерiне:

      1) барлау, қарсы барлау қызметін, сондай-ақ күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық және ұйымдастырушылық шаралар кешенін жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік органдар;

      2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары;

      3) ішкі істер органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары, экономикалық тергеу қызметі және авариялық-құтқару қызметтері жатады.

      2. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету заңнамада белгіленген өкілеттіктерге сәйкес барлық мемлекеттік органдар мен мемлекеттің лауазымды адамдары үшін міндетті болып табылады.

      3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштері және өзге де мемлекеттік органдар өзара байланыста iс-қимыл жасайды, Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау бойынша бірлескен іс-шараларды іске асырады және өздерінің құзыретiне жататын мәселелер бойынша бiр-бiрiн өзара хабардар етеді.

      Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштері мен өзге де мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі осы Заңда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде, тиісті мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
 

 3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ, ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ, ПАРЛАМЕНТІНІҢ, ҮКІМЕТІНІҢ, СОТТАРЫНЫҢ, МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ

 10-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiктері

      Қазақстан Республикасының Президентi:

      1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды;

      2) елдiң ұлттық мүдделерiн қорғау саласында барлық мемлекеттiк билік тармақтарының келісілген қызметін қамтамасыз етедi;

      3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша актiлер шығарады;

      4) Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесін құрады;

      5) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекітеді;

      6) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2018 № 179-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
       

 

 11-бап. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің өкілеттіктері

       1. Алып тасталды - ҚР 05.07.2018 № 179-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ұйымдастыру және оның өкілеттіктері заңда айқындалады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2018 № 179-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
 

 12-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң өкілеттіктері

      Қазақстан Республикасының Парламентi ұлттық қауіпсіздік саласындағы өз өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жүзеге асырады.

 13-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкілеттіктері

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:

      1) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдардың жобаларын енгiзедi және заңдардың орындалуын қамтамасыз етедi;

      2) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудің негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеуді және іске асыруды ұйымдастырады;

      3) министрліктердің, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі қызметiне басшылық жасайды;

      4) мыналардың:

      ұлттық холдингтердiң және (немесе) ұлттық компаниялардың не олардың үлестес тұлғаларының, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де заңды тұлғалардың жарғылық капиталына берiлген және (немесе) олардың меншiгiндегі стратегиялық объектiлердiң;

      мемлекетпен үлестес емес заңды тұлғалардың, сондай-ақ жеке тұлғалардың меншiгiндегі стратегиялық объектiлердiң тiзбелерiн түзедi;

      5) алып тасталды - ҚР 04.12.2015 № 435-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      6) тиісті саланың уәкілетті органының салалық қорытындысы негiзiнде, жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi стратегиялық объектiмен ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкiн азаматтық-құқықтық мәмiле жасасуға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды;

      7) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актiлерiне сәйкес ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.12.2015 № 435-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
 

 14-бап. Қазақстан Республикасы соттарының өкілеттіктері

      Соттар:

      1) азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды, Конституцияның, осы Заңның және өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етедi;

      2) адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiне қол сұғылатын қылмыстық және өзге құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша сот төрелiгiн жүзеге асырады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
 

 15-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының өкiлеттiктерi

      1. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жүзеге асырады:

      1) ұлттық қауіпсіздік органдары – конституциялық құрылысты, мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін қорғау жөнінде қарсы барлау қызметін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуді, үкіметтік байланысты сақтап тұруды және қамтамасыз етуді, сондай-ақ терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында ведомствоаралық қызметті үйлестіруді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік органдар;

      2) сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті мен Үкіметін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен мемлекеттік ұйымдарын тиісті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында барлау қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ саяси, әскери-саяси, қаржылық-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салаларда мемлекет басшылығының саясатын іске асыруға жәрдемдесетін, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган;

      3) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі – күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұйымдастырушы және үйлестіруші орган болып табылатын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган;

      4) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган - мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруды және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;

      5) ішкі істер органдары – қоғамдық тәртіпті сақтауды, қылмысқа, есірткі заттары мен қарудың заңсыз айналымына, бақылаусыз көші-қонға қарсы күресті, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын, қылмыстық жазалардың орындалуын, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді ұйымдастыратын атқарушы органдар;

      6) Қорғаныс министрлігі – мемлекеттің қорғаныс қабілетін, Қарулы Күштердің тұрақты жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын сақтап тұратын және қамтамасыз ететін, өз құзыреті шегінде сыртқы барлауды, терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимылды, сондай-ақ әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6-1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қалыптастыру мен іске асыруды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында үйлестіруді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      7) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын, халықаралық бейбітшілікті, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін іске асыруды, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуды, Қазақстан Республикасының егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын және шекарасының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарында және халықаралық аренада саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін, шет елде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін дипломатиялық құралдармен және әдістермен қорғауды, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

      8) байланыс және ақпарат саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық кеңістігі мен байланыс инфрақұрылымын қалыптастыруды, дамытуды және қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ ақпараттық кеңістік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      9) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқықтық, әкімшілік және өзге де шараларды әзірлейді, олардың іске асырылуы мен сақталуын бақылауды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;

      10) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган – қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын, жұмылдыру даярлығы мен жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратын, ішкі және сыртқы сауданы реттеу мен дамытуды, сондай-ақ заңнамада белгіленген құзырет шегінде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

      12) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      13) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган – көлік-коммуникация саласына басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      14) қаржы саласындағы уәкілетті орган – қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қолданатын, салық, кеден және бюджет заңнамасының сақталуын, мемлекеттік мүліктің ұтымды пайдаланылуын және сақталуын, экономикалық және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қызмет саласында адамның және азаматтың құқықтарына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алуды, оларды анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      15) индустриялық даму саласындағы уәкілетті орган - индустриялық даму саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу мен іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      15-1) инновациялық даму саласындағы уәкілетті орган - ел экономикасы салаларының инновациялық және ғылыми-техникалық дамуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

      16) энергетика саласындағы уәкілетті орган – экономиканың энергия және энергия ресурстарына қажеттілігін қанағаттандыруды, отын-энергетика кешенін дамытуды, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

      17) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган – азаматтық қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      18) әділет органдары – мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимін қолдайтын, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы органдар;

      19) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган – әлеуметтік және еңбек қатынастарында, халықты жұмыспен қамтуда заңдылықтың сақталуын және келісімді нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

      20) мәдениет саласындағы уәкілетті орган – қоғамның тарихи-мәдени және рухани-имандылық құндылықтарын сақтауды, мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің серпінді дамуын, ішкі саяси тұрақтылықты және этносаралық келісімді нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

      21) білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган – сапалы және қолжетімді білім беруді, қазақстандық ғылымның орнықты дамуын, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

      22) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган – халық денсаулығын қорғауды, аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулардың таралуынан қорғауды, азаматтардың тиімді, сапалы және қолжетімді дәрілік заттарға қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

      23) туризм, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган – Қазақстанда туризмнің, бұқаралық спорттың дамуын, ел халқының дене шынықтыру мәдениетін нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

      24) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті орган – жерді ұтымды пайдалануды және қорғауды, жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

      25) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      26) бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзудың алдын алуды, анықтауды және жолын кесуді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

      27) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган – жер қойнауын геологиялық зерттеу саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды және бақылауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген, жер қойнауын пайдалану саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      28) дін істері жөніндегі уәкілетті орган – діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      29) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі – қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін, Қазақстан Республикасының Президентіне есеп беретін Қазақстан Республикасының орталық банкі;

      29-1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін мемлекеттік орган;

      30) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті – Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жоғары органы.

      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары өз құзыреттері шегiнде:

      1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды жоспарлау және өткiзу бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметiне басшылық етедi;

      2) ұлттық қауiпсiздiк жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

      3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз етедi;

      4) мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнаманы сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйі мен оны қамтамасыз ету бойынша қолданылатын шаралар туралы халықты хабардар етеді, насихат және қарсы насихат жұмыстарын жүргізеді;

      5) іс-әрекеттерi (немесе әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерінiң бұзылуына, ұлттық қауiпсiздiгiне қауіп төнуіне әкеп соғатын лауазымды адамдарды, мемлекеттiк қызметшiлердi тиiсті жауаптылыққа тартады.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2014.06.10 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 393-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2017 № 126-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2020 № 357-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.10.2020 № 365-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2020 № 375-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
 

 16-бап. Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының өкiлеттiктерi

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегiнде:

      1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктерде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады және жұмыс ұйымдастырады;

      2) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген жұмылдыру қуаттары мен жұмылдыру резервтерiнiң (ресурстарының) сақталуын қамтамасыз етедi.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
 

 4-тарау. ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

 17-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiндегiадамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерi

      1. Қазақстан Республикасы заңнама мен халықаралық шарттарға сәйкес өз аумағында әрбiр адамның және азаматтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. Мемлекет Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген Қазақстан азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.

      2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңдармен және конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті сақтауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, соншалықты ғана шектелуі мүмкін. Бұл ретте аталған адамдар заңнамада белгiленген тәртiппен тиісті мемлекеттік органдардан өз құқықтары мен бостандықтарының шектелуi жөнiнде түсiніктер алуға құқылы.

      3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланған лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.

      4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге жәрдемдесетін адамдарға мемлекеттiк қолдауға, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құқықтық жағынан қорғалуына кепiлдiк берiледi.

 18-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегiшаралар

      1. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдары, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды iске асыруға заңды негiзде қатысатын азаматтар мен ұйымдар құзыретiнiң аражiгi нақты ажыратылған және олардың үйлесімді жұмыс iстеуi қамтамасыз етілген кезде дәйектілікпен iске асырылатын мемлекеттiк саясат арқылы қол жеткізіледі.

      2. Қазақстан Республикасы өзiнiң ұлттық қауiпсiздiгiн өз билігіндегі барлық, оның iшiнде бiржақты немесе халықаралық шарттарға сәйкес қолданылатын экономикалық, саяси, әскери, құқықтық, арнаулы (барлау, қарсы барлау) құралдармен және әдiстермен қамтамасыз етедi.

      Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар:

      1) елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының бағыттары мен кезеңдерiн стратегиялық жоспарлау;

      2) ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, қабылдау мен орындау кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.

      3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету:

      1) мемлекеттің осы саладағы қызметiнiң негiзгi бағыттарын айқындау;

      2) ұлттық қауiпсiздiкке төнген қауіп-қатердi, сондай-ақ шет елде Қазақстан Республикасының саяси бастамаларын ілгерілету мүмкіндіктерін анықтау және болжау;

      3) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауіп-қатердiң алдын алу және оны бейтараптандыру жөнiнде, оның iшiнде осы қауіп-қатердi туындататын себептер мен жағдайларды жою жөнiнде жедел және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн жүзеге асыру;

      4) ұлттық қауіпсіздікке тiкелей қауіп-қатер төнген, оған қол сұғушылық болған жағдайларда, оның iшiнде мемлекетішілік, трансшекаралық және жаһандық сипаттағы тосын және төтенше жағдайлар туындаған кезде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi мен құралдарын жұмылдыру;

      5) ұлттық мүдделердi қорғау жөнiндегi шешiмдер мен әрекеттердi кідіріссіз қабылдау, ұлттық қауiпсiздiкке қол сұғатын заңсыз iс-әрекеттiң жолын кесу, өзге де құқық шектеу шараларын, оның ішінде барлау, қарсы барлау қызметіне және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларына байланысты ақпаратқа қолжетімділікті шектеу жолымен жүзеге асыру;

      6) ұлттық мүдделерге қол сұғушылыққа байланысты зардаптарды оқшаулау және жою, қалпына келтiру шаралары кешенiн жүзеге асыру арқылы ұлттық мүдделер қорғалуының қажеттi деңгейiне қол жеткiзу мен оны сақтап отырудан тұрады.

      4. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында ведомствоаралық комиссиялар, кеңестер немесе штабтар құрылуы мүмкін.

      Осы Заңның 15-бабына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің белгілі бір саласында ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың басшылары ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердің немесе штабтардың басшылары болып табылады.

      Ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердің немесе штабтардың құрамына өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдар мен ұйымдар кіреді.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
 

 19-бап. Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету

      1. Қоғамдық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:

      1) азаматтардың жеке қауiпсiздiгiн, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету кепiлдiктерiн нығайтуға;

      2) қазақстандық патриотизмге, ұлтаралық және конфессияаралық келісімге негiзделген мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға;

      3) Қазақстан халқының бiрлiгiн және қоғамда тағаттылықты нығайтуға;

      4) халықтың табиғи өсiмiн сақтап тұруға және дағдарысты демографиялық процестерге қарсы іс-қимыл жасау жөнiнде уақтылы шаралар қолдануды қамтамасыз етуге;

      5) қылмысқа, оның iшiнде оның ұйымдасқан нысандарына, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге және экстремизмге қарсы күрестi күшейтуге;

      6) жұмыссыздықтың өсуiн және халықтың тұрмыс деңгейiнiң төмендеуiн тежеуге;

      7) психикаға белсенді әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынудың, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен имандылығына, Қазақстан халқының гендік қорына қатер төндiретiн басқа да әлеуметтiк факторлардың алдын алуға;

      8) елдiң зияткерлік әлеуетiнiң төмендеуiне жол бермеуге;

      9) қазақстандық қоғамның тарихи, дәстүрлі, рухани және мәдени құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етуге;

      10) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылға бағытталған шешiмдерiмен және iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.

      2. Мыналарға:

      1) Қазақстан халқының бiрлiгiн бұзуға және этносаралық және конфессияаралық қатынастардың жай-күйiн нашарлатуға;

      2) қоғамдық келісімді бұзуға;

      3) қоғамдық және діни бірлестіктердің мемлекет iстерiне және мемлекеттiң қоғамдық және діни бірлестіктердің істеріне заңсыз араласуына;

      4) қылмыстың және құқық бұзушылықтың өсуiне;

      5) білім беру және медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен сапасының төмендеуіне;

      6) тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылуына;

      7) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге әкеп соғуға көрiнеу ықпал ететiн шешiмдер қабылдау мен іс-қимылдар жасауға жол берiлмейдi.

      3. Қоғамның саламаттылығына нақты қауіп-қатер туғызатын аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулары бар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне жол берілмейді.

      Қазақстан Республикасының аумағында жүрген және қоғам саламаттылығына қауіп-қатер туғызатын инфекциялық аурулары бар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар ел шегінен шығарып жіберілуге жатады.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
 

 20-бап. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      1. Әскери қауіпсіздік:

      1) мемлекеттің қорғаныс қабілетінің қажетті деңгейін сақтап тұрумен;

      2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік дайындығын сақтап тұрумен;

      3) экономиканың жұмылдыру дайындығы мен елдің халқын жұмылдыруға даярлаудың тиiмдi жүйелерiн құрумен;

      4) қауіпсіздіктің өңірлік және халықаралық құрылымдарының шеңберіндегі әскери ынтымақтастық пен әріптестік қатынастарды кеңейтумен, әлемде өзара сенімді күшейту және әскери қауіптілік деңгейін төмендету мақсатында ядролық қарусыздану бастамасын ілгерілетумен;

      5) Азаматтық қорғаныстың ел халқы мен аумағын қорғау дайындығын сақтап тұрумен қамтамасыз етіледі.

      2. Мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдарының, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың және азаматтардың мiндетi:

      1) Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiн нығайтуға;

      2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлiк дайындық деңгейiн сақтап тұруға және арттыруға;

      3) жұмылдыру қуаттарын сақтауға және жұмылдыру резервтері жүйесін жетілдіруге жәрдемдесу болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлік дайындығына нұқсан келтiретін шешiмдер қабылдауға және iс-қимылдар жасауға тыйым салынады.

      4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда:

      1) Қазақстан аумағында шет мемлекеттердiң және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери базаларын орналастыруға;

      2) шет мемлекеттердiң және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери құралымдарының, қару-жарақтары мен әскери техникасының Қазақстан аумағы арқылы транзитіне жол берiлмейдi.

      5. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес тартылады.

 21-бап. Саяси қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      1. Саяси қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:

      1) конституциялық құрылыстың негіздерін, мемлекеттік егемендікті және аумақтың тұтастығын құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға;

      2) саяси шешімдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін сақтауға;

      3) мемлекеттік органдардың қызметін және мемлекеттік басқару тәртібін жетілдіруге;

      4) мемлекеттік институттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

      5) қоғамның саяси мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.

      2. Азаматтардың, оның iшiнде саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң:

      1) конституциялық құрылысты құлатуға немесе күштеп өзгертуге, оның iшiнде терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге және Қазақстан Республикасының бiртұтас құрылысына, оның аумағының тұтастығына, қол сұғылмаушылығына және бөлiнбестігіне қол сұғатын өзге де iс-әрекеттерге;

      2) билiктi басып алуға;

      3) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес құрылған немесе сайланған (тағайындалған) Қазақстан Республикасының органдары мен лауазымды адамдарының өкiлеттiгiн күштеп тоқтатуға немесе қызметiне кедергi келтiруге;

      4) орын алып отырған конфессиялық айырмашылықтар мен түрлi дiни көзқарастарды саяси, экстремистік және террористік мақсаттарға пайдалануға шақыруы ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiредi және заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады деп танылады.

      3. Мемлекеттiк институттардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары басшыларының мiндетi болып табылады және олардың қызметтiк iс-қимылын бағалау өлшемдерiнiң бiрi ретінде қарастырылады.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерi өз қызметiнде жалпы мемлекеттiк мүдделердi басшылыққа алуға мiндеттi. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк биліктің беделiне күмән келтiретін, лауазымдық жағдайын қызметтен тыс мүдделерге пайдалануға әкелетін шешiмдер қабылдауына және iс-қимылдар жасауына тыйым салынады.

      4. Мемлекет:

      1) мемлекеттiк қызметтiң беделi мен абыройын арттыруға;

      2) белгiленген талаптарға сай келмейтiн адамдардың мемлекеттiк қызметке кiруiне жол бермейтiн ұйымдастырушылық-құқықтық тетiктер қалыптастыруға бағытталған шаралар қолданады.

      5. Мыналарға:

      1) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының бiртұтас жүйесiнiң;

      2) Қазақстан Республикасының бiртұтас құқықтық жүйесiнiң қалыптасуы мен үздіксіз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимылдар жасауға жол берiлмейдi.

      6. Қазақстан Республикасына қарсы нұқсан келтіру іс-әрекетін жүзеге асыратын, Қазақстанның егемендiгiне, аумақтық тұтастығына, оның халқының бiрлiгiне, елдегi қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылыққа жария түрде қарсы шығатын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ егер оларға қатысты олардың экстремизмге немесе террористік іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болса не сот олардың әрекеттерінде қауіпті түрде қайталанған қылмыс бар деп таныған жағдайда, олардың Қазақстан Республикасына келуiне жол берiлмейдi. Қазақстан Республикасының аумағында болатын және осындай мазмұндағы жария әрекеттерге жол беретін шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар елден шығарып жіберілуге жатады, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес өзге де жауаптылықта болады.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.11.2014 № 244-V Заңымен (02.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
       

 

 22-бап. Экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету

      1. Экономикалық қауіпсіздік мыналарды:

      1) мемлекет қаржы жүйесінің тұтастығын, тәуелсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті, оның нақты және ықтимал қауіп-қауіптерден қорғалу жай-күйін көздейтін қаржылық қауіпсіздікті;

      2) мемлекет тұтынудың және демографиялық өсудiң физиологиялық нормаларын қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болатын сапалы және қауіпсіз азық-түлiк тауарларына халықтың нақты және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ете алатын экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің қорғалу жай-күйін көздейтін азық-түлік қауіпсіздігін;

      3) мемлекет қоғам мен мемлекеттің энергия ресурстарына деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін энергетикалық тәуелсіздік пен экономиканың жылу-энергетикалық, мұнай-газ және атом-энергетикалық кешендерінің орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті олардың нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалу жай-күйін көздейтін энергетикалық қауіпсіздікті;

      4) мемлекет автомобиль, темір жол, әуе, теңіз және өзен көлігі түрлерімен тасымалдарда және олармен байланысты қызметтерде экономика мен тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жағдай жасауды, көлік инфрақұрылымын қалыптастыруды және дамытуды, сондай-ақ транзит әлеуетін орнықты дамыту мен бәсекеге қабілеттілігін қамтуды қамтамасыз етуге қабілетті, нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден экономиканың көлік саласы қорғалуының жай-күйін көздейтін көлік қауіпсіздігін қамтиды.

      2. Экономикалық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:

      1) ұлттық экономиканың, оның ішінде индустриялық-инновациялық құрамдас бөліктерінің тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге;

      2) Қазақстанның қаржылық, энергетикалық, азық-түлік және көліктік тәуелсiздiгiн қамтамасыз етуге;

      3) Қазақстан Республикасының дүниежүзiлiк экономикалық жүйеден экономикалық оқшаулануына жол бермеуге;

      4) экономикалық шешімдер қабылдауда, оның ішінде экономикалық ықпалдасудың ұлттық органдардан жоғары тұратын органдар шеңберінде шешімдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін сақтауға және ұлттық мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге;

      5) экономиканы одан әрі әртараптандыруға, ел экономикасының ресурстық-энергетикалық негiзiн сақтау мен нығайтуға;

      6) Қазақстанның геосаяси айналасында туындайтын теріс факторлардың әсерiне байланысты мемлекет экономикасы осалдығының дәрежесін барынша азайтуға;

      7) отандық және халықаралық қаржы институттарымен өзара тиiмдi ынтымақтастықты қамтамасыз етуге, отандық экономиканы дамытуға арналған iшкi, сыртқы кредиттік ресурстар мен инвестициялық мүмкiндiктер бағытының басымдығына;

      8) мемлекеттiк бюджет тапшылығының жол берілетін шектi деңгейiнен асып кетпеуіне және оның кiрiс бөлiгiн нығайтуға;

      9) бюджет қаражаты мен мемлекеттiк ресурстардың мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеуге, көлеңкелі экономика ауқымын қысқартуға;

      10) сыртқы қарыздың "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген мөлшерге қарағанда ұлғайып кетуiне жол бермеуге;

      11) Қазақстан өңірлерінің әлеуметтiк-экономикалық дамуындағы қауіп төндірерлік теңгерімсіздікке жол бермеуге;

      12) бәсекенi көтермелеу және монополизмдi шектеу жағдайында ел экономикасында отандық тауарларды өндіру мен қызмет көрсету үлесiн арттыруға;

      13) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн, әкелiнетiн және өткiзiлетiн тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің нақты және экономикалық қолжетімділігін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген сапасы мен қауіпсіздігі деңгейіне қойылатын талаптарға олардың сәйкестiгiн қамтамасыз етуге;

      14) отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға;

      15) iшкi және сыртқы қолайсыз факторлардың әсерiне қарамастан, мемлекеттік материалдық резервті, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын басымдықпен қалыптастыруды, жаңартуды және толықтыруды қамтамасыз етуге;

      16) экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерiнде қоғамдық бiрлестiктердiң, кәсiпкерлер қауымдастықтарының (одақтарының) рөлiн арттыруға;

      17) экономиканың жай-күйі және шет мемлекеттермен сауда-экономикалық қатынастар туралы ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдермен және іс-қимылдармен қамтамасыз етіледі.

      3. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау, оның iшiнде өнеркәсiптік әлеуеттi сақтау мен нығайту мақсатында мемлекет шетелдiк инвесторларға берiлетiн кепiлдiктердi сақтай отырып, шетелдiк ұйымдар мен шетелдіктер қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгiндегi Қазақстан экономикасы объектiлерінiң жай-күйi мен пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.

      4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар Қазақстан Республикасының стратегиялық peсурстарын пайдалану жөнiндегi келiсiм-шарттарды жасау (өзгерту), осы келiсiмшарттардың орындалуы және олардың орындалуын бақылау кезінде, сондай-ақ мемлекеттiк органның жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға iшiнара немесе толық беруiне рұқсат беруі немесе рұқсат беруден бас тартуы туралы шешiм қабылдауы кезінде және жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлесiн (акциялар пакетiн) иелiктен шығаруға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.

      Бұл ретте, егер осы тармақта көзделген мәмiлелердi жасау бiр елден шыққан бiр тұлғада немесе тұлғалар тобында операциялар жүргiзуге құқықтардың шоғырлануына әкеп соғатын болса, мемлекеттiк орган өтiнiм берушiге бұған рұқсат беруден бас тартуға құқылы.

      Үлестес тұлғалармен мәмiлелерге қатысты да осы шарттың сақталуы мiндеттi.

      5. Мыналарға:

      1) оның шегiнде еңбек, қаржы және өзге де ресурстардың еркiн қозғалуы жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының нарықтық қеңістігінің;

      2) Қазақстан Республикасының қаржы жүйесiнiң, оның iшiнде елдiң бүкiл аумағында ұлттық валюта – теңге айналымының;

      3) Қазақстан Республикасының бiртұтас және дербес коммуникациялық және энергетикалық жүйелерiнiң қалыптасуы мен үздіксіз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн шешімдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға жол берiлмейдi.

      6. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының:

      1) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражатын, оның iшiнде мемлекеттiк сатып алуға арналған қаражатты және бөлiнетiн кредиттiк ресурстарды бөлуге;

      2) рұқсаттар мен лицензиялар беруге;

      3) шаруашылық қызмет субъектiлерiне заңнамада белгiленген жеңiлдiктер мен преференциялар беруге;

      4) мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жекешелендiруге байланысты шешiмдер қабылдау рәсiмдерi заңнамада белгiленген шектерде ашық және бақыланатын сипатта болуға тиiс.

      7. Мыналарға:

      1) Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына және экономикасына инвестициялардың тартылуына кедергi жасайтын;

      2) капиталдың және тауарлардың елден тысқары жерлерге бақылаусыз әкетілуіне ықпал ететiн;

      3) тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағалардың негізсіз өсуіне ұрындыратын;

      4) халықтың денсаулығы мен өміріне қауіпті тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа әкелуге ықпал ететін;

      5) ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіре отырып, пайдалы қазбалардың кен орындарын және экономика объектілерін шаруашылық жүргізуші субъектілерге беруге ықпал ететін шешiмдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға тыйым салынады және жауаптылыққа әкеп соғады.

      8. Ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарына (объектiлерiне) меншiк құқығының өтуіне және туындауына шектеу белгілейді.

      9. Қазақстан Республикасының Үкіметі экономикалық қауіпсіздік жай-күйі нашарлаған кезде тауарлардың экспорты мен импортына уақытша тыйым салуды және шектеу қоюды енгізуге құқылы.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 33-V (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
 

  23-бап. Ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету

      1. Ақпараттық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың:

      1) Қазақстанның ақпараттық тәуелді болуына жол бермеуге;

      2) басқа мемлекеттердiң, ұйымдар мен жекелеген адамдардың тарапынан ақпараттық өктемдік пен оқшаулаудың алдын алуға;

      3) Қазақстан Республикасының Президентiн, Парламентiн, Үкiметiн және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететін күштерді ақпараттық жағынан оқшаулауға жол бермеуге;

      4) Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн сақтау мақсатында, оның iшiнде айрықша кезеңде және табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, карантиндер, өзге де төтенше жағдайлар туындаған кезде байланыс желiлерiнiң үздiксiз және тұрақты пайдаланылуын қамтамасыз етуге;

      5) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің және өзге де заңмен қорғалатын құпияның таралуы мен жоғалуын анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге;

      6) ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіре отырып, ақпаратты әдейі бұрмалаумен және дәйексіз ақпаратты таратумен байланысты қоғамдық және жеке санаға ақпараттық ықпал етуге жол бермеуге;

      7) мемлекеттік шешімдер тұжырымдау мен қабылдау процесіне ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіре отырып, жасырын ақпараттық ықпал ету тетіктерін табуға және бұзуға;

      8) мемлекеттік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер айналыста болатын ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді және байланыс инфрақұрылымын қорғаудың тиімді жүйесін қолдауға және дамытуға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.

      2. Қазақстан Республикасында ақпараттық қауіпсіздікті, оның iшiнде мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұлттық жүйесі құрылады және нығайтылады.

      3. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау және ақпараттық оқшаулануын болдырмау мақсатында мемлекеттiк уәкiлеттi органдар инвесторларға берiлетiн кепiлдiктердi сақтай отырып, магистральдық байланыс желілерін басқару мен пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ шетелдіктер қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгiндегi байланыс желiлерiнің қызметiне заңнамада айқындалған тәртiппен бақылау жасауды жүзеге асырады.

      4. Жеке және заңды тұлғалар байланыс желiлерiн салу, пайдалану және дамыту мәселелерi жөнiнде шешiм қабылдау кезiнде байланыс саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ұлттық қауiпсiздiкті сақтау талаптарын басшылыққа алуға тиiс.

      Терроризмге қарсы операциялар жүргізу және жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесу кезінде жедел штаб басшысының шешімі бойынша байланыс желілерінің иелері мен операторларына жеке және (немесе) заңды тұлғаларға байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұру және (немесе) байланыс желілері мен құралдарын пайдалануды шектеу, сондай-ақ байланыс желілері мен құралдарының жұмыс режимін өзгерту туралы орындалуға міндетті нұсқау берілуі мүмкін.

      5. Мыналарға:

      1) Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңiстiгiн қалыптастыру және оның үздiксiз жұмыс iстеуi;

      2) Қазақстанның әлемдiк байланыс және ақпараттандыру жүйесiне кiруi;

      3) Қазақстан Республикасының ақпараттық ресурстарын, ақпараттық жүйелерін және байланыс инфрақұрылымын қорғауды қамтамасыз ету және оның деңгейін арттыру жөніндегі ұлттық мүдделеріне қайшы келетiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға жол берiлмейдi.

      6. Мыналарға:

      1) мазмұны ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiретiн шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының баспа өнімдері мен өнімін Қазақстан Республикасының аумағында таратуға;

      2) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария етуге;

      3) шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралының немесе осы салада қызметiн жүзеге асыратын меншік иесі – заңды тұлғаның акцияларының (үлесiнiң, пайлардың) 20 пайызынан астамын тiкелей және (немесе) жанама түрде иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына;

      4) шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың магистральдық байланыс желілерін Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлға құрмай басқаруына немесе пайдалануына;

      5) басқару орталығы Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан байланыс желiлерiн оның аумағында құруға және пайдалануға;

      6) байланыс және ақпарат саласындағы уәкiлеттi органның, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарының келiсiмiнсiз, қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретiнде байланыс желісін иеленушi және (немесе) оларды басқару немесе пайдалану жөнiндегi қызметтi жүзеге асырушы ұйымның дауыс беретiн акцияларының, сондай-ақ үлестерiнiң, пайларының 10 пайызынан астамын жеке және заңды тұлғалардың дербес немесе тұлғалар тобы құрамында сатып алуына немесе өзгеше меншiкке алуына;

      7) ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген, байланыс және ақпарат саласындағы уәкілетті органның қорытындысына негізделген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң шешімінсіз қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретiнде телекоммуникациялар саласындағы қызметтi жүзеге асырушы, жер бетiндегi (кәбілдік, оның iшiнде талшықты-оптикалық, радиорелелiк) байланыс желілерін иеленуші заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының, сондай-ақ үлестерiнiң, пайларының жиынтығында 49 пайыздан астамын шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың тiкелей және (немесе) жанама түрде иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына;

      8) жедел-iздестiру, қарсы барлау іс-шараларын қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сәйкес келмейтiн байланыс желiлерiн пайдалануға беруге тыйым салынады.

      7. Байланыс саласында ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың акцияларын (үлестерiн, пайларын) иелену немесе олардың қызметiне қатысу бөлiгiндегi өзге де шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.

      Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.12.2015 № 435-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
 

 24-бап. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      1. Экологиялық қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың:

      1) табиғи ресурстарды сақтауға, ұтымды пайдалануға және қалпына келтіруге;

      2) қоршаған орта мен ел халқы үшін антропогендік факторлардың қауіптілік деңгейін азайтуға;

      3) өндірістік күштерді дамыту мен орналастырудың экологиялық-экономикалық теңгерімділігін қамтамасыз етуге;

      4) қоршаған орта және экологиялық апат аймақтарында тұратын Қазақстан халқы үшін теріс салдарларды жоюға;

      5) экономиканы, заңнаманы және қоғамды экологияландыруға, қоғамдық қатынастарды реттеуге экожүйелік көзқарас орнатуға;

      6) қоғамдық санада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, экологиялық бiлiм беру мен ағарту жүйесін жақсартуға;

      7) әрбiр адамның экологиялық ақпаратқа қол жеткiзу құқығын сақтауға және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мәселелерiн шешуге жан-жақты қатысуына;

      8) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан болған қатерлерді азайтуға және олардың салдарларын жұмсартуға;

      9) халықаралық ынтымақтастықта әріптестік қатынастар орнатуға және халықаралық құқық нормаларын сақтауға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.

      2. Уәкілетті мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың мiндетi:

      1) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қорғау;

      2) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптары мен нормаларын мүлтіксіз сақтау;

      3) ел аумағының радиоактивтi, химиялық ластануына, бактериологиялық зарарлануына жол бермеу;

      4) экологиялық қауіпті технологиялардың, техника мен жабдықтың тізіліміне енгізілген технологиялардың, техника мен жабдықтың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуын болдырмау;

      5) шаруашылық және өзге де қызметтiң теріс экологиялық зардаптарын жою;

      6) қоршаған ортаға және адамның денсаулығына келтірілген залалды өтеу;

      7) басқару органдары мен күштерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі, зақымдаудың қазіргі заманғы құралдарының дамуын ескере отырып, азаматтық қорғаныс жөніндегі іс-қимылдарға міндетті түрде дайындау, халықты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қатері төнген және туындаған жағдайлардағы іс-қимылдарға үйрету;

      8) болжанған және туындаған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, олардың алдын алу мен оларды жою жөнінде қабылданған шаралардың жариялығы және олар туралы халыққа және ұйымдарға хабардар ету;

      9) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға және авариялық-құтқару мен кезек күттірмейтін жұмыстарға жедел ден қоюға азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының тұрақты дайындығын қамтамасыз ету болып табылады.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
       

 

 25-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысуы

      1. Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiктiң халықаралық кепiлдiктерiн алу мақсатында ұлттық қауiпсiздiктiң құрамдас бөлiгi болып табылатын халықаралық (жаһандық, өңірлік) қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысады.

      2. Қазақстан Республикасының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметі:

      1) жаһандық бейбiтшiлiк тәртiбiн қалыптастыру мәселелерінде Қазақстанның рөлін нығайтуды;

      2) Қазақстанның геосаяси айналасында ұжымдық қауiпсiздiктiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру мен нығайтуды;

      3) қызметі Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгі мүдделерiне сай келетін халықаралық ұйымдар мен форумдарға қатысуды;

      4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес елден тыс жерлерде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға қатысуды;

      5) қажет болған жағдайларда шекаралас мемлекеттермен бiрлесiп, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысты мәселелердi шешуді;

      6) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мүдделеріне сай келетін халықаралық шарттар жасасуды көздейді.

 26-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегiіс-шараларды қаржыландыру

      Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызмет бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.

 5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 27-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау

      Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының прокуратурасы жүзеге асырады.

      Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
 

 28-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

 29-бап. Осы Заңның өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен арақатынасы

      Осы Заңның нормалары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң жекелеген бағыттары мен тәсілдерiн регламенттейтін өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және қабылдау үшiн негiз болып табылады.

 30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң, шет мемлекеттердің және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери құралымдарының, қару-жарақтары мен әскери техникасының Қазақстан аумағы арқылы әуе кемелерімен транзитіне тыйым салу бөлігінде 20-баптың 4-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Шет мемлекеттердің және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери құралымдарының, қару-жарақтары мен әскери техникасының Қазақстан аумағы арқылы әуе кемелерімен транзитіне тыйым салу бөлігінде осы Заңның 20-бабы 4-тармағының 2) тармақшасы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

       2. "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 11-12, 173-құжат; 2000 ж., № 5, 115-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 16, 70-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 20, 153-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 24, 129-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.06.21 № 19-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
 

      Қазақстан Республикасының

 

      Президентi

Н. НАЗАРБАЕВ

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен: