«Кедейлікті жою, сапалы білім беруді және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақты тәсілдерді ілгерілету үшін көпжақты күш-жігерді шоғырландыру»
Құрметті Төраға мырза!
Жоғары Мәртебелі делегация басшылары!
Қадірлі ханымдар мен мырзалар!
Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының биік мінберінен үндеу жолдау – мен үшін зор мәртебе.
Біріккен Ұлттар Ұйымы дүние жүзіндегі барша адамзаттың мұң-мұқтажын қорғайтын баламасы жоқ бірегей әрі әмбебап ұйым және әрдайым солай болып қала береді.
Адамзатты талай сын-қатер мен қантөгістерден сақтап келе жатқан Ұйымның негізі қаланғанына келесі жылы 75 жыл толады.
Бүгінде Ұлттар Ұйымы жаһандық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді.
Бас хатшы Антониу Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды.
Алайда қазіргі таңдағы геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге қатысты алаңдаушылығымызға толық негіз бар.
Бұл жағдай 2030 күн тәртібін жүзеге асыру мақсатындағы бірлескен іс-әрекеттеріміз үшін күрделі сынақ екені айқын.
Менің ойымша, жаңа үрейлі жаһандық өмір шындығына мына негізгі үрдістер ықпал етуде.
Біріншіден, ескі қақтығыстардың қайта қаулап, әлемнің әр түкпіріндегі жағдайдың ушығуы бұрынғы бөліністердің жігін ашып, жаһандық державаларды толықтай әскери қақтығыс жағдайына жеткізіп, жаңа мәселелер туындатып отыр.
Екіншіден, барлығымыз жаһандық және өңірлік субъектілер арасындағы сенім тапшылығынан зардап шегудеміз. Бұл қазіргі қауіпсіздік архитектурасы мен қару-жараққа бақылаудың төмендеуіне алып келсе, осының салдарынан қарулану үдерістері қайта үдей түсті.
Бұл сын-қатерлерді ұзақ мерзімді санкциялар, сауда соғысы, ғарыштағы интенсивті бақталастық, кибертехнологиялар мен жасанды интеллект тереңдетіп жіберді. Осы айтылғандардың барлығы ушыққан фундаменталды дағдарыстың қауіпті аспектілерінің көрінісі.
Үшіншіден, шиеленісе түскен әлеуметтік, экономикалық және технологиялық теңсіздіктер, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы күшейіп бара жатқан алшақтық, сондай-ақ жақындап қалған жаһандық қарыз дағдарысы қазіргі әлемдік экономикалық ландшафты бұрмалап көрсетуде.
Осының салдарынан біз халықаралық әріптестік пен ынтымақтастыққа кесірін тигізетін протекционизм мен ұлтшылдық саясаттың өскенін көріп отырмыз.
Төртіншіден, қоршаған ортаның азып-тозуы әлемдегі тұрақсыздандыру факторларының біріне айналып отыр.
Орталық Азия климатының өзгеруіне ықпал ету, атап айтқанда, шөлейттену, мұздықтардың еруі және одан кейінгі ауыз су мен суармалы сулар ресурстарының азаюы секілді экзистенциалдық сипаттағы айтарлықтай ауыр проблемаларға алып келеді.
Осындай күрделі жағдайда Қазақстан инклюзивті және орнықты даму, жан-жақты диалог пен бейбітшілікті сақтау саясатын ұдайы жүзеге асырып келеді.
Төраға мырза!
Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу менің елім үшін басты басымдық болып қала береді. Бұл ұмтылыс бізге ядролық қаруды жою жолындағы жаһандық қозғалыстың алдыңғы шебінде болуға моральдық құқық бере отырып, қазақ халқының жалпыұлттық біртектігінің ажырамас бөлігіне айналды.
Біз бүгінде ядролық қару елдің айбыны емес, керісінше, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін алапат екеніне нық сенімдіміз.
Өкінішке қарай, кейбір елдер әлі де болса өздерінің стратегиялық қауіпсіздігінің негізі ретінде ядролық арсеналдарына арқа сүйеп, бәсекелестерін асимметриялық жауап іздеуге итермелеп отыр.
Қазақстан осы бұрмаланған ұстанымдарды өзгерту жолында жалықпай-талмай үлгі боларлық жұмыс жүргізіп келеді.
Қазақстан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тиімді басшылығымен Семей полигонын жапты және қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты.
Бұл іс-қимыл біздің ядролық қарусыздану мен оны таратпау саласындағы ұзақ әрі табысты жаһандық көшбасшылық жолымыздағы тұңғыш қадамымыз болды.
Бұл игі іске көмектесудің басқа да іс-шаралары арасынан Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкін орналастыру, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні туралы Бас Ассамблеяның қарарын қабылдау және жуырдағы Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялауды атап өткім келеді.
Баршамыз қауіпсіз болашақ жолындағы жол картасы ретінде Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпы декларацияны табандылықпен ілгерілетуге тиістіміз.
Біз сондай-ақ ядролық қарудан азат және сол сияқты жаңа аймақтар құруға, аумақтар арасындағы әріптестікті кеңейтуге ұмтылуымыз керек.
Қазақстан Иран бойынша іс-қимылдың және Корей түбегін денуклеаризациялаудың жан-жақты біріккен жоспары төңірегіндегі ағымдағы мәселелерді барлық мүдделі тараптардың алаңдаушылығы мен мүдделерін есепке алатын ерекше саяси құралдар арқылы реттеу қажет деп санайды.
Құрметті делегаттар!
Менің елім әрдайым әлемдік аренадағы превентивті дипломатия мен араағайындықтың дәйекті жақтаушысы болды.
Сонау 1992 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті осы мінберден қауіпсіздік мәселесін шешудің ұжымдық тәсіліне арналған алаң ретінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыруды ұсынды. Уақыт өте АӨСШК өзінің қажеттілігі мен өміршеңдігін дәлелдеді. Біз бұл үдерісті қолдаған барша серіктестерімізге алғыс айтамыз.
Азияның өсіп келе жатқан экономикалық қуаты құрлықтық қауіпсіздіктің анағұрлым біріктірілген архитектурасын талап етеді.
АӨСШК-ні қауіпсіздік пен даму бойынша толыққанды өңірлік ұйым ретінде қайта құрудың уақыты келді. Біз 2020 жылы АӨСШК төрағасы ретінде өз күшімізді осы бағытта шоғырландырамыз.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесінде өткен екі жыл ішінде біз бейбітшілік ісін жақтайтынымызды растай отырып, қауіпсіздікті нығайтуға, таратпауға және өңірлік әріптестікке назар аудардық.
Қазақстан Ливандағы БҰҰ Уақытша күштерінің аясында үндістандық серіктестермен бірге 120 әскери қызметкерден тұратын бөлімшесін жіберу, сондай-ақ әскери бақылаушыларын бағыттай отырып, БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына үлес қосты.
Біз Қазақстанның діндер мен өркениеттер үнқатысуының жаһандық орталығына айналғанын мақтан тұтамыз. 2003 жылдан бастап еліміз БҰҰ қолдауымен әр 3 жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру құрметіне ие болды.
Ханымдар мен мырзалар!
Біз барлығымыз өзара өшпенділік пен озбырлықтан жапа шегіп жатқан адамзат өркениетінің бесігі – Таяу Шығыстағы оқиғалардың өріс алуына қауіптене қараймыз. Осыған орай біз бейбітшілік орнатуға және сенімді нығайтуға арналған өміршең шешімдер іздеуге бағытталған екіжақты және көпжақты іс-қимылдарды қолдауға дайынбыз.
Инклюзивтік диалогты жақтаудың жақсы мысалы ретінде Қазақстан сирияаралық келіссөздерге үшін алаң ұсынды. Соған сәйкес біздің астанамызда келіссөздердің он үш раунды өтті.
Женева келісімін толықтыратын Астана процесі арқылы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға қол жеткізілді. Сондай-ақ босқындардың қайту қауіпсіздігіне арналған жағдай үшін деэскалация аймағы құрылды.
Баршамыз жанжалдың қиратушы күші бар екенін және терроризм мен экстремизмді тудыратынын білеміз. Бұл қауіп-қатерді БҰҰ-ның Жаһандық терроризмге қарсы желісінің қамқорлығы аясындағы бірлескен іс-қимылмен ғана жеңуге болады.
Контртеррористік іс-шаралар ретінде Қазақстан БҰҰ-ның 2045 жылы болатын 100 жылдығы қарсаңында терроризмнен азат әлемге қол жеткізу бойынша Мінез-құлық кодексі бастамасын көтерді және оған қосылуға шақырды.
Биыл Қазақстан біздің халықаралық серіктестермен әріптестік аясында «Жусан» арнайы гуманитарлық миссиясын табысты өткізді. Нәтижесінде террористік үгіт-насихаттың тұзағына түскен 595 қазақстандық, оның ішінде 406 бала Сириядағы әскери іс-қимылдар аймағынан үйіне қайта оралды. Біз өз тәжірибемізді басқа елдермен бөлісуге және оларды баламалы қадамдар қабылдауға шақырамыз.
Төраға мырза!
Онжылдықтар бойы Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық байланысы әлсіз болды, бұл олардың тұрақты өсуіне кедергі келтірді. Қазір ортақ мүдделер мен сын-қатерлерге қарай біздің аймағымыз дамудың жаңа сатысына қадам басты.
Бұл орайда аймақтағы барлық бес елдің арасындағы тығыз әрі сындарлы саяси диалог сауда, экономикалық, инвестициялық және адамзаттық қарым-қатынастарға оң ықпалын тигізетін болады. Аймақ үшін жаңа мүмкіндіктер өткен жылы біздің астанамызда өткізілген алғашқы жоғары деңгейдегі бейресми консультациялардан кейін пайда болды.
Мен Орталық Азияның «жаһандық акционерге» айналатынына нық сенімдімін. Бізді ортақ тарихи және мәдени мұралардың берік жібі, сонымен қатар ортақ болашақ байланыстырады. Қазақстан Орталық Азияның аса ірі экономикасы ретінде болашақта барлық мемлекеттермен арада өзара тиімді қарым-қатынасты нығайтуға аса мүдделі.
Біздің аймаққа Ауғанстандағы ахуал тікелей әсер етеді. Біз ауғандықтарға тиесілі және олар басқаратын бейбіт процесс, барлық негізгі мүдделі тараптардың атсалысуымен осы елде тұрақты бейбітшілік пен гүлденуді қамтамасыз етеді деп үміттенеміз.
Қазақстан ауған халқына өз мемлекетін қалпына келтіруде қолдау көрсетуді жалғастырады. Берік жаһандық және аймақтық әріптестік, ұзақмерзімді инвестициялар мен аймақтық тоғысу бұл елдің бейбіт болашағын қалыптастыруда шешуші маңызға ие.
Құрметті делегаттар!
БҰҰ-ның негізгі міндетін орындау қабілеті өткір сынақпен бетпе-бет келіп отыр.
Осы себепке байланысты Бас хатшының БҰҰ-ны реформалау туралы батыл әрі нақты ұстанымы мүше мемлекеттердің барлығының кең қолдауына лайық.
Біз орташа табысы бар елдердің дүрліккен тұзағына түспеуге тырысып, 2030 жылға дейінгі Күн тәртібін толық имплементациялауға ерекше назар аударамыз.
Орнықты даму мақсаттарының 80%-ы біздің стратегиялық мемлекеттік бағдарламаларымызбен ықпалдасқан.
Осы жылдың мамыр айында мен Қазақстандағы Халықаралық ұйымдардың жаңа ғимаратын аштым. Онда БҰҰ-ның 16 агенттігі орналасты.
Келесі қадам ретінде біз соның базасында Орнықты даму мақсаттары бойынша Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға қолдау көрсету мандаты бар БҰҰ-ның Орнықты даму Орталығын құруды ұсынамыз.
Еуразиядағы аса ірі транзиттік-көлік территорияларының бірі болып табылатын Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қатысушысы және «Бір белдеу, бір жолдың» сенімді әріптесі ретінде әрдайым трансқұрлықтық сауданы ілгерілету бойынша шешуші рөл атқаратын болады.
Ханымдар мен мырзалар!
Осы күрделі уақытта біз «Сабақтастық, әділдік, даму» деген ұранмен қоғамымызды жан-жақты жаңғырту жолымен алға жылжуды жалғастыруымыз керек.
Менің Қазақстанның саяси жүйесіндегі формулам – бұл күшті әрі алысты болжайтын – Президент, ықпалды – Парламент және есеп беретін – Үкімет. Бұл тұжырымдама біздің ұлтымыздың негізгі қажеттіліктеріне сай және оның бейбіт әрі тұрақты болашағына кепілдік беретініне нық сенімдімін.
Жаңа Президент ретінде мен бірінші кезекте жалпыға ортақ игілікті заманауи мемлекет құруды көздеймін.
Менің негізгі мақсатым – миллиондаған отандасымның кең ауқымды реформалардың игіліктерін, инклюзивті қоғамның, қарқынды экономиканың, жоғары сапалы білім берудің және озық денсаулық сақтаудың жемісін көруіне жағдай жасау.
Қазақстан терең саяси өзгерістерді соңына дейін жүргізбейінше өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуында табысқа жете алмайды.
Сонымен қатар Қазақстанда демократия әлі де даму процесінде екенін және үнемі талдауды талап ететінін есте сақтаған жөн. Біз оң тәжірибеге сүйеніп және өткеннің қателіктерінен сабақ ала отырып, әрдайым оны жетілдірудің жолын іздестіреміз.
Өзімнің реформалық бағдарламаларымның аясында мен үкімет пен қоғамның арасындағы сындарлы диалог болуы үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдым.
Менің ұстанымым «әр алуан пікір – бір ұлт» қағидасына негізделген. Осылайша түрлі пікір алмасу мен үнқатысу арқылы біз алға жылжуымыз керек.
Барлық салада және азаматтарымыздың күнделікті өмірінде заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдары мен соттарға маңызды өзгерістердің әсері болады.
Популизм – дарынсыз саясат. Мен құрғақ уәде беруге емес, нақты жұмыстарды жүзеге асыруға мүдделімін.
Мен өзімнің реформалық бағдарламаларымды тиянақты жүзеге асырамын.
Ханымдар мен мырзалар!
Келесі жылы БҰҰ қауымы өз тарихындағы маңызды белесті атап өтеді.
Бұл оқиға біздің өшпенділікті, сенімсіздікті және жаугершілікті жою жолындағы кең ауқымды халықаралық әріптестігіміз бойынша ортақ күш-жігерімізге жаңа серпін беруге тиіс.
Мен халықаралық қоғамдастық пен біздің барлық әріптестерімізді қауіпсіздікке, әріптестікке және өзара сенімге бағытталған бейбітшілікті нығайту үшін бірігуге шақырамын.
Баршамыз болашақ ұрпақтың жаңа экономика мен технологияны дамытуға әділ қатысуын қамтамасыз ету үшін қамқор болуымыз керек.
Біз қоршаған ортаға қамқорлық көрсетіп, ғылыми дамуды ілгерілетіп, баршаға арналған білім беру мен денсаулық сақтауға қол жеткізуге кепілдік танытуымыз керек.
Келер ұрпақтың болашағы біздің қазіргі нәзік әлемімізден әлдеқайда жарқын болуға лайық.
Халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі бола отырып, Қазақстан бейбітшілік пен құқықтық қамтамасыз ету, адамның ар-намысы мен игілігін ілгерілету жөніндегі ұжымдық күш-жігерге барынша үлес қосуын жалғастырады.
Назар аударғандарыңызға рахмет!