Қымбатты отандастар!
Қадірлі конференцияға қатысушылар!
Баршаңызды мемлекеттігіміздің берік іргетасы – Конституциямыздың 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! 30 тамыз – Қазақстан халқы тарихи таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні. Біз осыдан 20 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Ата Заңымызды қабылдадық. Ескі мен жаңа тоқайласқан алмағайып кезеңде халқымыз барша әлемге бірлігі мен даналығын көрсетті. Жаңа Қазақстанның заманның талаптарына сай келетін Негізгі Заңының мәтінін бекітті. «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Ата Заңымыз бойына еліміздің ең басты құндылықтарын түгел сыйғыза білді.
Мен Конституцияның 1 жылдығына арналған салтанатты жиында «Біз заң аясында өмір сүруді үйренуіміз керек» деген едім. Ата Заңымызбен жүріп өткен 20 жылға көз сала отырып бүгін «Біз заң аясында өмір сүретін елміз» деп мақтанышпен айта аламын. Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақтылық пен татулықтың тұғыры.
Біздің Конституциямыз «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деген сөздермен басталады. Негізгі Заңның осы сөздерде біздің басты құндылығымыз – елдің көпэтносты, көпконфессиялы халқының бірлігі көрініс тапқан. Біздің Отанымыз да осы сөздерден басталады!
Бүгін біз 1995 жылдың басында Қазақстанның тәуелсіздігі шыңырау шетіне тіреліп тұрды дегенді объективті түрде айта аламыз. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мемлекет бола ма немесе болмай ма деген мәселе төтесінен қойылды.
Ол сәтте Қазақстан шарасыз кедей және өз іс-қимылдары мен мүмкіндіктерінде шарасыз шектеулі болды. Бізде өзін-өзі басқарудың білімі де, тәжірибесі де болған жоқ және қазіргі заманғы мемлекет қалай қызмет істейді дегенді де көз алдымызға көмескі елестеттік. Біз егер өзіміз тез және батыл әрекет етпесек, онда бізде жаңа және тәуелсіз мемлекеттің орнына анархия болатынын білдік. Біз оны өзге елдер тәжірибесінен байқадық.
Бұрынғы Одақтың тарауынан туындаған экономикалық коллапс тек реформаларға ғана емес, сонымен бірге, іс жүзінде өліп бара жатқан экономиканы ұстап тұруға да қандай да бір қаржының болмауымен тереңдей түсті. Жұмыссыздық, еңбекақы мен зейнетақының болмауы миллиондаған адамды тек әйтеуір күн көру үшін күрес шегіне апарып қойды. Сол кездегі «демократияландыру» мен «жариялылықты» қате түсіну инерциясы түрлі этностарға жататын қазақстандықтар арасындағы сенімге қылау түсірді. Осылардың бәрі де болды!
Менің күрделі ахуалдан шығу жөніндегі пайымдарым мен ұсыныстарыма сол кездегі Парламент атымен түсінбестік танытты. Дау-жанжалдармен және азаматтық соғыстармен қоса жүрген сценарийді ТМД-ның көптеген елдері біздің көз алдымызда бастан өткеріп жатты. Біздің жас және көпэтносты мемлекетімізде оған жол беруге болмайтын және ол апатқа пара-пар еді. Біз көптеген елдерде жаңа мемлекеттілік құрылысының қасіретті және қантөгісті болып шыққанын көрдік. Осы тұрғыда Қазақстанның ең жаңа тарихы көптеген жаңа мемлекеттерге маңызды сабақ бола алады.
Конституция туралы 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда біз бірден-бір дұрыс жолды таңдадық және оны біздің 20 жылдық тарихымыз растап отыр. Мен бізді кейде автократиялы деп жазғырып жататынын білемін, бірақ біздің халқымыз өз Президенті мен Парламентін еркін балама сайлауда таңдап алып жатқанда қалайша бұлай деуге болады. Бізге АҚШ-тан Еуропаға дейінгі батыс елдері өмір сүріп жатқан демократия жолымен тездетіп жүру қажеттігін айтады. Біз мұның бәрін жақсы түсінеміз. Демократия – адамзат дамуының ортақ магистральдық жолы. Біз де сол жолмен келеміз, бірақ бұл ретте біздің азиялық қоғам екенімізді ескеру керек. Бізде Батыстан ерекшеленетін дәстүрлер, өзгеше діни және мәдени көзқарастар бар. Сондықтан бізге бұл жолмен абайлап, асықпай жүру керек. Өйткені өзге елдермен салыстырғанда, бұл кеңістікте соңғы 300 жыл бойында демократия мәдениеті болған жоқ. Сол себепті де мен біздің қызметімізді бағалағанда азиялық қоғамның қалыбына, тарихына, мәдениеті мен дәстүріне тереңірек бойлап қарауға кеңес берер едім.
Мемлекеттік құрылыстың қасаң кесте немесе утопиялық жоспарлар негізінде жүзеге асуы мүмкін емес. Экономикалық алға басусыз және адамдардың әл-ауқатынсыз орнықты тұрақтылықтың болуы да мүмкін емес. Ал тұрақтылықсыз елде табысты өзгерістерге қол жеткізу мүмкіндігі нөлге тең. Мен экономикалық реформаларды жаңғырту ісінің басына қойдым, өйткені, демократияның дамуы басымдықтарды алдымен – экономика, одан соң – саясат түрінде нақты қойғанда ғана, үлкен табыстарға жететіне сенімді болдым.
Бүгін біз 1995 жылдың ұлы оқиғаларын біздің халқымыздың тарихи тағдырын таңдауы ретінде атап көрсете аламыз.
Біріншіден, оған біздің жас мемлекетіміздің өмір сүруіне қатер төндірген жүйелі дағдарыс объективті түрде алғышарт жасады. Батыл іс-қимылдармен, халқымыздың топтасқандығымен және бірлігімен біз ол қатерді еңсердік.
Екіншіден, елдің мемлекеттік құрылымының бүкіл жүйесі түбегейлі ауысты. Ол кеңестік кезден қалған инерциялық формадан түпкілікті арылды.
Үшіншіден, ұлттық экономиканың басымдықты үлгісі әкімшіл-әміршіл тәсілден нарықтық тәсілге қарай бұлжымастай өзгерді. 1995 жылы қабылданған заң күші бар 147 жарлық ахуалды нарықтық қатынастар пайдасына қарай түпкілікті бұрды. Іс жүзінде ол өзіміз дербес әзірлеген және жүзеге асырған біздің алғашқы табысты жаңғырту тәжірибеміз болды. Осынау тамаша тәжірибені өзіміздің дамуымыздың жаңа сатысына аяқ баса отырып, бүгінде де пайдаланудамыз. Мен ел экономикасының одан әрі өсуіне және қоғамды жаңғыртуға жағдай жасайтын Бес институттық реформа мен «100 нақты қадамды» ұсындым. Ол кезде, 90-шы жылдардың екінші жартысында валюталық және банк жүйесі, сондай-ақ, жас қазақстандық бизнес дамудың жаңа серпініне ие болды. Жекешелендіру ісі бастау алды, осыған дейін Қазақстанда болмаған жеке меншік институты алғаш рет пайда болып, жұмыс істей бастады. Азаматтардың жеке бастамашылдығы мен іскерліктері құндылықтарына негізделген қағидатты жаңа еңбек және әлеуметтік қатынастар жүйесінің іргетасы пайда болды. Осылардың бәрі тұрақтылыққа, одан соң біз мақтаныш ететін экономикалық өсімнің жоғары қарқындарына негіз қалады.
Төртіншіден, дәл сол 1995 жылы саяси жүйе қағидатты түрде жаңарды. Конституцияның қабылдануымен қоғамда партияның, азаматтық сектордың жаңа ҮЕҰ-лармен, тәуелсіз БАҚ-тармен дамуы үшін қолайлы жағдайлар пайда болды. Осынау есте қаларлық жылда Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келді. Референдумда Конституция жобасына қолдау көрсетудегі, барлық этностарды патриоттық негізде топтастырудағы ең алғашқы тарихи рөл де Ассамблеяға тиесілі. Қазір біз оның да 20 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтудеміз. Біздің Конституциямызда бүкіл қазақстандықтар қолдауына ие ортақ құндылықтар айқын баяндалған. Ол азаматтарға жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне және басқа да белгілеріне қарай қысым жасауға қатаң тыйым салу. Осы негізде бүкіл халықтың арасында бейбітшілік, келісім мен бақуаттылық қамтамасыз етілуде.
Ең бастысы, біз қазақтың тілін, тарихы мен мәдениетін өркендетіп, өрісін кеңейттік. Қазақ мәдениеті мен тарихы еліміздегі барша ұлыстардың рухани ұйытқысына айналды. Күллі ел болып атап өткелі отырған Қазақ хандығының 550 жылдығы осының айқын көрінісі. Тіл, тарих және мәдениет үштағанының бірлігі – біздің мызғымас рухани тірегіміздің, Ел бірлігінің негізі.
Біздің газеттеріміз бен журналдарымыз 11 тілде шығады, ал театрларда ағылшын, әзербайжан, неміс, корей, украин, ұйғыр, өзбек, дұнған, татар тілдерін қоса алғанда алты тілде өнер көрсетіледі. Екі жүзден астам этностық мектептер, 195 жексенбілік тілдік орталықтар табысты жұмыс істеуде. Тілдерді, мәдениетті қайта өркендету, патриотизмге тәрбиелеу, ұлтаралық келісімді нығайту бойынша үлкен де көпқырлы жұмыс жүргізілуде. Олардың бәрі толықтай мемлекеттен қаржыландырылады. Мұндай тәжірибе әлемде еш жерде жоқ. Бұл бүкіл ел бойынша – әр қалада, ауылда дәстүрге айналған мемлекеттің игі ісі және ол әлемнің өзге мемлекеттерінде оқып-үйрену тақырыбына айналып отыр.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Небәрі жиырма жылдың ішінде біз, Конституция ережелерін басшылыққа ала отырып, ұлы жолды жүріп өттік. Қазақстан бүгінде әлемдегі қалыптасқан, құрметті және абыройлы мемлекет. Бұл – біздің Негізгі Заңымыздың барлық ережелері мен қағидаттарының өмірде нақты жүзеге асуы. Тек жақсылыққа қарай өзгертуге қабілетті мемлекеттік және қоғамдық құрылыс қана тиімді болып табылады. Біздің Негізгі Заңымызда табысты даму үшін де, Ұлттың өзді-өзінен жаңаруы үшін де барлық құқықтық құралдар бар. Біз алдымызға жаһандық мақсат – ғасырдың ортасына қарай, 2050 жылға дейінгі кезеңге әзірленген стратегиялық бағдарлама негізінде Қазақстанды әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің біріне айналдыру мақсатын қойдық.
Барлық көшбасшы елдерде табыстың екі басты құрамдасы бар екенін тарих көрсетіп отыр. Біріншісі – серпінді экономика және жаңғыру. Екіншісі – тұрақты конституциялық жүйе және орнықты мемлекет. Осынау екі фактор ХХІ ғасырда Қазақстанға да толық дәрежеде қажет. Олар біздің «Ұлт Жоспары – баршаға ортақ қазіргі заманғы мемлекетке қарай жүз қадамымыздың» барлық ой-мақсаттарын және іс жүзіндегі міндеттерін жанды жіп түрінде бойлай өтеді. Терең жаңғыртудың кең ауқымды мәні биылғы жылы өткен президенттік сайлау барысында бүкілхалықтық қолдауға ие болды.
Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның аясында Ұлт жоспарын орындау бойынша нақты іс-қимылдар әзірленді. Оларды халықаралық сарапшылар қарап, қолдау білдірді. Парламент пен Үкімет, барлық мемлекеттік органдар үшін орасан зор жұмыстар алда тұр. Бүтіндей алғанда, біздің іс-қимылдарымыздың мәні Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан да кеңірек ашуға келіп тіреледі.
Біріншіден, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі халық туралы. Ұлт Жоспарының кәсіби мемлекеттік аппарат пен есеп беретін мемлекет құру жөніндегі шаралары да осыған бағытталған. «Ашық Үкімет», жемқорлыққа қарсы батыл күрес, мемлекеттік органдар мен қызметшілердің жұмыстарын нақты нәтижелер бойынша бағалау, сондай-ақ, өзге де шаралар – осылардың бәрі ел мүддесі үшін.
Екіншіден, азаматтық тең құқылық туралы конституциялық постулаттар Бес реформаның заң үстемдігін қамтамасыз ету сияқты бағытында біртіндеп ашылып отыратын болады. Бұл жұмыстың маңызды қыры тәуелсіз сот жүйесін нығайтуға және құқық қорғау органдарын реформалауға байланысты.
Үшіншіден, индустрияландыру және экономикалық өсу бағыттары аясында бүкіл халық игілігі үшін экономикалық дамудың конституциялық қағидаты толыға түседі. Біздің басты міндеттеріміз – бизнес үшін кедергілерді жою, рұқсат беру ресімдерін қысқарту және салық режімін қарапайымдандыру, инновациялық кластерлерді дамыту және энергия үнемдеу.
Төртіншіден, әлеуметтік мемлекеттің конституциялық қағидаты білім беру, денсаулық сақтау, азаматтардың әлеуметтік жұмыспен қамтылуы салаларын жаңғырту жөніндегі шаралармен біртіндеп кеңейе түсетін болады.
Бесіншіден, біздің Конституциямызда «қазақстандық патриотизм» ұғымы бекітілген. Оның мағынасы біздің азаматтық Ұлтымызға адал қызмет етуге, азаматтың міндеттерін сөзсіз орындауына келіп тіреледі. Шынайы патриотизм Конституцияға адалдықтан, мойындау мен қатаң орындаудан басталады. Қандай этносқа немесе дінге қатысы болмасын дәл осылар барлық қазақстандықтарды біртұтас халық етеді.
ХХІ ғасырда біздің ұлы арманымыздың – Мәңгілік Елдің сенімді іргетасы бар. Бүкіл 17 миллионнан астам азаматы бар мемлекет бізге сондай тірек болып табылады. Ол бүгіннің және болашақтың мемлекеті! Мен барлық конференцияға қатысушыларға шын жүректен табысты және жемісті жұмыс тілеймін!
Қымбатты қазақстандықтар!
Біз барын бағалап, қымбатын қадірлей білген елміз. Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Сан буын ұрпақ алмасса да ескірмейтін, жыл өткен сайын жаңғыра беретін құндылықтар жинағы. Мемлекеттігіміздің алтын қазығын қастерлеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Конституцияның әрбір сөзін мүлтіксіз орындап, бұлжытпай сақтасақ алар асуымыз әрдайым асқақ болады. Сол арқылы Мәңгілік Елдің тұғырын нығайтып, шаңырағын биіктете түсеміз. Ата Заңымыздың мерейлі белесі құтты болсын! Елдігіміздің тұмары болып асқақтай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Алар асуларымыз әрқашан биік болсын!